Елтаңбам – елдігім, Байрағым–мақтанышым, Әнұраным- айбыным!

Oinet.kz 04-06-2024 749

16.jpg 

Шымкент қаласындағы «Тәуелсіздік» саябағында 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Мерекелік жиынға зиялы қауым өкілдері, жастар, ардагерлер, түрлі этнос өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Алдымен, мерекелік алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ұлықталып, Мемлекеттік Гимні шырқалды.

Бүгінде еліміздің мемлекеттік рәміздері дүниежүзіне кеңінен танылды. Қазақ елін осы рәміздеріміз арқылы әлемдік қоғамдастық толық мойындады. Тарихқа жүгінсек, 1992 жылы 4 маусым тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Алғашқыда Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған Мемлекеттік кеңестің талқылауына Тудың – 1200, Елтаңбаның – 245, Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылған екен.

Салтанатты шарада шымкенттік әншілер «Егемен елім», «Қазағым менің», «Көк тудың желбірегені» т.б. әндерді нәшіне келтіре орындады. Шара барысында қала өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Жастарды отансүйгіш, патриот етіп тәрбиелеудің негізгі жолы – ұлттық рәміздерді насихаттау. Бұл орайда, елімізді, жерімізді, рәміздерімізді, Отанымызды құрметтеу, патриоттық сезімін нығайту – әрбір азаматтың парызы! Туған жер деген киелі ұғымды әрбір қазақстандық құрмет тұтуға, қастерлеуге тиіс.

4 маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Астана қаласының оқушылары «Әнұраным – айбыным» атты челлендж бастаған болатын. Бастамаға 5-6 жас аралығындағы 50 шақты бүлдіршін атсалысып, Шымкент, Алматы қалаларына жолдады. Шымкенттік балалар ел тарихындағы маңызды мерекеге арналған челленджді қуана қолдап, еліміздің өзге аймақтарына жолдады.

Сонымен бірге Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 4 маусым – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні» мерекесіне орай қала тұрғындарына құттықтап, ту таратылды.

Қала тұрғындарына Мемлекеттік рәміздеріміздің маңыздылығын, Отанға деген сүйіспеншілікті насихаттау мақсатында мерекелік ту шеруі өтті. Қоғамдық көліктерде, саябақтарда, гүлзарларда ту таратылып, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік шараға Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен белсенді студенттері, қаланың ерікті жастары қатысты.

Айта кетейік, ту тарату іс-шарасы «Спутник» гүлзарында, А.Асқаров атындағы «Дендросаябағы», «Гүлжан» аялдамасы, А.Байтұрсынов көшесіне дейін жалғасты.


Шымкент: Суицидтің алдын алу мәселелері талқыланды
Шымкент. Жас ғалымдарды қолдау мәселесі талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу