Ашық сабақ. Математика. Логарифм. Ондық және натурал логарифм
Логарифм. Ондық және натурал логарифм. Логарифмдік өрнектерді түрлендіру
Сабақтың тақырыбы: Логарифм. Ондық және натурал логарифм. Логарифмдік өрнектерді түрлендіру
Сабақтың мақсаты: Логарифм және олардың түрлері туралы түсінік қалыптастыру. Логарифмдік өрнектерді түрлендіріп, мәнін таба білуге үйрету.
Тәрбиелік мақсаты: Топпен жұмыс істей отырып, ұжымшылдыққа, шешімділікке, өз ойларын жүйелі жеткізе білуге, танымдық белсенділіктерін, қарым - қатынас мәдениетін тәрбиелеу;
Дамытушылық мақсаты: Студенттердің коммуникативтік өзара әрекеттері үшін жағдай жасау, өз ісін бағалау іскерлігін дамыту. Көру жадын дамыту; оқу материалын саналы қабылдауын, логикалық ойлауын, математикалық сауатты тілін дамыту.
Сабақтың типі: аралас сабақ
Сабақтың түрі: дәстүрлі емес
Сабақтың өткізілу формасы: топтық, сұрақ - жауап, көрнекі - түсіндірмелі
Күтілетін нәтиже:
Студенттер білуі тиіс: қоршаған ортаны көріп, түсіне білу қабілеті, онда бағдар жасай білу, өзінің рөлі мен лайықтылығын сезіну, өзінің әрекеті мен ісіне арналған мақсатты және мағыналық бағдарын таңдап, шешім қабылдай білуі; меңгеретін пән саласындағы ғылыми - әдістемелік ілімді; материалдың негізгі мазмұнын, Отан, қазақстандық патриотизм ұғымдарын кіріктіру
Игеруі тиіс: жаңа оқу материалын түсініп, берілген тапсырмалар туралы өзіндік шешім қабылдау, талдау, салыстыру дағдысын
Меңгеруі тиіс: алынған білімді алдағы тапсырмаларда түрлендіріп қолдана білу, логикалық ойлау дағдысын, өз ойын жинақты, жүйелі жеткізе білу
Кешенді оқу – әдістемелік қамтамасыздандыру ету: интерактивті тақта, презентация, таратпа материалдар, шар.
Пәнаралық байланыс: Тарих пәні, қазақ әдебиеті
Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі. Студенттер орындарынан түрегеп тұрады. Оларға үш түсті қағаз тілшелер таратылады. Сол түстер бойынша столдарға қойылған шар түстеріне қарай орындарына отырады. Топқа сәттілік тілейді.
2. Шар қорапшасындағы конверттен өздеріне тиесілі сөзді тауып сол бойынша психологиялық тренинг, «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» әр топ өздеріне берілген шардағы сөзді анықтайтын ұғымдарды айтады.
3. «Қайталау – оқу анасы» өтілген оқу материалын еске түсіру, ауызша тапсырмалар интерактивті тақтада көрсетіледі
4. «Өткенсіз бүгін жоқ» тарихи материалмен танысу кезеңі. Логарифмді ойлап тапқан және логарифмдік кесте құрастырған ғалым Джон Непер – Шотландияда туған. Кейін астрономия және математикамен терең айналысқан. Логарифмдік есептеулер идеясына Непер 16 - ғасырдың 80 - жылдарында келген, дегенмен өзінің кестесін 25 жыл есептеулерден кейін 1614 жылы ғана жариялаған. Ол «Логарифмдік керемет кестелер сипаты» деген атпен шыққан. «Логарифм» деген терминнің өзін де Непер ұсынған, ол оны «қолдан жасалған сан» деп аударған. Непердің кестелері мен идеялары тез таралып, қолданысқа түскен. «Непер ережесін» және «Непер аналогияларын» сфералық тригонометрияда кездестіруге болады.
1. «Білім - келешекке жарық шам» бұл кезеңде студенттермен бірлескен жаңа сабақты меңгерту, жаңа сабақты түсіндіру жүргізіледі. Бұл кезеңде математикадағы қарама - қарсы, бірін бірі толықтыратын ұғымдар бар екендігі, жалпы адамзат тарихында ешнәрсе мағынасыз жаратылмағандығын, ақ пен қара, түн мен күн, жұп пен тақ, математикалық амалдар жұптастығы туралы айтып, Шәкәрім Құдайбердіұлының өлең жолдарын келтіру. Сол сияқты көрсеткіштік теңдеуді шешуде «логарифм» ұғымы қолданылатындығын айтып оның осы жұмбаққа қатыстылығын айып тоқталу қажет. Таратылған лекциялық материал бойынша дайындық кезеңі.
2. «Өзіндік ізденіс нәтижесі» Таратылған лекциялық материал бойынша оқып үйрену барысының нәтижесі, олқылықтар мен жетістіктерін саралау
3. «Кері байланыс» студенттердің лекция материалынан түсінгендерін саралау, жинақтау, талдау. Оқу материалына қосымша түсіндірме беріледі. Күрделі, қасиеттерін қолданатын тапсырмаларды түсіндіріп өту
4. «Оқулықпен жұмыс» Мүдде - тобы №483а, 484 а, 486а, 488а, 495б
Болашақ - тобы №483б, 484 в, 486 б, 488б, 495а
Мақсат - тобы №483в, 484 г, 486 г, 488в, 495в
5. «Талдау, жинақтау» Тақырыпты бекіту слайд материалдарынан жүргізіледі.
6. Рефлекция
Фразаны жалғастырыңдар:
«Мен бүгін сабақта... біліп шықтым.»
«Мен бүгін сабақта... үйрендім.»
«Мен бүгін сабақта... таныстым.»
«Мен бүгін сабақта... қайталадым.»
«Мен бүгін сабақта... бекіттім.»
7. Үйге тапсырма
8. Тілек слайдтан