Шымкент: Атажұртқа оралғандардың басым бөлігі--Өзбекстаннан

Oinet.kz 18-09-2024 256

2.jpg 

Тәуелсіздік алғалы бері Шымкент шетелден оралған қандастар жиі қоныстанатын қалаға айналды.  Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мәліметінше шаһарда жыл басынан бері 283 отбасыдағы 542 адам «қандас» мәртебесін алған. Ал 34 отбасыдағы 44 адам мәртебесін жарты жылға ұзартты.

Қандастардың 259-ы ер, 283-і әйел, 18 жасқа дейінгі жастар саны – 168, зейнет жасында – 63 адам. Оның ішіде еңбекке қабілеттісі – 311. Білім деңгейі бойынша 61 адамның жоғары білімі болса, 145 қандаста арнайы орта білім, 97 адамда жалпы орта білім және 8 адамның білімі жоқ.

Атажұртқа қоныс аударғандардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасының еншісінде. Көрші елден 441 адам, Қырғызстаннан – 1, Ресейден – 6 адам және Түркіменстаннан – 2 адам келген.

Бүгінде қоныс аударған қандастардың көбісі құрылыс пен сауда-саттықпен және басқада жалдамалы жұмыстармен айналысып жатыр.

Шымкент қаласында қандастарды қоғамға бейімдейтін арнайы орталықта 18 отбасынан 46 адам қызмет алып жатыр. Ал, Еңбек мобильділігі орталығының қызметіне 96 адам жүгініп, 48 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан.

Атап айтқанда 14 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданса, 3 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасына, 3 адам «Қоғамдық жұмысқа», 9 қандас «Алғашқы жұмыс орындары» бағдарламасына және 1 адамға «Күміс жас» жобасына жолдама берілді. Сонымен қатар, 18 қандастың «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлікті дамыту курстарында білімін жетілдірді.

Сондай-ақ, соңғы уақытта оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың да арасында шымкенттіктер көп. Ерікті қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек ұсынылады. Бағдарламаға қатысушы әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК (258 440 теңге) көлемінде бір реттік төлем жасалады, сондай-ақ бір жыл бойы жалдамалы пәтер ақысы субсидияланады. Сонымен қатар, «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» арқылы қоныс аударушылар баспана мәселесін шешуге мүмкіндік алады.

Сертификат бағдарлама қатысушысына тұрғын үй құнының 50 пайыз мөлшерінде, бірақ 4 282 720 теңгеден (1160 АЕК) аспайтын мөлшерде беріледі. Солтүстік өңірлерге қоныс аудару – тұрақты жұмыс тауып, жаңа бизнес бастауға ниетті азаматтар үшін үлкен мүмкіндік.

 Шымкент қаласында биылғы жарты жылдықтың қорытындысымен 54 отбасындағы 179 адам солтүстік өңірлерге өз еркімен қоныс аударды. Олардың 67-сі тұрақты жұмысқа орналасып, 8-і кәсіпкерлікпен айналысып жатыр.

Атап айтқанда – 20 отбасы Павлодар облысына, 29 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына, 1 отбасы Абай облысына және 4 отбасы Шығыс Қазақстан өңіріне жайғасты.

Қоныс аударған 179 адамның 94-і еңбекке қабілетті. Қазіргі сәтте оның 67-сі тұрақты жұмыспен қамтылып, 8 адам кәсіпкерлікпен айналысуда, 14 адам үй шаруасында болса, қалған 8 қоныс аударушыны жұмыспен қамту шараларына тарту жұмыстары жүргізілуде.


Сыздықбековтың жемісті бір жылы
Ұсақ бұзақылыққа-үлкен айыппұл
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу