Жәрмеңкеде 77 отбасы солтүстікке қоныс аударға ниет білдірді

Oinet.kz 26-07-2024 626

9.jpg

Шымкерттегі  «Арбат» алаңында «Жастарға жұмыс» республикалық бос жұмыс орындарының республикалық жәрмеңкесі өтті. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Жәрмеңкені Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «AMANAT» партиясының қолдауымен Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдастырды.

Маңызды іс-шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық партия филиалының өкілдері, «AMANAT» партиясы фракцисының депутатары, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Павлодар облыстарының делегат мүшелері, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшылығы қатысты.

Жәрмеңкеде биылғы бітіруші түлектерге, жұмыс іздеп жүрген қала тұрғындары мен жас мамандарға мемлекеттік қызметке орналасудың тәртібі, бос орындар, ерікті түрде Солтүстік өңірге қоныс аудару бағдарламасы, мемлекеттік қайтарымсыз грант бойынша түсіндірме жүргізіліп, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары туралы ақпараттық кеңестер берілді.

Жәрмеңкеде 82 мекеме 963 тұрақты жұмыс орнын таныстырып, қалған жұмыс берушілер онлайн түрде бос жұмыс орындарын ұсынды. Жалпы 150-ден астам мекемеден 5 мыңға жуық бос орын ұсынылды.

Жұмыс берушілер 500-ге жуық адамға кеңес беріп, 103 адамға жолдама берді. Атап айтқанда, 50 адам тұрақты жұмысқа, 30 қатысушы «Жастар практикасы», 18 жасқа «Алғашқы жұмыс» орнына, 5 адам «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасы бойынша жолдама алды. Одан бөлек, 41 адамға қысқа мерзімді кәсіптік оқу мен қайтарымсыз грант алу бойынша кеңес берілсе, 77 отбасы ерікті түрде Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірді.

Айта кетері, солтүстікке қоныс аударуға арналған  Ұлттық жоба шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға қатысушылар үшін мемлекет тарапынан көмектер беріледі. Отбасының әрбір мүшесіне көшуге 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем; тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын жабу үшін төлем 1 жыл ішінде ай сайын төленеді. Төлем мөлшері қалаға қоныс аударғандар үшін бір адам үшін 20 АЕК — тен, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп адам болса 30 АЕК-ке  дейін, ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін — бір адам үшін 15 АЕК-тен  бастап, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болса 21 АЕК-ке дейін. Ерікті қоныс аударушыларға жұмыс орындары және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шаралары ұсынылады. 


Алименттен жалтарғандарға заң қатал
Шымкенттің әкімі «Жайлы мектептердің» құрылысымен танысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу