Шымкент: Түріктер ең үлкен жылыжай салмақ
Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласында үлкен жоба қолға алынуда. Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков «Alarko Holding» түрік компаниясының президенті Йылдыз Умит Нуримен кездесті. Кездесуде «Бозарық» индустриялық аймағындағы құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны, дәлірегі жылыжай кешенін жүзеге асыру барысы талқыланды.
Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, кездесу қорытындысы бойынша әкімдік инвестормен жылыжайдың көлемін 500 гектардан 600 гектарға дейін ұлғайту туралы келісімге келген. Түрік инвесторлары бұл аумаққа қызанақ пен қияр өсіретін ең үлкен жылыжай кешенін салады.
Холдинг басшысы жоба құрылысы жақын арада басталатынын айтты. Бірінші кезең аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады, ал кешен толық іске қосылған соң 5 мың жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар, жоба аясында халықаралық стандарт бойынша ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын мамандандырылған академия ашу жоспарланып отыр.
Инвестициялық жобалар жергілікті тұрғындарды жоғары сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етеді және бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, компания құрылыс уақытын қысқарту мақсатында қаламызда жылыжай салуға арналған құрылымдар шығаратын кәсіпорын ашуды көздеп отыр.
Бұған дейін Шымкент қалалық әкімдігі жылыжай шаруашылығын дамыту мақсатында түркиялық «Alarko Holding A.S.» компаниясымен бірлесе жылыжай салу жоспарының қолға алынғанын жария еткен болатын.
Нәтижесінде қаладағы жылыжай кешендері 239 га ұлғайып, қосымша 1 000-нан астам жұмыс орындары ашылатыны, жиналатын өнім көлемі 30 мың тоннаға артатыны, аталған жылыжай шаруашылықтарына құрылыс жұмыстарына кеткен шығындарының 30% мемлекет тарапынан субсидияланып, ал комуналдық шығындарына 1 гектарына 4 млн. нан 8 млн теңгеге дейін мемлекеттік қолдау көрсетілетіндігі баяндалған болатын.
Жалпы алғанда Шымкент қаласында былтырғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 27,5 мың га құраса биылғы жылы егістік жерлердің мақсаты құрылыс бағытына өзгеруіне байланысты 26,5 мың га жетіп, 86,0 мың тонна өнім жинау күтілуде. ауыл шаруашылығына соңғы жылдары тартылған инвестиция көлемі артқан. Биылғы жылы да осы бағытта 16 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба жүзеге асыруды жоспарлануда. Оның ішінде 3 көкөніс сақтау қоймасы, 3 тауарлы сүт фермасы, 2 сүтті қайта өңдеу цехы, 2 құс шаруашылығы, 1 мал азығы, 1 жеміс/көкөніс қайта өңдеу, 1 мал бордақылау алаңы, 1 жылыжай кешені бар.