Есенқұл Жақыпбеков: «Жұматайдан асқан ақынды көрмеппін»
Өзімді өзім жұбатып, көңілімді аулаймын. Бірақ, өмір оған көне бермейді. Дегенмен, көңілді ортаны іздеп, ағаларды аңсап жиі елегізитінім бар. Жұматай ағам (Жақыпбаев) көңілдің кейбір құлазыған сәттерінде не істейді екен деп көп зерттедім. Сөйтсем, ол кісінің істейтін ешқандай жұмысы болмапты. Таңертең тұрады екен де, шайын ішіп алып, жақсы ән шырқайтын, әсерлі әңгіме шертетін адамдарды іздеп жүре-е-е береді екен. Басқа түк ісі жоқ. Мен ол кісіге таң қаламын. Қалай сөйтуге болады? Адам болған соң кішкене тіршілікпен айналысу керек қой. Жоқ, ондай ой жоқ ол кісіде. Дүние күйіп кетсе де оның төрт құбыласы түгел, тек сырласатын адам болса болды. Басқа ештеңемен шаруасы жоқ. Дүниеден баз кешкен адам секілді. Осы өмірде талай ақынды көрдім, бірақ дәл Жұматайдан асқан ақынды көрмеппін. Бар жоғы 45 жас жасаған Жұматайдан өз басым көп нәрсе үйрендім. Бірақ Жұматайша өмір сүру, Жұматайша баз кешу біздің қолдан келген жоқ. Тарихты да, әдебиетті де жаңғақша шағатын. Орыс тілінде де төгіліп өлең жазатын талантын Олжас Сүлейменовтің өзі мойындаған. Өзі күйші, өзі домбырашы, өзі композитор. Қыз-келіншектерді бір көргеннен ғашық ететін көрікті жігіт еді ғой. Сол көркіне сай салмақтылық та бар еді бойында. Кейде мұңайып алдына барсаң, бәрін қалжыңға айналдырып, мұң-қайғыңды ұмыттырып жіберетін. Рахаттанып қалатынсың. Ешкімді алдамайтын. Ешқашан мұңаймайтын. Сөйтсек, бәрі ішінде жатыр екен ғой. Мен өмірімде мұңайған сәтін бір-ақ рет көрдім. Жылап та жібердім. "Жалын" журналында істеп жүрген кезім еді. Бір кездескенімде жүзі салыңқы: "Інім-ау, мен ауырып жүрмін ғой", — деді әдеттен өзгеше. "Өй, Жұм-аға, ештеңе етпейді, жазылып кетесіз", — деп көңілін аулауға тырысып едім, кілт тоқтатып: "Әй, терең ойласайшы, терең ойласайшы... Мені де Мұқағали қылды ғой бұлар", — деді күрсініп.
Содан кейін жұмысты тастап Жұмекеңмен сыраханаға тарттым. Өзі де ыңғайсызданып қалды, білем: "Сыр беріп қойдым-ай, інішек, ешкімге айтпай-ақ қой", — деді қысыла. Содан көп ұзаған жоқ.
13 ақпан, 2004 жыл.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік парақшасынан алынды