«Мәңгілік махаббат жыры» туындысындағы нақыл сөздер
"Мәңгілік махаббат жыры" – Әзілхан Нұршайықовтың жары Халимаға арнаған жазбасы. Бұл жерде отбасылық өмір, ер адам мен әйел адам арасындағы берік байланыс пен сыйластық сөз етіледі. Махаббат пен өзара түсіністік мәселесін қозғайды. Бүгін жазушының шығармасында кездескен нақыл сөздерді назарларыңызға ұсынамыз.
***
Әр әйел — өз отбасының алтын Күні. Күн — көктегі Жерге жақын газ бейнелі ең ыстық жұлдыз екені, Жердегі бар тіршілік Күннен қуат алып, соның жылуы мен жарығы арқасында өсіп өнетіні аян. Ал мен Жер әлемінің жердегі Күні әйелдер дер едім. Жер бетіндегі ең ақылды тіршілік иесі адамзат болса, адамзатты құрайтын адамдар әйел құрсағынан шығады. Әйелдің күйеуіне, балаларына сіңіретін еңбегін ешқандай электрондық есептегішпен есептеп шығара алмайсың. Әйел — Ана қарызын ешбір еркек, ешбір перзент өтей алмақ емес.
***
Өз ойымша, махаббат деген адамзат сезімінің алтын құсы сияқты. Махаббат бірін-бірі білмейтін алыс жақта дүниеге келген екі жастың жүрегін ұя еткен алтын құстың (немесе аққу құстың) ақ үрпек балапанына ұқсайды. Өз ұяларының төрінде талпынып өскен екі алтын балапан есейгеннен кейін, жүректері дірілдеп, көңілдері алабұртады. Әлдекімді іздегендей болып, жан-жағына қаранып, таранып, талпына бастайды. Өз жанымен үндес біреу бар екенін іштей сезеді. Бірақ, оның қайда екенін, қашан кездесетінін екеуі де білмейді. Олар ұядан шығып, әрқайсысы өз тіршілігімен, аспан кеңістігін самғап ұша бастайды.
Өз ұяларынан әлдебір алыс жерде немесе атамекен өз тоғайының шетінде Тағдыр ол екеуін ойламаған жерден кездестіреді. Бірі үшін бірі жаратылған екі жүрек үнсіз үйлесіп, бір ырғақпен соғып, қатар түзеп, Өмір деген көк аспанның қиырына қарай бет түзеп, қанаттарын қатар сермеп, шаттана шырқай жөнеледі... Қыз бен жігіт те сол екі алтын балапан сияқты. Олар да бірінен бірі аулақта өсіп, ақыл толтырады. Бой түзеп, ер жетеді. Көрік, келбетін, тәртіп, тәрбиесін жұрт мақтап, көптің аузына ілінеді. Олардың жүрегі жақсы сыңар іздейді. Өстіп жүрген екі жас кездейсоқта кездесіп, ойда жоқта танысып, табысады. Қос жүрек жымдасып, бүкіл дене бір бітімге айналады. Содан кейін қол ұстасып, өмірдің белгісіз бел-белестерін бетке алып, ілгері ұмтылады. Бірінен-бірі бір елі ажыраспай, тағдыр айырғанша тату-тәтті тамаша өмір сүреді. Мәңгілік махаббат деп осыны айтатын болармыз.
***
— Еркектер! Әйелдеріңді қадірлеп, құрметтеңдер. Бұл қысқа ғұмырда саған тиетін мәңгілік бақыт, байлық, ұлылық — өз әйелің ғана! Одан айырылғанда кеудеңнен жаның шығып, салдырап қу сүйегің қалғандай күй кешесің!
— Әйелдер! Күйеулеріңді күтіңдер, аялап ардақтаңдар. Өмір деген өткінші дүниеде ерлі-зайыпты екі адамның татулығынан тәтті, достығынан күшті, махаббатынан биік ештеңе жоқ.
— Жастар! Қыздарды қадірлеп, құрметтеңдер: аялаңдар, ардақтаңдар, абыройын төкпеңдер. Өзің үшін жаралған "алтын балапанды" тауып, мәңгілік махаббатқа жетуге тырысыңдар.
***
Жоқ, мен өзімді-өзім бекерге мысқылдаппын. Ғашықтың ізі болады екен. Бірақ ол топыраққа, тасқа түспейді екен. Мен оны жүрген жолдан бекер іздеппін. Асфальтқа орынсыз үңіліп, жан-жағыма босқа жалтақтаппын. Ол із өзге жерге түспепті, менің жүрегімде, ойымда қалыпты.
***
Көп әйелдер ұят дегенді естігендерімен, ұялуды білмейді.
***
Барлық әйел – бағалы! Әйелдер ең ғажайып дүние! Бірақ, біз – еркектер олардың ғажаптығын қадірлей білмейміз.
***
Әйелдер баласын мақтап, байын мадақтап, өзін өркештендіріп отырғанды ұнатады. Кейбір әйелдер ұрлық жасап, түрмеге түскен, маскүнем болып кеткен балаларын да көкке көтере мақтай жөнеледі. Күйеулерін: "Сен пәленшеден артықсың, түгеншеден де биіксің. Сенің талантыңа ешкім тең келмейді" деп қолпаштап, қоздырып, желіктіріп отырады.
***
Менің ойымша махаббат үш түрлі болады:
1. Бала махаббат.
2. Шала махаббат.
3. Мәңгілік махаббат.
Бала махаббат әркімнің басында болады. Бала күнінде бірін-бірі жақсы көрген қыз бен жігіт артынан ғашығынан көз жазып қалады. Балалық махаббатты мен де басымнан кешіргенмін.
Жұрттың көбі шала махаббатпен өмір сүреді. Алғашында бірін-бірі шын сүйдік деп қосылған екі жұп артынан аңғал қосылғандықтарын аңғарып, не ажырасып кетеді. Не, балалы-шағалы болғандықтан, жұптарын жазбай, тоқтап қалады.
Ал, мәңгілік махаббат ілуде біреуде ғана болады.