Ара мен Шегіртке (ертегі)
Ен далада әндетіп ұшып келе жатқан шегіртке гүлдердің тәтті шырынын жинап жүрген араны көрді. Ол арадан: — Достым, ұзақ күнге дамыл таппай, жаныңды жеп не істеп жүрсің? -деп сұрады. — Сұрама. Әр гүлге бір қонып, дүниені шарлап, тырнақтап шырын жиып жүрмін. — Жиған шырынды нендей қажетіңе жаратасың? — Бал жасаймын. — Балды қайтесің? — Адамға сыйлаймын. Адам оны жейді, дәрі-дәрмек ретінде пайдаланады. — Адам саған не береді? — Үйшік жасап, қамқорлық етеді. Ал сен не істеп жүрсің? — Мен егіннің дәніне тойып алып, ән салып, билеп жүрмін. — Жиған дәніңді не істейсің? — Не істеуші едім. Өзім тойғанымша жеймін. Басқан ізіме у шашатын адамға сыйлайды деп пе едің? — Білдім, білдім, адамның сені неге қас тұтып у себетінін, — деді ара. Шегіртке араның сөзін ұнатпай, шыр етіп ұшып кетті.