Көліктен түспей қойған елес қыз (болған оқиға)

Oinet.kz 02-11-2023 1373

Мен жүк көлігінен ең бірінші «ГАЗ-51» маркалы машина айдадым. Одан соң «Стар» деген польшаның 3 мосталы ауыр фургонын, кейін «Зил-157» деген батпайтын бортты машинаға көштім. Халық соңғы машинаны «захар, мармон, неміс, крокодил» деп те атай беретін. Жұрттың бәрі:

prizrak-600x400.jpg

- Таке, әп-әсем жап-жас жігітсің, не болды саған кілең немецкий машина айдап, джиппен жүрмейсің бе одан да» - деп, әбден қытығыма тиіп болды.

Содан жеңіл машина алайыншы деп, көрпеме қарай көсіліп (ақшама қарап) көрсетілген мекен-жай бойынша бір үйге келдім. Келсем осырақ қоңыз секілді 58-ші жылғы «москвич» тұр. Қулар мені мазақ қылып әдейі жіберген екен. Бірақ көлік шыттай. Қап-қара, жып-жылтыр қып безендірген жылтырақ ободоктарымен, ішіндегі ламповый зілдей радиоларымен, түп-түгел сол күйінде тұр екен. Сталин кезіндегі сом темірден өрілген мықты көлік, несі бар аламын. Иә, аларсың! Мұны әйелім естігенде ызадан жылап жібере жаздады.

- Көке-ау, не болды саған, енді мынаны айдап бара жатырғаныңды халық көрсе сені точно Қожанасыр, шаригі кем қуатын біреу - деп, мазақ қылады ғой. Алмашы өтінемін, халықпен бірдей жигули сияқты бірнәрсе алшы - оданда.

Нәстіряениям түсіп кетті. Бір жерден көріп келіп «девит-уаз» ала қояйын деп едім, бетін шымшып қатын тағы да жылап қоя берді. Енді қайттім? «Запорожец алайын ба онда?» - деп айтуға дәтім шыдамады, әйелім инфарк болып реонимациядан бір шығар деп. Құрысыншы бәрі, зилді сатып жіберемін онда, бәрін сатам машинаның. Ақша жинап біржола самолет аламын. Сосын әйелімді салып алып жұрттың төбесінен ұшам, қатын шымшып көрсін сосын бетін. Бірақ менің самолетпен ұшып бара жатқанымды көрген халық мені ақылды, маладес деп айтар дейсің бе? Керісінше : «Бұны кімнен алды, оған ақшаны қайдан тапты, заңсыз болар, өзі оқыған ба, правила біле ме екен, оған запчасть қайда, керосин қайда, гараж қайда, бұзылса кім оңдайды, онымен не бітіреді, ауыл арасына кіре алмайды, шөп таси алмайды, такси бола алмайды, осы Такеңнің есі дұрыс емес болар, оданда бортты көліктерімен нанын тауып, малын бағып жүре бермей ме екен?» - деп, діңкеңді және құртып жібереді ғой. Сонымен олай ойлап, былай ойлап бір буаз үлкен түйеме ақ «волга» автокөлігін айырбастап алдым. Волга мінгесін зил жүруден қалды. Зилдің түріне қарасам: «Түйе бағып отырғаның менің арқам болар» - деп, тұрған сияқты болады да тұрады маған. Зилден ұялыңқырайтын болдым. Ең соңында көзіме көрінбесін деп шыныменде сатып жіберуге бел будым. Айтпақшы, осы зилді аларда әйеліме: «Мен жүк көлігін сатып алып келемін, қақпаны ашып орнын дайындап қой» - деп, сәрсенбі күні үйден таңатпай шығып кеткенмін. Содан көлікті үйге айдап келдім. Қақпа әлі ашылмапты. Өзім түсіп ашып жатсам арғы жағынан әйелім де келе жатыр екен. Қолында бір табақ шашуға шашатын бауырсағы мен иығында көлік үстіне ырымдап жабатын киіктің суреті бар кілемшесі бар екен. Сосын «минутамолчания». Ол байіұс ана зилдің «рожасын» көргенде шашу емес, зилдің лабавой әйнегіне шебін тас лақтырып шағып жіберуге чуть қалды. Сабыр, сабыр деп жан-жарымды зорға тоқтатқанмын. Сөйтсем ол бейшара жүк көлігі дегенге сәбіз түстес су жаңа «Камаз» автокөлігін елестетіп жүр екен ғой. Әйеліме: «Рахат қой, 25 мың теңгеге су жаңа камаз алсаң» - деп қоям. Қайран менің сәби мінез әйелім! Сонымен қаңтардың қақ ортасында зилді сатып алуға үйге адамдар келді. Жарықтық түрткеннен қызды. Күн қысқа. Жігіттер маған үстіне қосымша әжәптәуір ақша қосамыз, енді бізге бұл кракаделіңді ауылға дейін айдап жеткізіп бер деп қолқа салды. Ауылдары Ресеймен шекаралас Балқұдық, Сүйіндік деген елді мекендер. Қысқасы мен тұратын ауылдан 800 шақырымдай жер. Ол кезде Құлсарыдан Атырауға, Атыраудан Ганюшкинге асфалть жол жоқ. Әрі қарай әлі күнге шейін жолсыз. Мен бірауыздан келісіп кештетіп жолға шығып кеттік. Сонымен түн жүріп, күн жүріп келесі түні Ганюшкинге жеттік. Енді грейдер жолдан шығып Балқұдық-Сүйіндікке дейін және 300 шақырымдай шоқалақ қара жолмен жол жүру керек. Крокодил көлікте мін жоқ. Соған әбден көздері жеткен жігіттер менен құтылмаққа есеп жасады.

- Біздің ауылға кетсең өз ауылыңа жаз шықпай жете алмайсың, жол жаман, оның үстіне техника жоқ, оданда осы жерден түсіп қалып кері қарай Атырауға попуткы машина күткенің тәуірірек болады» - деп, маған ақылдарын айтты.

Мен олармен хош айтыстым. Айнала ақ қар, күн суық, жетітүнде жәутеңдеп қолымды көтеріп Атырау бағытына жүретін грейдер жолда көлік күтіп тұрмын. Көлік кезікпесе біттім. Ганюшкин көрініп тұрғанымен 7-8 шақырымдай жерде, оның үстіне ол ауылдан бір адамды да танымаймын. Атын естігеніммен 8 шақырым жердегі жарығын бірінші көріп тұрмын. Бұл жігіт не айтып кетті демеңдер, қорқынышты әңгіме осы жерден басталды.

* * *

Құдай қалап 15-20 минуттен кейін жанармай тасымалдайтын «Газ-53» автокөлігі келіп тоқтады. Жүргізуші өзім қарайлас Махамбет елді мекенінің жас жігіті екен. Жол ұзақ, ұйықтап кетуім мүмкін деп қиналыңқырап келе жатырған ол мені көріп қуанып кетті. Бірақ ол Атырауға 10 шақырымдай жетпей бір гаражға барады екен. «Әй, Атыраудың жарығы көрініп тұрса болды, әрі қарай бірдеңе қылып жаяу жетермін» - деп, мен бірден келісе кеттім. Қуықтай кабиненің аяқ асты толған сөмке екен. Орындығына малдасымды құрып жайғастым.

- Ал замандас, әңгіме айт, жол қысқарсын» - деді шөпір. Мен де бір қазақ энциклопедиясының авторы, әңгіме толы сандықтың 1000 жылда бір сирек кездесетін иесі құсап:

- Шежіре, шариғат, саясат, анектод, жыр-өлең, құр әңгіме, қорқынышты әңгіме, қайсысын айтайын, қала» - деппін ғой. Құдайға шүкір, (сақихы-дағифы бар) папкі-папкіге «сохранить» етіп қойған материялдарым баршылық еді. Шариғат айтуға бұл шөпір биылдыққа оның үстіне дәл қазір дінді түсіне қоятын адамдардың сортынан емес сияқты. Сықсаң денесінен соляркі шығатындай жылтыр қара. Өкпесінде жеті атасының өші бардай ышқынып кеп сорған темекі түтінін будақ-будақ еткізіп көмірмен жүретін паравоздай қос танаудан шығарғанын көргенде бейшараның (Алланың аманат қылып берген) денсаулығына жаным ашып кетті. Өзім қақала бастадым. Содан, естіген бір әңгімемді бастап кеттім. Әңгіменің желісі Қойшығұлдың ұлы Қойбағар жайлы болатын.

* * *

Малдан көз ашпаған Қойбағарды әскерге шақыртқан. Қатарларының алды кетіп жатыр. Бүгін көрші ауылда және бір құрдасының жолаяғы. Кешке қойын қоралап болған соң «планета-4» мотоциклін мініп алған Қойбағар жалғыз өзі жолға шығып кетті. Аспан қара бұлт, ызғырық жел, күздің қара суығы. Желдің ызыңы ма, әлде біреу құлақ түбінен сыбырлағандай болды ма, Қойбағардың денесін қорқыныш үрей билей бастады. Шоқалақ қара жолмен 30 шақырымдай жол түн ішінде жеткізе қоймас. Оның үстіне, жолда екі жағы үлкен қалың сор, ортасын жалғызаяқ жол қиып өтетін біраяқты өткел бар. Жаңбыр жауса тайып жаяу адамың да өте алмайды. 1 шақырымға созылатын бұл жолды ауыл адамдары «қылкөпір» дейтін. Қойбағар қылкөпіргеде келіп жетті-ау. Қылкөпірдің орта шеніне жете бергенде кездейсоқ көріністен Қойбағар есінен танып қала жаздады. Тұла-бойы сұп-суық болып кетті. Құйқасы шымырлап тас-төбеден біреу қанжар сұққандай болды. Қылкөпірдің қақ ортасында, қарасуықта, үстінде тұрмысқа шыққанда киетін биттің қабығындай жалғыз көйлегі бар, ай десе аузы, күн десе көзі бар, сүмбіл қара шаштары иығына төгілген әп-әдемі хор қызындай бір қыз бала жымиған кейіпте, «мені өзіңмен бірге ала кет» дегендей қол көтеріп тұр екен. Кері бұрылу еш мүмкін емес. Қолы қалш-қалш еткен Қойбағар қулыққа көшті. Тоқтайын деп келе жатырған адам құсап мотоциклін бәсеңдетіп келіп сұлудың жанынан тоқтамастан зу етіп өте шығады. Артына бір қарайды. Қараса қол бұлғаған сұлу қолын созып мысқыл күлкімен күліп артынан жайменен еріп келе жатырған көрінеді. Күлкісінен аспан күркірегендей. Сол мезет аспаннан найзағай ойнап жаңбыр жауа бастайды. Мотоцикл сорға тайғанақтап жүре алатын емес. Бейне бір түсі секілді, құтылу мүмкін емес. Қойбағар бар білетінін оқып жаны алқымға тығылып келе жатыр. Қылкөпірден шықты. Және бір 2-3 шақырымдай жер жүріп, ендігі қалған болар деген оймен артына қараса, сұлу қыз дәл манағы ара қашықтықта артында келе жатыр екен. Қолын соза түседі. Қолы ұзарып келе жатырған сияқты. Түр-сипаты қарақошқылдана бастаған  сұлу құбыжыққа ұқсап келе жатыр екен. Ертесіне Қойбағарды пішеннен келе жатырған тракторшы Арыстанбай тауып алып көрші ауылға жеткізіпті. Молданың алдында есін жиған Қойбағар осы әңгімені бастан-аяқ баяндап беріпті. Соңғы суретті көргенде Қойбағар есінен айырылып қалған екен. Шашы ағарып кеткен. Молдекең Қойбағарға жын көрінгенін айтып дүйім жұртты одан бетер қорқыта түседі.

* * *

Малдасым құрулы отырған мен қызу бойыммен әңгімемді жалғастыра бастадым. Што-ты байқаймын, машина қатты келе жатыр, жер тайғақ. Басымды анда-санда кабинаға ұрып келем. Сөйтсем, шөпірім қатты қорқып кеткен екен. Дыбысы шықпай қалды. Ол манағы әңгіменің желісіне, яғни ішіне әбден еніп кеткенге ұқсайды. Темекіні үсті-үстіне шегіп келет.

- Әй, бауырым, очнись, атырауға қанша қалды?» - дедім, ойын бөліп.

Бауырымда үн жоқ. Полный газды басып машинаны өкіртіп айдап келе жатыр. Мәссаған, бұған бұл әңгімені қайдан айттымға салдым. Екі көзі аларып кеткен. Өйбәйәй, сырын білмейтін адамға ойланып сөйлеу керек екен ғой. Бұныңда ұстамасы бар ма мен қайдан білем? Біреуді қорқытамын деп шыныменде өзім қорқа бастадым. Көз алдымда шөпірдің шашы ағарып кетсе, оны көрген менің шашым сол бойда лап етіп өртеніп кететін болар. Біраз үнсіздік. Машина басып келет. Менсінбейтін жаман майвоз машинаны дәл бұлай қатты жүреді деп мен еш ойламаппын. Өзімше сақтанып, ұстайтын «ручкасын» екі қолыммен мықтап шегелеп тұрып ұстап алдым. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, жүргізуші мырзаға  бірдеңе елестеп кетпесе игі еді. Неге десең көліктің тетігінің бәрі соның қолында ғой. Сөйтіп келе жатырғанда мәссаған безгелдек, өз көзіме өзім сенбедім, айдалада, жеті түнде, ысқырып тұрған ақпанның ішінде, жол шетінде қою қара шаштары иығына төгілген сұлу қыз машинаға қол көтеріп тұр. Екі көзімді уқалап-уқалап жіберіп дұрыстап тұрып және қарадым. Ап-анық қыз. Енді менің құйқам шымырлап тітіркене бастады. Елес емес, неге десең шөпірге де көрініп тұр. Зәресі кеткен шөпір сасқанынан газ емес тежегішті басты. Машина тайғанақтап сызып барып сұлудан біраз жер асып барып сөніп қалды. Енді от алдырса қызбайды. Сыртқа шығып ручка бұрауға шөпірдің дәті тұрмайды.

- Мынау не зат, елес емес пе? – деді, маған.

- Жоқ, дедім. Мен есікті ашып қарадым, ешнәрсе көрінбейді.

Шөпірге есігіңді ашып қарай қойшы десем, өй, құрсыншы деп ашпайды, керісінше кілттейтін «кнопкасын» басып жатыр. Шөпір шыныменде абыржып кетті. Сөйтіп отырғанда қыз шөпірдің есігін ашып кеп қалды. Шөпір маған қарай құлады да бар дауысымен шыңғырып кеп жіберді. Дауысы жеті қат көкке жетеді. Еркектің шыңғырған дауысын бірінші естуім. Сай-сүйегімді сырқыратып жіберді. Бұрынғының адамдары мәйіт жерлеп жатырғанда өліктің дауысы жеті қат жерді жарып малды үркітеді деп түйелерінің құлақтарына мата тығып қояды дегенін еститін едім. Мынаның дауысы «диназавр» құлататындай. Басы мен жақта:

- Кет әй, кет малғұн» -деп, екі аяғын ербеңдетіп есік жақты тепкілеп жатыр. Тиіп жатыр ма тимей жатыр ма өзі білмейді, еркек қой, әйтеуір «движения» жасап жатыр. Қыз сықылықтап келіп күледі-ей.

Бір мезетте қыз машинаның алдымен өтіп мен жаққа қарай бет алды. Мен калимамды айтып иманым тез күшейе кетті. Машинаның фарына қыз анық түсті. Үстінде жәй ғана қапсыра салған қалыңдау халат. Омырауы ашық. Аязды сезбейтін неғылған жан мынау? Қыз менің есігімді ашты да шапшаң секіріп мініп, мені құшақтай алдыма отыра салды. Шөпір есіктен әрі ыршып түсті, менің атымды ұмытып қалды:

- Ойбай, кім едің, бауырым, аяғын қарашы, аяғына қара дейім - деп, безектеп жатыр.

Көзімнің қиығы аяғына түсіп кетті, кәдімгі дұрыс аяқ екен. Аяғында арзан «дамашный тәпішкісі» бар, шамасы мал ауылдың қызы. Шөпірдің сенгені мен, ол бейшара қайдан білсін, қыздың аяғының орнында ешкінің тұқайы тұрса мен сол бойда «насмерть» бірінші кететінімді. Қыз қызғындау екен, мына шөпірге не болған деп одан сайын тырқ-тырқ күледі. Сөйтіп тұрғанда алдымызға «Ваз-99» автокөлігі келіп тоқтады да 4 есігі айқара ашылып ішінен діңгіттей 4 жігіт түсті. Қаумалап келіп:

- Машинадағы қызды түсіріңдер - деді. Шөпір дәл сол мезетте ғана есін жиды. Елес емес, түс те емес өңі.

- Қыздарыңа ие болмай неғып жүрсіңдер, біз зорлап мінгізіп алдық па, алып кет мына «приведенияларыңды», о нес ей - деп, шөпір бұлқан-талқан болып жатыр.

Мен шек-сілем қатқанша күлдім. Қызды түсіріп алып кетті. Шөпірдің жуық маңда күлетін түрі жоқ. Қорқынышы әлі сейілмеген тәрізді. Жаңағы кейіпкерлер жол бойындағы шайханада мейрамдап отырған жастар екен ғой. Бір-бірімен ренжісіп отырғанын сезген шайхана иесі іс насырға шаппай тұрғанда «методика» бойынша тоқ беретін «движокты» айырып тастаған екен. Жаңағы қыз жігітіне ренжіп жолға шығып кеткен. Бізге тасқараңғы айдала болғанымен біздің жарығымыз оларға ап-айқын көрініп тұр екен ғой. Свет көрінбегесін әрі қорқынышты әңгіме тыңдап келе жатырғасын «Шөпірбек» бұл жерде шайхананың бар екенін ұмытып кетіпті. Ай, бәсе деп қояды. Барлық нәрсе енді түсінікті болды. Шөпірдің тілі 10 шақырымдай жүргеннен кейін ғана шықты. Оған дейін таңдайын қағып арасында басын шайқап қойып безеріп отырды. Сосын жәймен күле бастады.

- Сенің әңгімеңе «совпадениясын» қарасаңшы -деп қояды. Өзінің қатты қорқып кеткеніне қатты ұялыңқырап:

- Кішкене ыңғайсыздық танытып қойған жоқпын ба? - деді.

- Қой, жоқ, оқасы жоқ - деп қоям.

Сүйтіп осы тақырыптан ауытқымаған күйде Атыраудан да бір шығыппыз. Атырауға 10 шақырым жетпей бұрыламын деп келе жатырған бауырым мені үйге дейін жеткізіп салды да хош айтысты. Біразға дейін ұйқым келмей күлумен болдым. «Жүре берсең көре бересің» дегендей, өмірде не кездеспейді десеңші?

Тұрар Шапқара

17 жылдан кейін жер астынан тірі шыққан адам
Бақытсыздыққа душар болған қыз ата-анасын кешірмеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу