Тазалық өзімізден басталады
Мемлекет басшысы cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшемі болмақ.
Жалпы, өңірлердің басшылары қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізуі керек.
Осыған байланысты өңірлерде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жүріп жатқаны белгілі.
«Тазалық өзімізден, қоршаған ортаға деген көзқарасымыздан, тұратын, жұмыс істейтін, білім алатын жерден басталады. Ал, оның барлығы өскелең ұрпақтың бойына отбасындағы тәрбиемен келетін қасиет. Асанбай Асқаров атындағы дендробақта бүгін Абай ауданының тұрғындары, жастары жиналып, көктемгі шаруаларға атсалысып жатқаны қуантады. Игі іс әрдайым жалғасын тауып, қаламыз көркейе түссін!». Абай ауданына қарасты Қызылжар шағынауданы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Бастархан Байжанов қария жастарға осылай деп батасын берді.
#TazaShym жалпықалалық тазалық іс-шарасы аясында Абай және Қаратау ауданының тұрғындары, А.Асқаров атындағы дендробақ директорының орынбасары Е.Төрехан, славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Н.Романова, Жастар ресурстық орталығының жастары А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябағы мен «Қасірет» мемориалы аумағын қоқыстан тазарту, көгалдандыру жұмысына қатысты.
– Акцияға қатысушылардың ерекше көңіл күймен, белсенділік танытып жатқаны қуантады. Ораза айт мерекесіне орай барлық қатысушыларға бауырсақ үлестірілді. Бұл да еңбек етіп жатқан азаматтарға серпін берді. Жалпы, үгінгі тазалық шарасына 2 мыңға жуық адам, 23 техника жұмылдырылған. Таңғы сағат 8-ден бастап тұрғындар Абай ауданына қарасты 4 локацияда жұмыс істеді. Акция барысында, 14867 шаршы метр көше бойы, 10,1 шақырым аяқ жол тазартылды. Сонымен қатар, 12300 түп ағаш діңі әктеліп, санитарлық қырқу жұмыстары жүргізілді. Қазірге дейін 120 текше метр қоқыс шығарылды, - дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлнұр Асылбекова.
Е.Төреханның айтуынша, жастар ағаштардың діңін ақтаумен қатар, тұқымбақтағы ағаш көшеттерінің түбін арамшөптен тазартқан.
«Шымкент келбеті»