Сыздықбековтың жемісті бір жылы
Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің әкімі қызметіне былтыр 5 қыркүйекте Президенттің Жолдауынан кейін жасаған үлкен кадрлық ауыс-түйістердің кезінде тағайындалды. Ол мегаполисте ірі жобаларды жүзеге асырған, алайда әкімдік еткен тұтастай үш жарым жылы сыбайлас жемқорлықтың шырмауынан шықпаған Мұрат Әйтеновты алмастырды. Сыздықбеков Шымкентке Үкімет аппараты басшысының бірінші орынбасарлығынан келді. Бір жыл ішінде жаңа әкім нендей тірлігімен, қандай бастамаларымен есте қалды?
Келген бойда жұртшылық жаңа әкімнің менмұндалап тұрған екі ерекшелігіне назар аударды. Біріншіден, Сыздықбеков Шымкентте туылған, соның асфальтінде өсіп, Шымкентке әкім болған тұңғыш азамат болды. Екіншіден, ол қызметтік карьерасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің қол астында еңбек еткен. Яғни, Мемлекет басшысының ерекше сеніміне ие болған кадр саналды. Сондықтан да көпшілік Сыздықбековты проблемасы көп Шымкентте бір өзгеріс жасайды деп күткенін мойындау керек.
Сыздықбековтың дәуірі сөз жоқ, бір кездері түрлі себептермен алпауыттардың қанжығасында кеткен нысандарды мемлекетке қайтарумен есте қалатын болады. Ғабит Әбдімәжитұлының тұсында дау-дамайы тым ұзаққа созылған Фосфоршылар сарайы толығымен мемлекет меншігіне өтті. Ғимарат бұзылып, оның орнына Иманғали Тасмағамбетовтың қызы Әсел Тасмағамбетова жетекшілік ететін «Сәби» қоры жастар орталығын салып жатыр.
Сыздықбековтың тұсында антикор мен прокуратура алпауыт миллионер Серікжан Сейітжановқа бар-жоғы 128 миллион теңгеге сатылып кеткен «Мұз сарайындағы» мемлекеттің үлесін сот арқылы қайтарып алды. Уақтысында әртүрлі себептермен кәсіпкерлерге үлестірілген «Кең баба» саябағының бір бөлігі, «Қиял әлемі» (оны иеленген кәсіпкердің ар жағында бұрынғы облыс әкімі тұр деген әңгімелер бар) қайтадан қалалық әкімдіктің меншігіне өтті. Жекешелендірудің құрыған іліккен бірнеше медициналық нысан да «қайта айналып үйірін тапты». Сондай-ақ, Сыздықбеков Шымкентте тұрғанымен Түркістан облыстық әкімдігінің меншігінде қалған бірнеше нысанды мегаполистің еншісіне батыл қайтарып жатыр.
Қайтарудың көкесі әлі алда болатын сияқты. Қалалық әкімдік жуырда Шымкентті сумен қамтамасыз етіп отырған монополист кәсіпорынды да мемлекетке қайтару үшін сотқа талап арыз берлігенін мәлім етті. Қазір ол туралы елдің пікірі әрқилы. Бұл мәселеге алдағы уақытта тоқталатын боламыз.
Сыздықбеков бір жыл ішінде Шымкентте бірнеше аллея салды. Бұрынғы балалар теміржолының орнына велоспипедпен серуендейтін керемет жол салдырды. Осының бәрі демеушілердің есебінен жасалды. Қазақстандағы ең үлкен стадионның іргетасын қалады.
Дегенмен кеде жұртшылық арасында «Сыздықбеков аулаларды абаттандыру мен саябақ салуға басымдық беріп, басқа салаларда жұмыс қарқыны төмен» деген пікірлер де айтылуда. Алайда әкімнің айтуынша, бұл – жаңсақ пікір.
--Иә, кез-келген салада шешімін табуы қажет мәселелер бар. Жұмыс ешқашан бір бағытта ғана жүрмейді. Қазіргі кезде барлық сала бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Барлық саладағы бастамалар менің жеке бақылауымда. Ал гүлзарлар, демалыс алаңдары мен саябақтардың салынуы қажеттіліктен туындаған мәселе. Біріншіден, біз өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға тиіспіз. Шымкент тұрғындарға жайлы, балаларға қауіпсіз, қонақтарға ыңғайлы болса, қаланың қарыштап дамуы да жеделдей түседі. Екіншіден, қаланы көркейту арқылы біз туризмнің дамуына жол ашамыз. Ал туристерден жергілікті бюджетке түсетін кіріс қала тұрғындарының әлеуметтік ахуалын жақсартуға жұмсалады. Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін экономика дамуы керек. Экономиканы көтеру – негізгі бағытымыздың бірі. Қазіргі таңда бұл салада оң өзгерістер бар,--деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сыздықбеков әкім болған бір жыл ішінде Шымкентке тартылған инвестицияның көлемі көбейді. Биылғы жоспар 928 миллиард теңгені құрайды. Бұл былтырмен салыстырғанда үштен бірге көп. Алдағы үш жылда Шымкентке 3,6 триллион теңге инвестиция тартылады деген болжам бар. Әрине, инвестиция бұл бірінші кезекте өндіріс орны, отандық өнім және жұмыс орны. 2028 жылға дейін Шымкентте 29 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.