Шымкент: Экологиялық талапты бұзғандарға айыппұл салынуда

Oinet.kz 18-09-2024 476

22.jpg 

Биылдың 8 айында Шымкент қаласы бойынша экология департаменті қоршаған ортаны қорғау саласында белсенді жұмыс атқарып, қаланың экологиялық ахуалын бақылауда ұстауда. Бұл туралы  Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы - Қозыбаев Ермахан Тастанбекұлы баяндады.

Департаменттің негізгі міндеті – қала тұрғындарының арыз-шағымдарын қарау және әлеуметтік желілердегі экологияға қатысты жарияланымдарға назар аудару.

Департамент осы жылдың 8 айында 23 тексеру жүргізген. Оның ішінде 7 профилактикалық бақылау, 6 талаптарға сәйкестікті тексеру және 10 жоспардан тыс тексеру орындалды. Бұл тексерулер нәтижесінде жалпы 55 әкімшілік іс қозғалып, 48 іс бойынша 170,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қазіргі уақытта бір іс сот қарауында болса, тағы екі іс Шымкент қалалық Полиция департаментіне жолданған.

Департаменттің хабарлауынша, ең күрделі экологиялық оқиғалардың бірі 2024 жылдың 27 шілдесінде орын алған. «KMG Supple Company» ЖШС-не тиесілі аумақта 5000 қап техникалық күкірт өртеніп, нәтижесінде күкіртсутегі мөлшері ауада қауіпті деңгейге жеткен.

Сонай ақ, экологиялық заңбұзушылықтарды жою туралы 24 нұсқама беріліп, бірнеше іс сотта қаралуда. Мамандардың айтуынша, қаладағы өндірістік орындар мен тұрғындардың экологиялық нормаларды сақтамауы қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіріп отыр.

Брифинг барысында экологиялық бақылау, су ресурстарының сапасы және ауаның ластануын қадағалау бойынша маңызды нәтижелер жарияланды.

Экология департаменті 2024 жылы 52 мемлекеттік қызмет көрсетіп, I санаттағы объектілерге экологиялық рұқсат беруге ерекше назар аударды. Жыл басынан бері 7 экологиялық рұқсат беріліп, 6 өтініш кері қайтарылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижесінде 5 оң қорытынды берілді, ал 4 өтінішке бас тартылды.

2024 жылы департамент 94 объектіні тексеріп, 1 249 сынама алып, 7 585 талдау жүргізді. Ауаның, судың және топырақтың сапасы мұқият зерттелді. Әсіресе, қала арқылы өтетін Қошқар-Ата және Қарасу өзендеріндегі су сапасы нашарлаған. Қошқар-Ата өзенінде шекті рұқсат етілген ластаушы заттардың концентрациясы 1,5 есеге өскені анықталды.

Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында, полиция департаментімен бірлескен шаралар нәтижесінде, 125 автокөлік тексеріліп, 50 көлік ауаны нормадан тыс ластағаны үшін жауапкершілікке тартылған.


Шымкентке тартылған инвестиция көбейген
Сыздықбековтың жемісті бір жылы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу