Алименттен жалтарғандарға заң қатал
Сот алимент өндіру туралы шешім шығарғанмен, оны өз ерімен орындайтындар аз. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Исабеков Мейіржан Нұржанұлы айтып берді.
Бүгіні күні Шымкентте сот орындаушылардың қаулыларына сәйкес 624 алимент борышкеріне қатысты іздеу жарияланып, істер уақытша тоқтатылған.
Сонымен қатар, жалпы сот орындаушыларының істері бойынша 159 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде алимент төлеу міндеттерін орындамаған - 82 азамат. Алимент бойынша 32 борышкерге қатысты 5 тәулікке дейін қамаққа алу, 50-не - 5 АЕК мөлшерінде (17 250 теңге) айыппұл салынды.
Сот орындаушылары мен жұмыспен қамту орталығының бірлескен шаралары нәтижесінде 241 алимент төлеуші жұмысқа орналастырылып, алиментті жалақаларынан өндіруге мүмкіндік пайда болған.
Өкінішке орай, кейбір азаматтар ұсынылған жұмысқа тұрмай, алиментті төлеуден жалтаруды жалғастырған фактілері де орын алған. Осы орайда, сот орындаушыларының өндіріп алушылардың өтініштерімен полиция органдарына жолдаған материалдары бойынша жалпы 18 қылмыстық іс сотқа өтіп, 11-іне қатысты айыптау үкімдері шыққан.
Алимент бойынша әрекетсіздік танытып, заңнамамен белгіленген мәжбүрлеп өндіру амалдарын уақытылы қолданбайтын сот орындаушыларына қатысты да жауапкершілік күшейтілгендігін ескеру қажет.
Атап айтқанда, егер жеке сот орындаушысы бір ай ішінде заңда белгіленген тәртіппен істердің әлеуметтік маңызы бар санаты (оның ішінде алимент өндіру санаты) бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамаған жағдайда әділет органдарының талап арызы негізінде лицензиясынан айырылуға жатады.
Осы негіздермен сотқа енгізілген талап қою арыз бойынша осы жылы 3 жеке сот орындаушысы лицензияларынан айырылған.
Жалпы Департамент 2024 жылы сот орындаушыларға қатысты жеке және заңды тұлғалардан түскен 524 жолданымы, сондай-ақ 998 сұраныс, басқа да түрдегі құжаттар қаралған.
Түскен жолданымдардың сипаты: 112 (21,3%) – алимент өндіру мәселелері, 341 (65 %) – ақша қаражаттарды мәжбүрлеп өндіру туралы, 71 (13,5 %) – тыйымдарды және мәжбүрлеп өндіру шараларының күшін жою.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 139 жеке сот орындаушыларына қатысты жоспарданы тыс бақылау тағайындалып, Өңірлік палатаға 60 ұсыныс енгізіліп тәртіптік жауапкершілікке тартылған.