Қасіретті жылдар ұлт жадында
Шымкенттегі «Қасірет» мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өтті.
Іс-шара алдымен тағдырдың қатал сынағына ұшыраған боздақтар еске алынып, құрмет көрсетілді. Іс-шара ана мен бала ескерткішіне тағзым етуден басталды. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары ескерткішке гүл шоқтарын қойып, одан әрі көпшілік саяси-қуғын сүргінге ұшыраған арда азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Қаланың бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов марқұмдардың рухына Құран аяттарын бағыштады.
Солақай саясаттың кесірінен ұлтымыздың қаймағы мен қарапайым азаматтар жазықсыз жапа шекті. Енді олардың атын еске алып, жадымызда сақтау, құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы.
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен шаһарда саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарды толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істеп жатыр. Таяуда «Тарих.Тағылым.Тұлға» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция да ұйымдастырылған болатын.
Жалпы, бүгін қаладағы барлық мешітте саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, олардың рухына Құран бағыштау іс-шарасы өтеді.
31- мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Шымкентте басқа да шаралармен жалғасуда. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының "Артистті таны" жаңа жоба аясындағы алғашқы түсірілім жазықсыз жазаланған ұлт зиялыларын еске алу күніне арналады.
Халқымыздың тарихында «тар жол тайғақ кешкен» тақсыретті кезеңдердің аз болмағаны ащы ақиқат. Соның ең қайғылы беттерінің бірі - жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық.
Бүгін біз қасіретті жылдардың қайғысын еске аламыз. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды.