Қонаев даңғылының бір бөлігі ашылады
Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков кейбір нысандарда болып, жаяу аралап, жұмыс барысымен танысты. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Алдымен қала әкімі «Шымкентсити» шағынауданында болды. Қазіргі таңда «Шымкентсити» шағынауданында жаңа саябақты абаттандырудың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Әкім осыған орай жұмыстың қарқынын бағамдады. Сонымен қатар, «Tulip Hall» көпфункционалды орталығын пайдалануға беру дайындығымен танысты . Әлі де болса кейбір анықталған кемшіліктерді байқаған қала басшысы салалық басқарма басшылары мен мердігер ұйым өкілдеріне тез арада жоюды тапсырды.
Одан әрі қала әкімі Әл-Фараби ауданында «Халық заңгері» республикалық акциясына қатысты. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсетуді ұйымдастырушылар мен сарапшыларға ынтымақтастық үшін және іс-шарада белсенді болғаны үшін алғысын жеткізді. Ол мұндай іс-шаралардың мемлекеттік органдар мен қоғам арасында сындарлы диалог орнатуға, сондай-ақ азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар әкім қаланың оңтүстік бағытындағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында салынып жатқан Қонаев даңғылының жалғасын аралап, жұмыс барысын да бақылап көрді. Жұмыстың қарқынын көрген әкім тұрғындарға ыңғайлы болу үшін және кептелісті азайту мақсатында Қонаев даңғылының Түркістан көшесі мен Әйтеке би көшесіне дейінгі аралығын және Тәуелсіздік көшесін көлік қозғалысына ашуды тапсырды.
Бұдан бөлек, сауда-логистикалық орталығында «НМИ-ЮГ» ЖШС әмбебап қойма кешенінің құрылысына барды. Сондай-ақ «The Coca-Cola Company» сауда белгісімен сусындар шығаратын зауытта сусындарды құюға арналған жабдықты орнату барысымен танысты.
Аралауды жалғастырған әкім теміржол вокзалында болып, жаңа әуежай терминалының құрылысымен де танысты. Қала тұрғындары мен қонақтарына барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.