Премьер құрылыстың сапасына назар аударуды тапсырды
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Шымкентке жасаған сапары барысында жаңа салынып жатқан бірқатар әлеуметтік және жол нысандарында болды. Мегаполистің бас жоспарының іске асырылуымен танысты.
Онда жыл соңына дейін 2,6 мың пәтерге арналған 66 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары туралы баяндалды. Биылғы қорытынды бойынша 1,4 млн м2 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тұрғын аудандарда жайлы мектептер, емханалар, заманауи спорт кешендерінің, сондай-ақ Оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Премьер-Министр 36 тұрғын үй салынып жатқан Ақжайық шағын ауданына аралау барысында құрылыс сапасына және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесін одан әрі арттыру қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ Үкімет басшысына қаланы айналып өтетін транзиттік көліктің өтуін қамтамасыз ету үшін ұзындығы 28,2 км «Қорғас-Алматы-Шымкент-Өзбекстан Республикасы шекарасы» А-2 автожолын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды.
Қаланың одан әрі дамуы, өндірістік қуаттардың кеңеюі және жаңа инфрақұрылымдық жобалардың іске қосылуы тұрақты және үздіксіз энергиямен жабдықтауды талап ететіні атап өтілді. Бүгінгі таңда Шымкентте жеке өндірілетін энергияның жалпы қуаты 120 МВт құрайды, сонымен бірге қала 400 МВт, сұраныстың ең жоғары кезеңдерде – 500 МВт қуатты тұтынады.
Үкімет басшысы қазіргі уақытта Қазақстанның энергетикалық секторы елімізде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70%-ын қамтамасыз ететін көмір электр стансаларына қатты тәуелді екенін атап өтті. Алайда, бұл модель күрделі мәселелерге тап болуда, өйткені жұмыс істеп тұрған стансалардың тозу деңгейі жоғары. Биылғы 6 қазандағы референдумда оң шешім қабылданған жағдайда атом электр стансасы осы проблемалардың шешімі бола алады. АЭС тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алады. АЭС құрылысы энергетикалық және өнеркәсіптік өндірісті әртараптандыруға ықпал ететін болады, бұл ретте қалдықтарды жинау мен сақтаудан бастап утилизация мен қайта өңдеуге дейінгі басқарудың барлық аспектілері ескерілетін болады.