Сот орындаушылары жарты жылда 81 млрд. теңге өндірді
Шымкент қаласы бойынша 152 жеке және 9 мемлекеттік сот орындаушы қызметтерін атқаруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Исабеков Мейіржан Нұржанұлы баяндады.
2024 жылдың 1 жартыжылдығында олардың орындауында болған 457 617 атқарушылық құжат бойынша 563 млрд. 639 млн. теңгеден астам сома өндірілуге жататын. Оның ішінен 110 171 өндіріс (81 млрд) аяқталған.
Заңнамада мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының құзыреттері нақты белгіленгендіктен, өндірістердің басым бөлігі – 99% - жеке сот орындаушыларының орындауына түскен.
Орындалуға жататын талаптарға тоқталатын болсақ, өткен жылы жалпы өндірістегі құжаттардың ішінен 218 944 іс - мемлекет кірісіне мәжбүрлеп өндірілетін ақша сомалары (айыппұлдар, салық қарыздары және т.б.). Сонымен қатар, заңсыз салынған құрылыстарды бұзу, үйден (жайдан) мәжбүрлеп шығару, басқа да мүліктік емес сипаттағы жалпы 302 атқару құжаты орындауда болып, 86 бойынша өндірістер аяқталған, қалдықта 216 құжат орындалуға жатады. М.Исабеков алимент мәселесіне айрықша тоқталды.
--Алимент – бұл бір адам оны алуға құқығы бар басқа адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат. Жыл басынан алимент өндіру талаптары бойынша сот орындаушыларда 15 921 іс орындауда болып, 1 494-сі бойынша өндірістер аяқталған, 13 777 құжат қалдықта,-- деді Исабеков Мейіржан Нұржанұлы.
Айта кетерлігі, осы санаттағы істермен айналысатын 5 жеке сот орындаушыларынан құралған арнайы кеңсе ашылған. Алименттік өндірістердің көбісі қазіргі таңда осы кеңседе жүргізілуде.
Орындау барысындағы істердің ішінен 50%, яғни, 5 124 құжат бойынша алимент борышкерлердің айлық жалақысынан ұсталып жатыр.
Сонымен қатар, үш айдан асатын мерзім ішінде өндірілмей жатқан «проблемалы» алименттік өндірістердің саны 710. Олар бойынша жалпы 1 млрд теңгеге қарыз қалыптасқан. Осы төлемдердің ұзақ мерзімде өндірілмеудің негізгі себептерінің бірі - борышкердің тұрғылықты мекенжайының анықталмауы, яғни, борышкерлердің іздеуде болуы.