Шымкентте заманауи кітапхана ашылды

Oinet.kz 02-06-2024 748

кат-620x330.jpg 

Биыл өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

-- Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек,-деген болатын.

 Жуырда Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай, орталықта заманауи үлгідегі кітапхананың ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялыр қызметі хабарлады.

Кітапхананың ашылу салтанатына Шымкент қаласы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жаннета Жазықбаева, Шымкент қаласы білім басқармасының қамқоршылық пен қорғаншылық бөлімінің бас маманы Саят Исабеков және ардагер ұстаз Роза Байсариева қатысты.

- Қай кезде, қай заманда болмасын кітап құндылығын жоғалтпайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деген болатын.

Орталықта ашылған кітап сөресінде қазіргі таңда 1000-ға жуық кітап қоры жасақталып, Қазақстанның қорықтары мен ұлттық саябақтары бейнелеген заманауи үлгідегі карта ілінді. Кітапхана бірнеше бөлімдерден тұрады. Олар "Ұлтына ғұмырын арнаған Ұлы тұлғалар" , "Әлем әдебиеті", "Тарих тағлымы", "Ертегілер еліне саяхат", "Жаңа кітаптар галереясы", "Пайдалы кеңестер" және "Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт (психологиялық кеңестер)" бөлімі.


Жастар—басты стратегиялық ресурс
Шымкентте «Бір күндік клиника» іске қосылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу