Шымкент: Ақ халатты абзал жандар ардақталды
Маусым айының үшінші жексенбісі ақ халатты абзал жандар–медицина қызметкерлерінің күні. Шымкентте адам жанының арашашысы атанған жандардың мерекесі салтанатты жиынмен атап өтілді.
Жиында медицина ісіне үлес қосқан дәрігерлер марапатталып, олардың қажырлы қызметтеріне құрмет көрсетілді. Сонымен бірге денсаулық сақтау саласының ардагерлері де ардақталды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қоғамның ең басты құндылығы адам, оның өмірі. Осы орайда адам өмірін, денсаулығын сақтау қоғамның алдындағы маңызды мәселенің бірі боып табылады. Дәрігер мамандығы – адамға деген шексіз сүйіспеншілік, қайырымдылық, өзгенің қамы деп соғатын ыстық жүректі ізгі ниет пен адамгершілікті қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан да қоғамдағы өзге мамандықтар ішінде адам өміріне араша болатын дәрігерлердің еңбегі ерен.
Салтанатты жиыныға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Мегаполис медицинасының жеткен жетістіктеріне тоқталып, дәрігерлердің жемісті еңбектеріне сәттілік тіледі.
Мерекеде денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүрген медицина мамандарына «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ, AMANAT партиясы, Шымкент қаласы мәслихаты да құттықтау лебіздерін білдірді.
Денсаулық - бұл әр адамның игілігі мен бақыты ғана емес, сонымен бірге баға жетпес құндылық. Халқымыз қашаннан «Бірінші байлық-денсаулық» деп денсаулықты дүниедегі байлық атаулының барлығынан жоғары қойған. Ал Ата заңымызда «Мемлекеттің ең басты қазынасы - халық және оның денсаулығы» деп көрсетілген.
Дәрігер- адам жанының арашашысы, қастерлі мамандық иесі. Оның иесі болу-үлкен мәртебе. Өйткені, ол ақ халатты әрбір азаматқа әлемдегі баға жетпес құндылық, адам өміріне деген үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сондықтан, денсаулық қызметкерлерінің қызметі - адам саулығы мен амандығы жолындағы ең абыройлы қызмет. Құрметті денсаулық саласының барша қызметкерлері төл мерекелеріңіз құтты болсын! Әрқашан абырой биігінен түспей, халық сеніміне ие болып, адам жанының арашасы болып жүре беріңіздер!