Бала бақытты болу үшін жаралған
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығына барып, тәрбиеленушілерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Балалардың жүзіне күлкі сыйлап, арнайы сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, мекеме аумағын аралап, балалардың
жағдайымен танысты. Ал, балалар тәрбиешілермен бірге арнайы мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Ән айтып, би билеп бар өнерін ортаға салды. Бүгінде орталық қызметкерлері балғындар үшін отбасылық жайлылық пен жылы атмосфера жасап отыр.
Түрлі үйірмелер мен секциялар жас достардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Балалар - біздің басты байлығымыз. Жас ұрпақтың жеке қабілеттерін дамытып,оларға барлық жағдай жасау, өмірін, денсаулығы мен құқығын қорғау - біздің маңызды міндеттеріміздің бірі. Мейрам қарсаңында балаларға бақытты балалық шақ, денсаулық, ата-аналарға амандық пен табыс тілейміз! Бала бақытты болу үшін жаралған. Адам өмірінің мәні мен сәні - өсіріп отырған ұрпағы. Бүгінгі ерке құлыншақтар – еліміздің ертеңі мен болашағы. Келер күннің айнасы. Шымкенттегі балалар мерекесі Арбат демалыс аймағында өнерлі өрендердің шеруімен басталды. “Балалық шақтың мекені” атты ертегі кейіпкерлерінің шеруінің ұйытқысы - Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры. Шеруге Оқушылар сарайының барабаншылар тобы, Саз колледжінің үрмелі және ұлт аспаптар оркестрі, Қуыршақ театрының қуыршақтары, сондай-ақ, қаладағы 6 театрдағы ең керемет балалар персонаждары қатысты.
Қызықты репертуар, музыкалық аспаптардың алуандығы, шығармалардың түпнұсқада орындалуы, бірнеше түрдегі музыкалық қызметтің бірігуі - сазды-театрландырылған шеру мерекелік көңіл-күй тудырып, әсерге бөледі. Шеру Орталық саябаққа дейін жалғасады.