Нашақорлық--індет
Шымкентте оқу жылының аяқталуына орай, «Халықаралық балаларды қорғау күні» және «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында шымкенттік полицейлер тағы да студенттермен кездесіп, оларға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары және нашақорлықтан аулақ болудың маңыздылығы туралы ескертті. Бұл туралы Шымкент қаласының Полиция департаменті хабарлады.
Полицейлермен бірге аталған іс-шараға «Психикалық денсаулық орталығының» нарколог-дәрігері, «Жастар ресурстық орталығының» маманы қатысты.
Бұл жолы олар Шымкент медресе колледжіне барып, нашақорлықтың, психикалық белсенді заттарды қолданудың алдын алу мақсатында студенттермен арнайы кездесу өткізді.
Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, жаңа психоавтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.
Сонымен қатар, интернет-дүкендердің әкімшісі болу және есірткі жасыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгені туралы ескертті.
Іс-шара соңында студенттер көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.
Сондай-ақ, «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында қаламыздың полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік орган өкілдерімен бірлесіп студенттермен демалыс алдындағы соңғы кездесулер өткізді.
Мұндай кездесудің басты мақсаты – нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстанып, жастарды спортқа баулу болып табылады.
Кезекті кездесу Индустриалды техникалық колледжінің ғимаратында өткізілді. Оған Шымкент қаласының полиция департаментінен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков қатысты.
Ол студенттерге есірткінің зияны, оның адамға алып келер зардабы жайлы баяндап, есірткі қылмысын жасағандарға қатысты қолданылатын жаза түрлеріне де тоқталды. Есірткіге құмарту өз өміріне ғана емес, қоғамға зияны тиетінін айтып, жастарға тура жол сілтеді.
Мамандар өздерінің білімдері мен тәжірибелерімен бөлісіп, өз жұмыстары туралы, өздерін және жақындарын қорғау үшін заңды білу қаншалықты маңызды екендігін айтты.
Кездесу соңында студенттер спикерлерге өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды.