Мұғалімнің интернеттегі әр жазбасы бақылауға алына ма?
Қазақстандық мұғалім Асхат Әлімов болашақта мұғалімдердің «цифрлық ізі» қолданысқа енуі мүмкін екенін айтады. Яғни, сіздің интернетте қай сайтқа кіріп, қай жерге қандай пікір қалдырғаныңыз басты назарға алынып, жұмысқа тұруыңызға ықпал етуі бек мүмкін екен.
Бұл болжамын мұғалім нақты қандай негізге сүйеніп отырып жасағанын түсіндіріп жазбайды. Алайда қазіргі кезде қазақстандық мұғалімдердің қандай тақырыптарға «лайк» басып, қай мәселе бойынша пікір жазатынын басты назарға алып Facebook әлеуметтік желідегі «Менің мектебім» тобына түрлі тақырыпта пост шығарып тәжірибе жасаған. Асхат Әлімов әріптестерін мейлінше жан-жақты сауатты болуға және әрбір жазатын пікірін ой елегінен өткізіп жазуға шақырады. «Болашақта жұмысқа тұру үшін бүгінгі түйіндемелердің (резюме) орнына әрқайсымыздың «цифралық ізіміз» қолданыста болады деген болжау айтылады. Яғни, біздің қандай әлеуметтік желілерге кіріп, онда не оқып, не қарап, не жазғандарымыз, интернетте қандай сайттарға кіріп, қандай материалдарды іздегеніміз, қарағанымыз не оқығанымыз, олар туралы қандай пікір қалдырғанымыз (не қалдырмағанымыз да) біздің танымдық және кәсіби деңгейлерімізді айғақтайтын болады. Жұмысқа тұрғанда, кез келген жұмыс беруші арнайы сайтқа кіріп, жұмысқа тұрғысы келген адам туралы осындай мәліметтермен таныса алады. Арнайы «досьенің» де керегі жоқ: біздің «цифралық ізімізден» біздің қандай екендігімізді оп-оңай ажыратып, пікір қалыптастыруға болады.
Сондықтан да қазірден бастап, әлеуметтік желілер мен интернетті тұлғалық және кәсіби дамудың көзіне айналдырған жөн болар. Яғни, мәнді әрі мағыналы тақырыптарды іздестіріп, бізді дамытатын мазмұнды материалдарды оқып, терең түсінігіміз бен позитивті пайымдауларымызды жазбаша түрде қалдырып отырайық. Болашақта біздің не іздеп, не оқып, не қарап, не жазып отырғандығымыз маңызды болады». Осындай ойын ортаға салған мұғалім өз тәжірибесінің қорытындысын былайша шығарғанын жеткізеді:
- мұғалімдер әлеуметтік желіні кәсіби білікті дамыту, тәжірибемен бөлісу көзі мен мүмкіншілігі деп танымай, қызықты әрі таңғалдыратын материалдармен танысу орны деп есептейтін секілді;
- әлеуметтік желіде күрделі тақырыптарға жазылған не айтылған материалдар мұғалімдер арасында жоғары сұранысқа ие болмайтын тәрізді;
- мұғалімдер негізінен кәсіби емес тақырыптарға әуес;
- мұғалімдер шағын көлемді қысқа материалдармен танысуға құмар.
Асхат Әлімовтің бұл жазбасы осы топтағы біраз мұғалімнің көңілінен шыққан. Жазбаның астына қалдырылған әрбір сөйлемнен байқағанымыз, жүздеген мұғалімге пост ұнаған. Сонымен қатар бұл жазбаның дұрыстығын да қолдайды сол пікір қалдырушылар. Дұрыс делік. Мұғалім мемлекеттің айнасы десек, олардың мектепте ғана емес, әлеуметтік желілерде де өздерін ұстау қасиеті өзгелерге үлгі болуы керек-ақ. Әйтсе де, осы жазбаға пікір білдіріп, қолдағандардың ішінен бір де бір мұғалімнің «интернеттегі ізіміз жұмысқа қабылдануымызға әсер етуі мүмкіні қалай? Сөз бостандығы қайда қалады сонда?» деген сыңайдағы сұрақты көлденең тартпапты. Мұғалімнің біліктілік, білім дәрежесі тек мектепке қатысты мәселеге «жұмсақ пікір» жазумен ғана шектеле ме? Қоғамдағы келеңсіз дүниелер, білім саласындағы былықтар, әлеуметтік әділетсіздіктер туралы тақырыптардан «интернет ізін» таза сақтауы үшін мұғалім айналып өтуі керек пе сонда? Бұл қалай?
Бұл сұрағымызға Қазақстан ұстаздарының құқығын қорғаушы, белсенді мұғалім Айман Сағидулланың жауабы мынадай болды: «Мұғалім де жаны мен жүрегі бар адам. Қоғамдағы болып жатқан жағдайға араласпаса, ол несіне мұғалім? Мұғалім тек қана "Лиссон стади, Сингапур" деп армандап отыратын мамандық емес. Мұғалім өз еліне, халқына жаны ашып, әр мәселесін түсініп отыратын адам. Елдің мәселесіне араласып, өз ойын айта алмаса, мұғалім болудың не керегі бар?
Таң қалатыным, сол жазбаға көп мұғалімдер қолдау білдіріпті. Түсінбей қолдай салған ба, әлде болашақта әлеуметтік желідегі пікірімізді, кірген сайтымызды директордың тексеріп болып, жұмысқа алуын қолдап отыр ма?
Алаңдамаңыздар! Болашақта ондай болмайды. Сөз бостандығы бар. Біз де жаны мен жүрегі бар адамбыз. Мұғалімнің қандай пікір жазатынын өлшеп беретіндей ешкімнің құқығы жоқ.Тірі болсақ ондайға жол бермейміз.
Келесі жолы біреуді қолдайтын кезде жазбаны дұрыстап оқыңыздар.
Әйтпесе министр :"Халық қолдап отыр,"-деп әдеп қағидасына енгізіп жібермесін».
Тарих пәнінің мұғалімі Димаш Мысырұлы да әріптесі Асхат Әлімовтің жазбасын оқығанын айтып: «Иә, Асхат ағай ұстаздарды ұсақ-түйекке үйір болмауға шақырып отырған да болар. Бірақ кіріспесіндегі айтылған ой менің де көңіліме секем түсірді. Расымен, әр қимылымыз бақылауға алынар болса, онда мұғалім ғана емес, Қазақ елінің азаматы болудың өзі қиын ғой?! Және ең қауіптісі, осындай идеялы жазбалардың көптің талқысына салынатыны. Неге дейсіз бе? Себебі, біздің шенеуніктер дәл осындай идеяны жүзеге асыруда алдына жан салмайды ғой. Асхат ағайдың бұл жазбасы министрліктегі бір жандайшаптың көзіне түсіп, осындай ереже енгізіліп кетсе, не болмақ? Мұғалім әлеуметтік желіде әділетсіздің жанын өртеп бара жатса да, «жұмыссыз қалмайын» деп үнсіз қарап отыра береді ғой онда. Билікке керегі де осы емес пе? Билік былай тұрсын, бір мектепті уысында ұстауға жанталасатын диктатор директорлардың Құдайы береді, егер мынадай идея жүзеге асырылса. Керісінше, ең алдымен қоғамда мұғалім белсенді болуға тиіс. Кез келген қоғамдық мәселеге көзқарасын білдіруі үшін мұғалімдерге мейлінше еркіндік қажет. Қазірдің өзінде Фейсбукта әрбір мұғалімнің не жазып, не қойғанын аңдып отыратын завуч, директорлар аз емес. Әлеуметтік желі әлеуметтің пікірін ортаға емін-еркін салуы үшін ашылған дүние. Сондықтан мынадай нәрсенің көпшілік талқысына түсуін қолдамаймын».
Дәл осындай қарсы пікірлер әлеуметтік желінің басқа тарапында да жазылып жатқанын ескерсек, біздің мұғалімдердің арасында әлі де жазылған дүниенің негізгі мағынасына мән беріп, талдау жағы жетіспей жатқанын байқайсыз. Асхат Әлімовтің мұғалімді жұмысқа қабылдау жүйесі «интернеттегі іздерімен» өлшенуі мүмкін деген болжамына қатысты ешбір сұрақтың туындамауы қалай? Не себепті жүздеген оқырманы бар топта осындай болжамын жариялады? Бұл болжам ұсыныс па, әлде жай ғана жазыла салған нәрсе ме? Өкінішке қарай, мұндай сұрақтар «Менің мектебім» тобының мүшелері тарапынан қойылмаған. Кез келген мәселенің қазір ең алдымен әлеуметтік желілерде талқыланып барып, шешілетінін, жүзеге асатынын ескерсек, әлдебір болжамды жарияламас бұрын, сол болжамның іске асып кетуі жағын назарда ұстау мұғалімдерге артық болмас.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ