Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты артады

Oinet.kz 13-09-2024 269

19.jpeg 

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Шымкентке жұмыс сапары аясында мегаполистің қазіргі даму барысымен және Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру шараларымен танысты. 

«Оңтүстік» индустриалды аймағының аумағында Үкімет басшысы сусындарға арналған алюминий қалбырлар мен қақпақтар шығаратын QazAlPack кәсіпорында болды. Өндірістік қуаты жылына 1,2 млрд дана банка шығаруға мүмкіндік береді. Зауытта 360 адам жұмыс істейді.

QazAlPack ЖШС директоры Рустам Сухов автоматтандырылған өндіріс процесін таныстырып, қаптаманың бұл түрі өзінің тұтынушылық қасиеттері бойынша ең прогрессивті әрі экологиялық таза екенін айтты. Заманауи сапа стандарттары бойынша өндірілетін өнімдер ішкі нарықта сатылып, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортталады. Мемлекеттік қолдау шаралары мен ИА аумағында құрылған қолайлы жағдайлардың арқасында компания 2025 жылға қарай екінші өндірістік желіні іске қосып, өнім көлемін 2,3 млрд банкаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов Шымкент қаласының жалпы индустриалды негізін жалпы ауданы 1 276 гектар 7 өнеркәсіп аймағы құрайтынын, онда бүгінде 293 жоба іске асырылғанын, 8,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын баяндады. «Оңтүстік» инвестициялық портфеліне жалпы құны 151,3 млрд теңгені құрайтын 70 жоба кіреді. Үкімет басшысы сондай-ақ «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» мұнай өңдеу зауытында түрлі отын түрлерін өндірудің технологиялық тізбегімен танысты. Кәсіпорын жылына 6 млн тонна мұнай өңдейді. Шығарылатын өнім түрлерінің қатарына автомобиль бензиндері, дизель отыны, авиациялық керосин, сұйытылған көмірсутек газы, мазут және басқа да мұнай өнімдері жатады.
Премьер-Министрге Шымкент МӨЗ өндірістік қуатын жылына 12 млн тонна қайта өңделген мұнайға дейін ұлғайту жобасының басталғаны туралы баяндалды. Олжас Бектенов ЖЖМ нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті. Өңір мен МӨЗ басшылығының назары қайта өңдеу сапасын одан әрі жақсартуға, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ағыны мен «сұр экспортына» жол бермеуге аударылды.


Шымкент: Апта сайын сенбілік өтеді
Премьер құрылыстың сапасына назар аударуды тапсырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу