Шымкент: Суицидтің алдын алу мәселелері талқыланды
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару, кәмелетке толмағандар арасында суицидті алдын алу шаралары мен өзге де мәселелер қаралды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы М.Ақылбектің айтуынша, жер учаскелерін заңсыз иеленген, мақсатсыз пайдаланған 112 жеке және заңды тұлғадан 27 млн. теңгенің айыппұлы өндірілген. Кала басшысының бастамасымен саябақтар мен аллеяларға, заңсыз жер телімдеріне қатысты тексеру жұмыстары жүргізілген.
Мәжіліс барысында қала әкімінің орынбасары С. Құранбек кәмелетке толмағандар арасында суицидті алдын алу шараларын баяндады. Ата-ана, оқушы-мектеп байланысын қалыптастыру мақсатында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» мен «Даналық мектебі» құрылды. Білім беру ұйымдарында «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Жеңгелер мектебі», «Ағалар мектебі», «Ұлдар клубы», «Қыздар клубы» жобалары іске асырылуда.
Балалар өмірі мен денсаулығының аса маңызды екеніне тоқталған қала әкімі жауаптыларға жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар олардың қауіпсіздігін қамтасыз етуде профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Айта кетері, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін:
--Біз бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешуге тиіспіз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастырған жөн. Білім беру мекемелеріндегі тиісті қызметтердің тиімділігін арттыру үшін нормативтік база қалыптастыру кезек күттірмейтін міндеттің бірі. Әлеуметтік маңызы жоғары осындай мәселелерді шешу мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Оған бүкіл азаматтық қоғамның атсалысуы қажет екенін бәріміз түсінуге тиіспіз, - деп атап өткен болатын.