«Таза Қазақстан» бір реттік акция емес
Шымкентте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бастау алған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «AMANAT» партиясы әдеттегідей «Таза бейсенбі» атты тазалық акциясын ұйымдастырды. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Оған «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев бастаған мәслихат депутаттары, партия қызметкерлері, қалалық “Жастар рухы” ЖҚ белсенділері, «Жасыл ел» жасақтары, сонымен қатар белгілі спортшылар мен жастар арасында өнерімен танылып жүрген «Жайдарман» жастары қатысты.
Тазалық жұмысына жиналған 400-ге тарта қауым республикалық маңызы бар А-2 айналма жолының бойын қоқыстан тазартты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанын бастай отырып, бұл бір реттік акция емес екенін ерекше атап өтті. Әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар назардан тыс қалмауға тиіс. «AMANAT» партиясының мүшелері аталған науқанға алғашқы күннен-ақ белсенді қатысуда. Апта сайын ел аумағында түрлі учаскелерде қоқыс жинау жұмысын ұйымдастырамыз. Осы мақсатта ластанған аумақтардың Картасы әзірленді.
Ел азаматтары, өскелең ұрпақ табиғатты аялағанын, тазалықты сақтап, әдебі мен мәдениеті қалыптасқанын қаласақ, экологиялық сананы қазірден қалыптастыруымыз керек. Оны ең алдымен өзімізден бастаған жөн. Сондықтан, қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын барша қазақстандықты «Таза бейсенбі» акциясына қосылуға шақырамыз, – дейді Мұрат Жолдыхожаев.
Айта кету керек, ұзақ мерзімге жоспарланған экологиялық акция барысында партия мүшелері аптаның әр бейсенбісінде бекітілген учаскелерде тазалық жұмыстарын жүргізіп, абаттандыру мен инфрақұрылымды дамытуға байланысты мәселелерді де шешуге атсалысып жүр.