МИБ-ті онлайн тіркеу енді оңай
23-04-2023
Биыл Еңбекші ауданына қарасты 73 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталықтың ұйымдастыруымен өткен баспасөз брифингінде аудан әкімі Досбол Есілбек мәлімдеді.
– Бүгінгі күнде Еңбекші ауданының аумағы 22 800 гектарды құрап, халық саны 228 830 адамға өсті. Жаңа Тұран ауданының құрылуына байланысты Қаратау ауданынан Исфиджаб, Орманшы, Достық тұрғын алаптары мен Азат шағын ауданы, ал Әл-Фараби ауданынан Бадам шағын ауданының екінші бөлігі қосылды. Ауданда 18 тұрғын алап және 11 шағын аудан бар. Өткен жылы аудан аумағының ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 94,5 пайызды құрады, – деді аудан әкімі.
Қалаға қосылған жаңақұрылыс аймақтарын ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстарын «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і жүргізіп отыр. Жыл соңына дейін жұмысты аяқтау жоспарланған. Ауданға жаңадан қосылған Исфиджаб тұрғын алабын сапалы ауыз сумен қамту үшін қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланыпты.
Автожолдар мәселесі де тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келеді. Ауданда 728 көше мен өткел, 1 саябақ, 2 гүлзар, 283 көпқабатты және 37 061 жеке тұрғын үй орналасқан. Көшелердің жалпы ұзындығы 732,91 шақырымды құрайды. Оның 535,77 шақырымы асфальтты, 158,38 шақырымы тас жол, қалған 38,76 шақырымы топырақ жол. Бүгінде аудан басшылығы автомобиль жолдарының жағдайын жақсартуды басты назарда ұстап отыр. Мәселен, 2021 жылы 4 магистралдық және 53 орамішілік көшеге асфальт жабындысы төселген. Былтыр жалпы ұзындығы 86,4 шақырымды құрайтын 132 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, ауданға қарасты Базарқақпа тұрғын алабындағы Сайрам су өзенінен өтетін көпір демеушілер есебінен қайта салынып, тұрғындардың игілігіне тапсырылыпты. Ал, биыл ұзындығы 45,5 шақырымды құрайтын 73 көшені жөндеу жоспарланып отыр.
Досбол Күздікбайұлының айтуынша, аудан шекарасының қайта өзгеруіне байланысты тұрғындардың табиғи газбен қамтылуы 87,2 пайызды құрап отыр. Ал, қалған 12,8 пайызды табиғи газ жүйесіне қосу жұмыстары 2023-2025 жылдарға арналған жоспарға енгізілген. Қазіргі таңда 5 елді мекеннің жаңақұрылыс аймағындағы 3 739 абонентін газ жүйесіне қосу үшін жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр.