Шымкент: Тұрғындардың талап-тілектері жіті бақылауда

Oinet.kz 06-06-2024 476

1.jpg 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мем­лекеттік институттардың рөлін ны­ғайту, азаматтардың құқықтары мен бо­стандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңі­нен сөз етті.    

     -- Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.  Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет,--деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы:

--Заң үстемдігі орнықпаса және аза­мат­тардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бір­де-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды.  «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мем­лекет» құру тұжырымдамасы. Азамат­тардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс жә­не әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мем­лекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек,--деген болатын.

Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков жуырда алдын ала жазылған азаматтарды қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын қарастырды. Тұрғындар баспана алу, жұмысқа орналасу, жер телімдерін беру және заңдастыру, инфрақұрылым мен жолдардың сапасын жақсартуға қатысты мәселелерін көтерді. Жауаптылар барлық өтініштер бойынша егжей-тегжейлі түсіндірме берді.

Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, әкім орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары 170 тұрғынның арыз-шағымын тыңдап, тиісті шешімдер қабылдады. Азаматтарды қабылдау мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен қатар халықтың ең күрделі проблемаларын анықтауға да мүмкіндік беруде. Қосымша уақытты қажет ететін сұрақтар қала басшысының жеке бақылауына алынды. Әрбір мәселе жіті бақылауда болатынын және заң шеңберінде шешілетінін жеткізген Ғ.Сыздықбеков аудан әкімдері мен сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.


Әрбір азамат өз елінің патриоты болуы тиіс
Шымкентте әйгілі «Hilton» қонақ үйінің құрылысы басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу