Саттар Ерубаев туралы
20-10-2020
Саттар Ерубаев. Осы бір қыршынның тағдырын ойлағанда кей-кейде менің тамағыма өксік тығылады. "Жас Алашта" ("Лениншіл жас") қызмет атқарып жүрген кезінде әріптестерімен бірге түскен Саттар суретінің түпнұсқасы менің архивімде сақтаулы. Анда-санда қарап отырамын. Жап-жас. Жүзі жарқын. Өмірі өлмейтін адамның дидары. Бірақ ол енді екі-үш жылдан кейін өмірден өте шығатынын білмейді. А, бәлкім, білмесе де сезген шығар. Кеудесіне сыймаған талантын тез-тез жазып қалуға талпынған сыңайлы. Қарағандыға жедел аттанып, күндіз-түні кеншілердің арасында жүріп, шахтаға түсіп, кемірдің тозаңын жұтып, жұлқына жұмыс істеп, роман жазды.
Оның "Менің құрдастарым" романын мен жас күнімде жастанып жатып көп оқыдым. Мен ойлаймын, отыз жетінің құрығына Саттар да ілінер ме еді, оны мезгілінен ерте келген ажал құтқарып қалды. "Лениншіл жастың" отызыншы жылдардағы тігіндісі сақталса, әр нөмірінен дерлік Саттар Ерубаевтың қайнар публицистикасы табылады.
Әлі есімде, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков бізге қыршын кеткен Саттар Ерубаевтың моласын іздеп табуға тапсырма берді. Қарт комсомолдардың айтуынша, Саттар казіргі Райымбек көшесінің (Алматы) бойындағы зиратта жерленген екен. Бірінші хатшының тапсырма беру себебі: осы зират таяуда тегістеліп, орнына автостанса салынбақ екен. Саттардың моласы табылса, сүйегін алып, басқа зиратқа жерлеп, басына белгі қою. Бірақ моласы табылмады. Белгі жоқ. Көзі тірі қарт комсомолдар да көмектесе алмады. Сөйтіп, Саттар автостанса астында қалды.
Құдайсыз ЦК-ның бірінші хатшысы Ө.Жәнібеков құдайға сенген, аруақты кұрметтеген азамат еді. Сонысымен де ол үлкен ЦК-ға жақпады. Иманды адамның ақыры жаман болмас. Сол Жәнібековтің басына Арыстанбабта өзіндей таза, өзіндей көркем күмбез орнатылды.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды