Электронды оқулық кітаптың орнын алмастыра ала ма?
Еліміздегі мектеп бағдарламасына әйтеуір жыл сайын бір өзгерістің енуі қалыпты жағдайға айналды. Оның барлығы шәкірт пен оның ата-анасына тиімді деп айта алмайсың. Министрліктің тірлігін де анау-мынау адам түсіне бермейді. Әсіресе, оқулықтардың сапасыздығы туралы әңгіме жиі айтылатын болды. Яғни оқулықтағы тым ұзақ материалдар оқушының таным-түсінігіне, қабілетіне сай келмей жатады. Оның үстіне бір оқулықта берілген материал екінші бір оқулықта басқаша баяндалып жатады. Соның салдарынан оқушы түгілі оқытушының өзі де «Мұның қайсысы дұрыс еді?» деп, шатасатын дәрежеге жеткен. Соңғы жылдары бастауыш сыныптың оқушыларының сөмкесі де ауырлай бастады. Әрқайсысы жарты келі тартатын кітаптарды көтеріп жүру баланың денсаулығына зиян дейді ата-аналар. Былтырдан бастап бұл проблема өз шешімін тапқан болатын. Нарықта ерекше плекс мұқабалы, яғни жеңіл оқулықтар пайда болды. Ереже бойынша енді бастауыш сыныптар үшін кітаптың салмағы 300, 5-6 сыныптарға 400, 7-9 сыныптарға 500 граммдық өлшеммен бекітілген.
Алайда болашақта мектеп оқушылары оқулықтарды мүлдем қажетсінбеуі ғажап емес. Себебі мұқабасы қалың кітаптардың орнын электронды оқулықтар алмастыруы бек мүмкін. Білім саласындағы мұндай жаңашылдыққа Қытай алғаш болып қадам басуда. Аспан асты елінің үкіметі мектеп оқушыларына арнап пәленбай оқулық басып шығарғаннан гөрі, оларды планшетпен қамтамасыз етуді қолайырақ санайды. Барлық пәннің оқулығын электронды түрге ауыстырудың пайдасы қандай болмақ?! Жаһандану заманында баланың қолында сөмке емес ноутбук немесе планшеттің болуын бүгінде көптеген дамыған, дамушы мемлекеттер қолдап отыр. Мамандар электронды оқулықтардың қарапайым кітаптардан бірнеше артықшығын алға тартады. Электронды оқулықтардың, дәстүрлі қағаз кітаптардан айырмашылығы біріншіден «жанды» болып келеді. Екіншіден, ол оқушыға ешқандай салмақ түсірмейді, бір құрылғының ішінен кез-келген уақытта кез-келген пәнді ақтарып, оқуға мүмкіндігі бар. Үшіншіден, республикалық мектептерде кітап санының жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан ата-аналар әр оқулықты кем дегенде сегіз жүз, мың теңгеден сатып алатыны анық. Егер электронды оқу үрдісіне көшкен жағдайда кітапқа шығындала қоймайсыз. Төртіншіден, баланың жастайынан технологияны жетік меңгеріп кетуіне жол ашылады. Оқушы электронды оқулықпен жеке жұмыс жасайды. Мысалы, оқушы физика, химия, биология пәнінен тәжірибелер жүргізіп және зертханалық жұмыстарын үйінде отырып компьютерде орындай алады. Жаңа тәсіл ұстаздар қауымына да тиімді болатынын айта кетейік. Электронды оқулықтар, өзінше бір репетитор ретінде мұғалімге оның дербес өздік жұмысын сапалы ұйымдастыруға көмектеседі.
Қарыштап дамып келе жатқан Қазақстанның шәкірттері заманға сай білім алғаны әрине, құптарлық әрі жарасымды болар еді. Дегенмен электронды құрылғымен оқушылардың көп жұмыс жасауы, ұдайы пайдалануы олардың денсаулығына, физилогиялық дамуына кері әсерін тигізетінін ғалымдар дәлелдеп отыр. Соған қарамастан электронды кітаптар дәстүрлі кітаптардың орнын түгелімен алмастыра ала ма? Қазақстан мектеп бағдарламасы бойынша электронды оқулықтармен білім алуға көшкеннен не ұтады және бұл ұстаздар мен шәкірттерге қаншалықты тиімді? Бұл мәселеге өзгелердің пікірі қандай екен?
Мұсағали Дуамбеков, Халықаралық экологиялық академияның президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор:
«Баспахананы асырап отырмыз»
--Көптеген дамыған мемлекеттердің мектеп қабырғасында оқушылар электронды құрылғыларды, кітаптарды еркін қолданып келеді. Бұл жаһанданудың бір көрінісі. Сол себепті алпауыт мемлекеттердің қатарына қосылып, олардың ізінде қалып кетпес үшін мектеп оқулықтарын электронды нұсқаға ауыстырған әлдеқайда тиімдірек болар еді. Қазір біз осы үрдіске көшудің алғашқы қадамдарын жасап жатырмыз деп ойлаймыз. Оқушылар қағаз кітаптармен білім алып жатқанымен жоғары сыныптың оқушылары интернеттен материалдарды іздестіріп, электронды кітаптарды қосымша пайдаланып келеді. Электронды оқулықтарды мектеп бағдарламасына түгелімен енгізсек білім саласындағы біраз шикіліктің орны жойылар еді. Біріншіден оқулықтардың сапасыздығын, екіншіден ата-аналардың қалтасы қазіргідей соншалықты жұқармас еді. Мұны айтып отырған себебім қателері өріп жүрген оқулықтардың мың теңгеден кемі жоқ. Мәселен былтыр қызым бірінші сыныпқа барғанда бақандай 17 мың теңгеге кітап сатып алдық. Бірінші сыныптың оқушысына оннан аса кітапты алуды мәжбүрлейді. Оқулықтардың атынан адам шатасады. Уақтысында біз бір әліппе, бір ана тілімен сауатымызды ашып едік. Бүгінде алты, жеті жастағы баланың миын саны көп, сапасы жоқ оқулықтармен ашытып жатырмыз. Билік, халық балаға білім беруді қамтамасыз етіп отырған жоқ, керісінше сол оқулықтарды шығарып отырған баспаханаларды асырап отырмыз. Сондықтан мемлекет қырауар қаржыны кітап басуға шығындамай электронды оқулықтарды қолға алса бізге де балаларға да тиімді болар еді. Болашақта бұл жоба жүзеге асады деген сенімдемін. Алайда мына мәселені де назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Ноутбук, планшетпен жұмыс істеген балалардың денсаулығы қалай болмақ? Егер қағаз кітаптардың орнын электронды оқулықтар басқан жағдайда медицина мамандары оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты пәлен уақыт электронды құрылғыларды пайдалануға болады деген ереже қалыптастырса ешқандай қауіп бола қоймас.
Майра Сұлтанова, Қазақстанның Халықаралық бағдарламалар түлектері қауымдастығының өкілі:
«Кітаптан бас тартпаған жөн»
-- Кітап – тәрбиенің, білімнің қайнар көзі. Кітап оқу қай заманда да «сәннен» қалмайды деп ойлаймын. Дегенмен технологияның күннен күнге қарыштап дамып отырған заманында көштен қалуға болмайды. Балаларымыз дәуіріне сай білім алғаны дұрыс. Тарыдай болып кіріп таудай болып шығатын білім ұяларында электронды оқулықтардың болғанын қалаймын. Өркениетті мемлекеттерде қалыптасқан дәстүрді неге біз де қолданысқа енгізбеске. Дей тұрғанымен осы уақытқа дейін өзіндік құнын жоғалтпаған кітаптардан үзілді кесілді бас тартуға болмайды. Оларды да қосымша оқытқызып тұрғаны дұрыс. Өйткені кітапты қолға алып оқыған үлкен мәдениеттіліктің, тәрбиеліліктің белгісі деп есептеймін.
Серікбол Шәймардан, өнертапқыш:
«Жеті рет өлшеп, бір рет кессе...»
--Болашақта техника, электрониканы меңгермеген адам қазіргінің тілімен айтқанда білімсіз, сауатсыз адам болып саналады. Осындай сауатсыздықтан болашақ ұрпағымызды қазірден бастап қорғау біздің міндетіміз. Білімнің көзі мектеп болғандықтан оларды бүгіннен бастап жаңа технологияға, жаңа үрдіске үйреткен дұрыс. Оның бастамасы әрине, электронды кітаптар. Электронды кітаптармен білім берудің артықшылықтары өте көп. Сауатын ашумен қатар бала өздігінен жұмыс жасауға дағдыланады. Әрі ауыр кітаптарды арқалап жүрмейді. Оның үстіне балаларды қалың кітаптардан гөрі ноутбук, планшеттің қызықтыратыны сөзсіз. Арамызда техника құралдары оқушылардың денсаулығына зиян деп дабыл қағушылар табылады. Олардікі меніңше электрофобия, тартыншақтық, жасқаншақтық. Егер мемлекет барлық жағын мұқия қарастырып, ережені жеті рет өлшеп барып қабылдаса шәкірттерге ешқандай зиян келмейді.
Байыт Қабанұлы, ақын:
«Тиімсіз»
-- Жаһанданудың «көкесі» осы екен деп ұрпағымыздың болашағымен ойнауға болмайды. Балаға білім беру өте күрделі әрі жауапты іс. Мемлекет әр баланың білімімен қатар денсаулығына да жіті көңіл бөлуі керек. Ал жоғарыда айтылып жатқан электронды оқулықтар балалардың денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізеді. Онсыз да қазіргі балалар таза ауада жүгіріп ойнау, спортпен айналысу дегеннен мақұрым қалып барады. Барлығының аңдығаны сол электронды құрылғылар. Ал экологиялық таза жолмен жасалған кітаптарды бір шетке ысырып ұл-қыздарымызды планшет, компьютерге байлап қоюғаннан тек оқушылардың өзі жапа шегетін болатын. Өйткені күнінің жартысын планшетке үңілумен өткізген балада қандай денсаулық болсын?! Бұл балалардың психологиясына да ауырлық түсіреді деп ойлаймын. Электронды кітаптармен оқушылардың барлығы білімді болып кетеді деген күлкілі жағдай емес пе?! Кәдімгі кітаппен –ақ балаға сапалы білім беруге болады.
Дерек пен дәйек:
1971 жылы Майкл Харт компьютерге АҚШ тәуелсіздігі Декларациясының мәтінін теріп алғашқы электронды кітапты жасап шығарды. Көптеген кітаптардың электронды көшірмелерін жасау жолымен, осылайша, «Гутенберг» жобасы бастау алды.
Мұрағаттан: 02.04.2015