МИБ-ті онлайн тіркеу енді оңай
23-04-2023
Шымкент қаласының тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге арналған жаңа бағдарлама «Qamqor» деп аталады. Оның шарттарына сай 10 пайыздық алғашқы жарнамамен тұрғын үй алуға мүмкіндік туып отыр. Бағдарлама бойынша несиелендірудің бірінші траншы 3 млрд теңгені Шымкент қаласының әкімдігі бөліп отыр.
Кеше «Qamqor» тұрғын үй бағдарламасын несиелендіру жөніндегі келісімге Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова қол қойды.
Бағдарламаға дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, мұғалімдер, тәрбиешілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, мәдениет, спорт қызметкерлері, журналистер, қалалық мемлекеттік ұйымдар мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері және энергетика саласының өкілдері қатыса алады.
Отбасы банк жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтініштерді қабылдап, әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жасайды. Банк бұл үдерісті «Баспана маркет» порталында (https://otbasybank.kz/) цифрландырады. Өтініштердің қашан қабылданатыны туралы мәлімет кейінірек жарияланады.
Жеңілдетілген несиелендіруге үміткерлер пулына көп ұпай жинаған азаматтар енетін болады. Ұпайларды санағанда некеде тұрған жылдар саны, балалардың саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы және Отбасы банкте үміткердің депозиті бар-жоғы ескеріледі.
«Qamqor» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар: біріншіден, қатысушының жасы өтініш берген сәтті қоса алғанда 63 жастан аспауы керек. Екіншіден, үміткердің және оның отбасы мүшелерiнiң соңғы 5 жылда Қазақстан аумағында жеке меншiк құқығындағы тұрғынжайы болмауы қажет. Үшіншіден, соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұруы талап етіледі. Төртіншіден, Шымкент қаласында таңдаған саласы бойынша соңғы 12 айдан кем емес жұмыс өтілі болуға тиіс. Және соңғысы – бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек пен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова мегаполистің Асар шағын ауданы, Шымсити мекенжайында орналасқан «Asar House» тұрғын үй кешенін пайдалануға беру рәсіміне қатысып, 100-ге жуық қала тұрғынына жаңа пәтерлерінің кілтін табыс етті.