Абай Құнанбайұлы. Білектей арқасында өрген бұрым

Oinet.kz 28-08-2019 1527

Білектей арқасында өрген бұрым, 

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?


Аласы аз қара көзі айнадайын,

Жүрекке ыстық тиіп салған сайын,

Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді,

Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын?


Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,

Болады осындай қыз некен-саяқ.

Піскен алма секілді тәтті қызды

Боламын да тұрамын көргендей-ақ.


Егерде қолың тисе білегіне,

Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.

Бетіңді таяп барсаң тамағына,

Шымырлап бу енеді сүйегіңе.

Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық
Абай Құнанбайұлы. Байлар жүр жиған малын қорғалатып
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу