Шымкентке тартылған инвестиция көбейген

Oinet.kz 18-09-2024 479

21.png

Жуырда халыққа арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция мәселесіне айырықша тоқталды.

--Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет. Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын,--деген Мемлекет басшысы сондай-ақ:

-- Экономиканы қарқынды дамыту үшін  тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді.

Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды,--деді.

Инвесторларға барынша жағдай жасау бүгінде Шымкенттегі басым бағыттардың бірі саналады. Жуырда мегаполисте  «Қазіргі заманғы технологиялар мен инвестициялар. Қазақстан Республикасының аумақтық экономикаларын дамыту мәселелері мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Дөңгелек үстелдегі маңызды талқылауға алты шетел мемлекетінің Төтенше және Өкілетті Елшілері мен дипломаттары да үлес қосты.

Маңызды басқосуда «Саутс-Ойл» ЖШС іске асырып жатқан инвестициялық жобалар таныстырылды. Ал “Invest Shymkent” компаниясының директоры қонақтарды индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардағы жұмыстар мен инвестициялық артықшылықтар туралы хабардар етті.

Қала әкімі қатысушыларға қаланың инвестициялық тартымдылығы мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты. Сондай-ақ қала әкімі әрбір жобаның жүзеге асырылу кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсетілетінін және өткен жылмен салыстырғанда қала экономикасына салынған инвестиция көлемі айтарлықтай өскенін атап өтті.

Кездесу барысында Ғабит Әбдімәжитұлы қала басшылығының әлеуетті инвесторлар үшін барлық қажетті жағдай жасауға дайын екенін де айтты.


Премьер құрылыстың сапасына назар аударуды тапсырды
Шымкент: Экологиялық талапты бұзғандарға айыппұл салынуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу