Шымкентте биыл 12 «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі
Шымкентте биыл Президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан «Жайлы мектептердің» 12-сі пайдалануға беріледі. Бұл туралы жуырда Қоғамдық кеңестің отырысында айтылды.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында білім, құрылыс басқармалары мен Төтенше жағдайлар департаментінің атқарған жұмыстары және алдағы жоспарлары қаралды.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қуанар Базарбаев 2024 жылдың 1-жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындылары туралы баяндады. Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев шаһарда құрылыс сапасын арттыру бағытында қолға алынған іс-шаралардың барысынан хабардар етті.
Сондай-ақ, кеңесте білім басқармасы басшысының орынбасары Елдос Саметов мектеп оқушылары арасында суицид мәселесі өзекті екенін және оны шешу бағытындағы жұмыстардың нәтижелерін айтты. Соңғы уақыттары оқушылар арасында суицидтің артып жатқанына байланысты мектеп психологтарының санын көбейтуде бірқатар іс-шаралар атқарылуда.
Қоғамдық кеңес мүшелері тасқын суларды болдырмауда ирригациялық жүйелер құрылысын дамыту, су жиналудың алдын алу бағытында бірқатар мәселелер көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізді.
О.Тәжібаевтың айтуынша, жылдың аяғына дейін “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы бойынша 12 мекептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланған. Оның 17 300 орындық 12-сі биыл, қалған 6 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектептерді бастауыш және орта сыныптарға арналған жеке блоктармен, әмбебап акт залдарымен, балаларға арналған жеке шкафтармен, оқу-зертханалық жабдықтармен, жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықтау көзделген. Сондай-ақ физика, химия және биология, роботтехника кабинеттері мен STEM-зертханаларын ашу жоспарланған. Айта кетерлігі, қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Мектеп ғимараттары террористік қауіптердің алдын алу үшін бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелерімен, сондай-ақ есік пен блокты құлыптау функциясымен жабдықталады. Оқушылардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін бастауыш және жоғары сынып оқушыларына спорт залдары мен түрлі ойын алаңдары салынады. Әр мектепте өз кітапханасы, оқу залы, электронды кітапхана және әр қабатта коворкинг алаңдары болады.