Шымкентте жамбы атудан Азия чемпионаты басталды
Шымкент қаласында алғаш рет ересектер арасында жамбы атудан Азия чемпионаты өтуде. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
14-18 сәуір аралығына жоспарланған құрлық чемпионатында 14 мемлекеттен (Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Тайвань (Қытай туымен), Таиланд және Қазақстан) келген, жалпы 64 спортшы бақ сынайды.
Бүгін жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңызы зор екеніне тоқталып өтті.
- Елімізде ұлттық спорттың дамуына айырықша назар аударылып келеді. Биыл Астана қаласында дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Шымкент қаласы спортшылары да ұлттық құрама сапында жауапты сайысқа қатысады. Ұлттық спортты дамытуда қаламызда кезекті рет халықаралық бәсеке ұйымдастырылып отыр. Шымкент қаласына қош келдіңіздер, - деді қала әкімінің орынбасары.
Спортшылар 4 стиль (жамбы, түркі, азия, мажар стильдері) бойынша жарысқа түседі. 15 сәуір мажар стилі, 16 сәуір азия стилі, 17 сәуір түркі стилі, 18 сәуір жамбы стилі бойынша сайыстар өтеді. 19 сәуірде шетелдік қонақтар Түркістан қаласына экскурсия жасайды.
Айта кетсек, Азия чемпионаты 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында ұйымдастырылып отыр.
Айта кетері, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласына өтеді. Оған жүзден астам елден 4 мыңға жуық спортшы қатысып, сонымен қатар 100 мыңнан астам турист келеді деп жоспарланып отыр.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұлттық ойындардың жиырма түрінен (ат спорты, күрес, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту, саятшылық және тағы басқа) жарыстар және ұлттық өнердің ондаған түрінен арнайы көрсетілім сайыстары ұйымдастырылмақ.