Жастар—басты стратегиялық ресурс
Шымкент қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Ашық есік» күні өтті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жастар – еліміздің басты стратегиялық ресурсы. Қазіргідей цифрлық дәуірде интеллектуалдық және шығармашылық әлеуеті жоғары, эрудициясы терең, креативті идеяларға ие жас буынның мемлекеттік қызметте білікті маман болып қалыптасуына үлкен мән берілуде.
Болашақ мамандардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру, әкімдіктің жұмысымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған іс шараға келген студенттерді қала әкімі аппараты басшысының орынбасары Б.Асанбаев қарсы алды. Олар «Ashyq akimdik» форматында іске қосылған фронт-офиспен және қала әкімі аппаратындағы бірнеше бөлімнің жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар, аппарат қызметшілері мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған еркін форматтағы дөңгелек үстелде мемлекеттік орган жүйесінің құрылымы мен мемлекеттік қызметке орналасу қағидалары түсіндірілді.
Айта кетері, биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОқаев:
-- Келесі маңызды құндылық – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. «Туған жерге туың тік» дейді халқымыз. Бұл – өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет. Қазақстан – барша азаматымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал,-деп атап өткен болатын.