Шымкенттің әкімі «Жайлы мектептердің» құрылысымен танысты
Шымкент қалaсында “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай, қала басшысы Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында білім беру нысандарын, соның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылыс барысын бақылады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы бұл мектептер қауіпсіз білім беру ортасын құруға лайықталған. Сондай-ақ, апатты жағдайдағы нысандар, үш ауысымды мектептер мен орта білім берудегі орын тапшылығын жою мақсатында салынып жатыр.
Құрылыс басында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылаған әкім құрылысшыларға жұмыс қарқынын арттыруды, материалдардың сапасына назар аударуды және оқу орындарын салу стандартын қатаң сақтауды тапсырды.
Сонымен қатар, салалық басқарма басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне де бірқатар міндеттер жүктеді. Нақтырақ айтқанда, құрылыс нысанындағы жұмысшылар санын арттыру және барлық нысандардың құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау бойынша тапсырма берді.
Аралау соңында Абай ауданындағы Юсупов көшесінің құрылысымен де танысты. Жауапты мамандарға жұмыстың сапасына аса мән беру керектігін айтты және мерзімінде аяқтауды міндеттеді.
Жалпы Шымкентте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланған. Оның 17 300 орындық 12-сі биыл, қалған 6 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектептерді бастауыш және орта сыныптарға арналған жеке блоктармен, әмбебап акт залдарымен, балаларға арналған жеке шкафтармен, оқу-зертханалық жабдықтармен, жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықтау көзделген. Сондай-ақ физика, химия және биология, роботтехника кабинеттері мен STEM-зертханаларын ашу жоспарланған. Айта кетерлігі, қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Мектеп ғимараттары террористік қауіптердің алдын алу үшін бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелерімен, сондай-ақ есік пен блокты құлыптау функциясымен жабдықталады. Оқушылардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін бастауыш және жоғары сынып оқушыларына спорт залдары мен түрлі ойын алаңдары салынады. Әр мектепте өз кітапханасы, оқу залы, электронды кітапхана және әр қабатта коворкинг алаңдары болады.