Әбілда Аймақтың өлеңі

Oinet.kz 11-12-2015 1794

image.png

Әбілда Аймақ

Жібіне жырдың қыл мойынымнан қылғындым

***

 Дәл қазір аса қиын шақта жүрмін,

 Я, құдай, ақ тілеуін ақта жырдың.

 Менің бір титтей сөзім сенде болса,

 Кейінгі ұрпақ үшін сақта, құрбым!


 Жан емен бәз біреуді қайталаған,

 Толқыған өрт сезімді шайқап ағам.

 Жоқ екен мені ешкім керек етер,

 Кіреді көңіліме шайтан арам.


 Оралмас көктемдерім қайта маған,

 Өлеңді кейінгі де айтар адам.

 Тірлікте жалғыз қалып, дір-дір етіп,

 Шашыма ақ кіргенде ой талаған.


 Дәл қазір алай-дүлей кезімдемін,

 Ойлап-ақ өлеңімді көз ілмедім.

 Кімге дәрі осы күн дәуіт, қалам,

 Кімге керек өлмейтін сезімдерің!?


 Дәл қазір аса қиын кезде тұрмын,

 Өлеңнің жоғалмауын көзде, құрбым!

 Мен деген әр адамның көңіліне

 Көшіп-қонып жүретін кезбе гүлмін.

 

 ***

 Табыстым құран оқып ұлы күнмен,

 Өзімнің болмысыммен, тұнығыммен.

 Мұхаммед – пайғамбарым, Құраным -- шын,

 Құдайдың, әлхамдулла, құлымын мен!


 Құранды қасиетті жоғары ілдім,

 Ғұмырда көргеніме тоба қылдым.

 Түгелдеп құбыламды есім барда,

 Тағы да тәкпір айтып, жоба құрдым.


 Дұғасын кейінгілер маған да арнар,

 Ей, шайтан, тозаққа көш санамды арбар.

 Бекерге қалам ұстап жүргенім жоқ

 Ортадан орын беріп Қаләндарлар.


 Ақыры тобаға кеп, бас білдім-ау,

 Аузымда -- салауатым, тәспім мынау.

 Пірлерім жеті кәміл сәлде ораған,

 Қолымды өздеріңе тапсырдым-ау.


 Болар ма кешірімді алжығаным,

 Бір Алла бұйырта ма бал жұмағын.

 Майданда екі ұдай сезімменен

 Ертеңгі жайымды ойлап зар жыладым.


 Ей, Алла, қоғамдағы дүбірменен,

 Бүлінсем, пенделікпен бүлінген ем.

 Түмен бап әлдилеген бесігінде

 Түнімен күбірлеген құлың мен ем.


 Түкірдім иманы жоқ қызығыңа,

 Тойындым жын-перінің ызыңына.

 Мол еді шапағатың пенделерге 

 Барайын мұсылман боп құзырыңа.


 Табыстым құран оқып, ұлы күнмен,

 Өзімнің болмысыммен тұнығыммен.

 Мұхаммед – пайғамбарым, Құраным -- шын,

 Құдайдың, әлхамдулла, құлымын мен. 


 ***

 Шатыр да шатыр басымда мынау,

 Найзағай отын жасырмадым-ау.

 Шарапқа толы кесе төңкеріп,

 Өрекпіп ойдан басылмадым-ау.

 Сезімді сақтар асылдарым-ау,

 Соғыстым барып жасынға мынау.

 Сала алмай жасық масылға бұрау.

 Ардың да күрдің тасырладым-ау.

 Өлеңді өртеп, ұшырып күлін,

 Сонда да оған ашынбадым-ау.


 Болмысым түгел көніп те тұрды,

 Албасты бірақ төніп те күлді.

 Қояды дейсің ашынған сезім,

 Еркіне кімді, ерікке кімді?

 Қасымда бәрі еріп те жүрді,

 Сиқымды семген көріп те білді.

 Көктемім көшіп, жоғалды жалған,

 Байлап та кеткен өрікке гүлді.

 Үн-түнсіз жатқан үдеріп үрей,

 Кемігімді тағы келіп кемірді.


 Бәрін де көрдім кірпігімді ілмей,

 Ұлыды боран жыртығымды үрлей.

 Үілдеп тұрды кеудемде дал-дұл,

 Боранмен, әсте, күркірім бірдей 

 Қалықтап ұшып, алыстап кеттім,

 Мен үшін, бәлкім, түлкі күн кеней.

 Бірақ та мынау құбыжық жердің,

 Тұрар деймісің жұрты күндемей...


 ***

 Ештеңені ешкімнен жасырмап едім,

 Сойқанын салған немене басымда менің?

 Қап-қара бұлт құшақтап көтеріп кетіп,

 Қанатын жайып қоныпты жасынға өлеңім.


 Жасының тулап от шашты сілкініп қалып,

 Азар да азар басылдым жұлқынып барып,

 Өлеңнің ауыр салмағын көтере алмай, 

 Тұншығып жатты көк аспан қылқынып, талып.


 Мен жүрмін шалқып өлеңнің мамығын жастап,

 Жер бетіндегі пенденің тамұғын тастап.

 Періштелермен дос болып әуезі әсем,

 Жоғалмайтұғын рухын таныдым асқақ.


 Оқыдым жырды есінен тандырып бәрін,

 Періштелердің де бір сәтке жандырып жанын.

 Алты қат аспан құшағын айқара ашып,

 Бойыма құйдым сол жерде мәңгілік қанын.


 Қаламымды бал сия – асылға малып,

 Ақ шапанды шал тұрды қасымда ағарып.

 Ынтасын қойып Құдайдың бұйрық-әміріне,

 Бара жатты өлеңім жасында жанып.



***

 Шың басынан сырғыған көшкін мен едім,

 Өстім дедемім, немесе өштім демедім.

 Басып та жаншып жүргенмен әлде біреулер,

 Телмірмеді әйтеуір ешкімге өлеңім.


 Ләуку-Махфузда не барын пенде білмеген,

 Сондықтан да емделдім мен де жырменен.

 Тәспінің тасы тобаға тоқтатып қойды,

 Ақын ба ақын жыр жазып елде жүрмеген. 


 Тылсымы – күйі бәйіттің данаға мәлім,

 Салауат айтып шендіні жағаламадым.

 Әшкере оқып көрмедім дұғамды тағы,

 Айналды теріс шын сеніп «Ағалағаным»


 Елеусіз елге сіңдім де, қаландым, мәлім,

 Илеуде қалған сүйектей таландым, жаным.

 Кітапқа қарап атымды қойыпты әкем,

 Өмірдің жарық етер деп қараңғы жағын.


 Жұбатқанымен тірліктің балқаймақ әні,

 Заһары кетпес өткеннің таңдайдан әлі 

 Өздерін өзі әр пенде Пайғамбар санап

 Біздің елде адамдар қалмай барады.


 Шың басынан сырғитын көшкін мен едім,

 Сырдың суын шайқап бір кештім демедім.

 Қабылдар деймін оқырман мына бізді де,

 Айтқаннан соң өлеңім естің дегенін.


***

 Бойыма сыймай барады тасқыным-күшім,

 Қайтардым талай жерлерде бақсының мысын.

 Мендегі қайрат мерт қылар, болмаса өзі

 Бір жерден жарып шығады, тақсырым, түсін.

 Үйге де сыймай , түзде де аласұрамын,

 Бір нәрсе істеп кетсем де жақсылық үшін.


 Білмеймін қалай жанымның самалдайтынын,

 Тірліктен өтер бұл пенде ала алмай тыным.

 Кетсем бе екен ілесіп диуаналарға

 Өмірде түгі жоқ тағы алаңдайтұғын.

 ...Жүрегім аунап кеудемді тепкілеп жатыр,

 Жыртығына көңілдің бола алмай тығын.


 Түсінем маған бір нәрсе керек екенін,

 Момының едім ұсынған төреге төрін.

 Майда-шүйде бірдеңе болып барады

 Ертелі-кеш шимайлап өлең етерім.

 Қосылсам күнә болады-ау ішкіштерге бір.

 Дәл менің сонда, Құдай-ау, немене теңім?!


 Барсам ба екен қатынға қойыны жұмақ,

 Қалар да бәлкім оларға ойыным ұнап.

 Шарапқа толы кесені малданып алып

 Шағынсын бір сәт шырқырап ой – ұлым жылап.

 Тойынып көңіл, тағдырым, тұрар ма екен

 Түсті деп сонау алысқа сойылың құлап.


 Бойыма сыймай барады тасқыным-күшім,

 Көре алмай мына өмірден жақсының түсін.

 Қиратып быт-шыт санамды торлаған ойды,

 Сөйлейін енді, медет бер, ақ шыным үшін. 

 Әйел мен шарап тозаққа бастайтын еді

 Болсыншы менің пендеге жақсы ырым – ісім!

 ***

 Өз-өзіммен оңаша

 Құрып кетсем деп едім.

 Көкжиекке Күндейін

 Сіңіп кетсем деп едім.

 Жер астына сопыдай

 Кіріп кетсем деп едім

 Айтатынды айтып бір

 Тынып кетсем деп едім.

 Көпірменің езуін,

 Жырып кетсем деп едім.

 Зинақордың бір жерін

 Тіліп кетсем деп едім.

 Пенделіктің құйрығын 

 Түріп кетсем деп едім.

 Тірілерге сөйтіп бір

 Күліп кетсем деп едім. 


 ***

 Басым да мың-дың, айналам мың-дың, мың-дыңмын,

 Бір кіріп есі, бір шығып жүрген жындыңмын.

 Есебін таппай тіршілік деген құрғырдың,

 Жібіне жырдың қыл мойынымнан қылғындым.


 Басым да быт-шыт, айналам быт-шыт, быт-шытпын,

 Шыға да жаздап шықырлап тұрған шықшытпын.

 Жылжыттым қалам ақ қағаз бетін қарайтып,

 Басына малып көзімнен шыққан сүт-шықтың.


 Кеудемнен менің шарығы кемдеу бас қашып,

 Лақтым-ай сосын көкжиек көкпен астасып.

 Қармайтын титтей бұта да таппай жүйкелеп,

 Жүректің орнын кетіпті сұп-сұр тас басып...


 Орнында мидың кемеден ауыр қорғасын,

 Кездесіп жиі мең-зең де мендей сорға сын.

 Күн менен Айдың астында жүрмін әйтеуір,

 Пенделерменен,

 Өзім де пенде болғасын.


 ***

 Бұл фәнидің түңіліп көжесінен,

 Шарап іштім әкеліп көзесімен.

 Өлең да мас, мен де мас, би биледік,

 Жарық дүние айрылып өз өсінен.


 Сырдың суы келмеді сирағымнан,

 Басыртқы жеп жырымның құймағынан.

 Естен шықты бәрі де, бәрі, бәрі,

 Өлтіруге ақынды қимады лаң.


 Лапылдадым іштегі шерді төгіп,

 Ата-баба әруағы келді көріп.

 Жүрегімді үстелге қойып тұрып,

 Жан-жағынан аямай пергіледік.


 Ой салды ма жасаған лаңы көп,

 Бізге қояр жүректің сұрағы жоқ.

 Жуып-шайып сол күні бар күнәсін,

 Қаны ағып, солқылдап жылады кеп...


 Мен фәнидің түңіліп көжесінен,

 Алып келдім шарапты көзесімен.

 Ет жүрек те мас болды бір кездері

 Тайып кеткен жаңылып өз есінен.


 ***

 Тәтті қиялға жанды жүздіріп,

 Шарапты іштім қанды қыздырып.

 Өлең де жаздым, әнге де салдым,

 Жүрегімді мәңгі қыз қылып.


 Түп-түгелденіп құбыла деген,

 Шарапты іштім құмыраменен.

 Аймалап жатты ақырын келіп,

 Бет-жүзімді шұғыла дөнен.


 Бұдан бір асқан жылу бар ма, аға, 

 Сел болды сезім тығулы арнада.

 Бұрала билеп жөнімен бөлек,

 Қасымда болған сұлулар ғана.


 Пейіште болар мүсінді тірі,

 Келтірді Алла, түсінді түбі.

 Қыз-қыз қайнаған қызыл шарапты,

 Пияламенен ұсынды бірі.


 Бұрын да мұндай төгілмедім-ау,

 Мың батпан жүктен жеңілдедім-ау.

 Сұлулар менен шарапқа мас боп,

 Сыймай да жаттым өмірге мынау.


***

 Сағынып сені өлетін болдым,

 Түсімде жиі көретін болдым.

 Кездессең маған кетесің тайқып

 Сонда да саған сенетін болдым.


 Көрмесем сені шыдай алмадым,

 Ешкімнен тағы сұрай алмадым.

 Сағынып сені сарғайып санам,

 Бір ауыз сөз де құрай алмадым.


 Түнімен кірпік қақпайтын болдым,

 Ешкімге тағы жақпайтын болдым.

 Айтамын деген сөзімді сүрлеп,

 Өзіңе ғана сақтайтын болдым.


 Сен болсаң көзге ілмейтін болдың,

 Мен жүрген жермен жүрмейтін болдың.

 Өзгеге есің ауыпты, қалқам,

 Еріксіз соны күндейтін болдым.


 Түсімде жиі көретін болдым,

 Сағынып сені өлетін болдым...


 ***

 Сөзіме онша сене бермейсің,

 Өлемін десем, өле бер дейсің.

 Алдыңда сенің пенде екенімді,

 Елемегенсіп неге көрмейсің!


 Үзілді - кесілді безіндірмейсің,

 Кетемін десем, өзін біл дейсің.

 Күндіз де түні басқаны ойлап,

 Беріліп мұңға көзіңді ілмейсің.


 Жүрекке күйік тама береді,

 Ішімде бір от жана береді.

 Жазған өлеңім жалыны өшіп,

 Өзімде ғана қала береді.


 Мазақтап сосын күледі елесің,

 Қиналар тағы жүдеген есім.

 Сезбеген болып ештеңені де,

 Бұрылып кенет жүре бересің.


 Төмендеп жүзім бала қатары,

 Жаныма менің нала батады.

 Көшеде жігіт менмендікпенен,

 Қолтықтап сені бара жатады...

 О, Жалған – ай!!!


***

 Оқымаймын өлеңіңді дедің сен,

 Көкірегімді қаптап кетті менің сең.

 Алпыс екі тамырым да тоқтады,

 Жарға құлап кетермін бе шегінсем.


 Шеңгеліне түстім қайғы – түрменің,

 Ия қалуды, ия кетуді білмедім.

 Мең-зең болдым, айырылдым есімнен – 

 Өтірік – ау, жерде тірі жүргенім.


 Кеудемдегі соңғы торғай тұншықты,

 Бар өмірім кесірленді, қырсықты.

 Өлеңдерім өзім еді, күл болды,

 Бұзып алдым дап-дала қып тұмсықты.


 Таусылғаны осы ма өмір – білтенің,

 Сөніп бара жатты көкте үркерім.

 Шөгіп қалдым қан қақсатқан қайғыдан,

 Ал сен болсаң, қолды бір – ақ сілтедің.


 ***

 Су құйдым отқа арша да жанса,

 Өлеңді жырттым парша да парша.

 Өзімді көміп райдан қайттым,

 Көңілім одан қалса да қанша.


 Жүректі жырттым шаштым да қанын,

 Үміттің дарға астым да бәрін.

 Айналам түнек – қап-қара болды,

 Құрыды көзден жас құрғап әлім.


 Дүние-жерді өртеп те барам,

 Айналды бір сәт ертекке ғалам.

 Маңымды жайлап су қараңғылық,

 Ешкім де бірақ селт етпеді оған.


 Су құйдым отқа арша да жанса,

 Өлеңді жырттым парша да парша.

 Өзімді көміп райдан қайттым,

 Көңілім одан қалса да қанша.

Шерхан Мұртаза. Саттар Ерубаев туралы естелігінен
Қария қандай болу керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу