Аяғын тәлтіректей басып, қабірлерді аралап кетті
Баянауылға бара жатырмыз. Сағым ойнаған сары далаға қанша қарасаң да, уақыт табандап өтпей қоятын сыңайлы. Менің аздап тынышсызданғанымды сезген болса керек, жүргізуші аға бір нәрсе айтуға оңтайланды.
«Менің осы жолмен ары-бері жүргеніме де отыз жыл болған шығар-ау. Кейде жұмыспен, кейде жолаушы апарып қайтамын. Әйтеуір күйкі тірліктің етегі жиылған ба? Неше түрлі жүргіншілерге кез боласың. Көбінің алғысын аламын. Қалтасында соқыр тиыны жоқтарды да көлігіме отырғызып алған кездерім болды.
«Жақсылық істесең, Құдайдан қайтады» деген сөз бар. Біреуге қол-ұшын берсең, оны екінші адам қайтарып береді екен. Жол ақысын артығымен беріп кететін жолаушылар да бар. Шүкіршілік! Бала-шағамның ырыздығын осы қара жолдан тауып келемін. Бір есімде қалғаны – орыс келіншекті марқұм болған атасының басына апарып қайтқаным болды»,–деді аға сөзін арыдан бастап келіп.
«Апырай, ә!» – дестік. Арт жақта отырған жолаушылар да құлақ түре қалды.
«Өмірде көп істер ұмытылып қалады. Ал бұл тосын жағдай әлі есімнен кетпейді. Ұялы телефонымның нөмірін таксишілердің біреуінен алса керек, тұтқаны көтерсем, арғы жақтан бір жас келіншектің дауысы сыңғырлай естілді.
«Осылай да осылай, мені пәленбай жердегі атамның бейітіне апарасыз да, қайтадан үйіме әкеп тастайсыз. Сол үшін сізге пәленбай ақша беремін»,– деді. Ойланып көрсем, берем деген ақшасы менің екі күн бойы тынбай жүргенде тапқан нәпақамнан да көп екен. Бірден келістім. Тек көлікке өзінен басқа ешкімді отырғызбауымды талап етті.
Сөйтіп, Павлодар қаласындағы тұрағынан барып алып қайттым. Келіншек орыс болғанымен, қазақ тілінде жатық сөйлейді екен. Институтта сабақ беретінін, күйеуі және бір баласы бар екенін де айтты. Бір таңғалғаным: ұлты – орыс, ұстанған діні христиан болса да, құран оқуды білетін болып шықты. Сөйтіп, ананы-мынаны сөз етісе, бейітке бұрылатын жол айрығына да келдік.
«Осымен тура жүре беріңіз, одан кейінгі жолды өзім айтам!» – деді келіншек. Бағанағыдай емес, қабағы қатқылдана бастады. Атасының басына жақындағанда орынсыз сөзге тартуды әбестік санадым ба, үнсіз қалдым. Жол ойдым-ойдым. Біраз жүргеннен кейін келіншек күбірлеп құран оқи бастады. Өзінің көптен бері ұстанған әдеті ме, кім білсін? Тағы үнсіз қалдым. Одан кейін кекіре бастады. Тіпті құсып жіберердей болды. Қызуқанды жастар болса, мінез көрсетер ме еді?
«Сыртқа шығып құсып аласыз ба?» – дедім жай ғана.
«Жүре беріңіз!» – деп бұйрық етті тағы да.
Бірде оңға, бірде солға бұрылып, жүріп жеттік-ау әйтеуір. Келіншек көліктен түсе салып, лоқсып құса бастады. Сөмкесінен суын алып қолын жуып, аузын шайды. Сөйтті де, аяғын тәлтіректей басып, қабірстанды аралап кетті.
«Кетіп қалсам ба» деп бір ойладым. Бірақ ақшасын төлегеннен кейін ондай жамандыққа бара алмайсың. Оның үстіне, үлкен басыммен олай істегенім жарамас. Ескі қорым екені байқалады. Айналасы да қоршаусыз. Келіншек атасының басында бір сағаттай шоқынды да, қайтып оралды.
«Кеттік!» – деді тағы да бұйыра сөйлеп. Кеткенді өзім де қалап тұрмын. Еңіске қарай құйындатып келеміз. Дәл жол айрығына келгенде тағы да аялдадық. Келіншек көліктен шықты да, бағанағы әдетін қайталап, қолын жуып, аузын шайды. Енді қарасам, бұрынғы қалпына қайта келген сияқты. Өңі кіре бастады.
«Атам мені өзі шақырады, – деді келіншек даладан әлдебіреуді іздегендей кейіпке еніп.
— Ол кісі құран дәметкенде, қыстың қақаған аязы мен жаздың шіліңгір ыстығы болса да бару керек. Ондайда түсімде аян береді. Ертеңінде ешқандай бөгет килікпейді. Бармай қалсам, атам «қаһарына» мінуі мүмкін. Ондайда маған, отбасыма қиындықтар туатыны сөзсіз. Құран сүрелерін де атам «үйретті». Олай дейтінім, алғаш түсіме кіргенде басына барып қайттым. Алайда одан кейін де түсімнен шықпайтын болды. Содан ауылдағы бір үлкен кісі: «Атаңның басына барғанда құран оқып көрші»,– деп кеңес берді.
Сөйтіп, құран оқуға ден қойдым. Содан кейін бәрі жақсы болды. Ол кісі кезінде қазақтармен жақын араласқан адам еді. Неге екенін білмеймін, атамның басына жақындаған сайын басым аздап айналып, құсқым келе бастайды. Мүмкін, менің ұстанған дінімді құп көрмейтін шығар. Мұның сырын осы күнге дейін өзім де білмеймін».
Мен де келіншектің неге құсқысы келетінін әлі біле алмай келемін. Оның бұл әрекеті шын таңғалдырды»,–деп әңгімесін аяқтады таксиші аға.
Алдымыздан Баянауыл таулары қылаң берді.
otarka.kz