Рулық жіктер
Рулық-тайпалық құрылымның таксономиялық жіктері
Этникалық процесс – қоғамның этникалық тарихының, әлеуметтік-экономикалық дамуының бір бөлігі болып табылады, сондай-ақ ол халық тіршілігінің көптеген салаларын, атап айтқанда сан ғасырлар бойы қазақтар тарихындағы айқындаушы, өзекті құбылыстың бірі болып келген рулық-тайпалық құрылымдағы өзгерістерді қамтиды.
Этностың ертедегі және орта ғасырлардағы саралануының ең жоғарғы таксономиялық өлшемі халықты зерттеумен қатар белгілі бір тарихи уақыт аралығындағы рулық-тайпалық құрылымның даму кезеңін саралап түсіндіріп береді.
Қазақтарда бүгінгі күнге дейін сақталып келген рулық-тайпалық құрылым тайпалық бөліністің белгісі, ежелден келе жатқан құбылыс. XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы тайпалардың феодалдық дәуір жағдайында өмір сүрген сан ғасырлық кезеңі аралығында терең де күрделі өзгерістерге ұшырағанын әрдайым есте ұстау керек. Өткен ғасырлардағы Қазақстан аумағында орын алған этникалық процестерді нақ осы тұрғыдан қарастырған жөн.
Қоғам өмірінің кез келген көрсеткіші сияқты, рулық-тайпалық құрылым да қатып-семіп қалған құбылыс емес, керісінше, ол ылғи өзгерістерге ұшырап отырады, қоғамның қарыштап дамуы мен әлеуметтік-экономикалық, саяси және қорғаныс тарихындағы қайта құрулар сипаттас ел өмірінде кейде елеулі із қалдырады.
Көптеген этностардың құрамына енген түркі тайпалары қазақ халқының негізін құрады, ал оның рулық құрамы, тайпалық түп-тамырының ортақ екеніне қарамастан, Орта Азия, Орал өңірі, Алтай және басқа аймақтар халықтарынан ерекше болып келеді. Түркі халықтарының қалыптасуында олардың құрамына енген тайпалардың атқарған қызметі де бір тұрғыда емес. Мәселен, башқұрт жерінде қыпшақтар тайпалық бірлік ретінде көрінген жоқ, қазақтың қыпшақ руы ерекше рулар мен ру топтарының жиынтығы тұрғысында қалыптасты. Ол былай тұрсын, Ғиссар алқабының оңтүстік бөлігінде өмір сүрген өзбекмаркілер (юз тайпасының бір атасы) құрамында қыпшақ тайпасының бір руы да кездеседі. Ал қазақ тарихында қыпшақтар экономикалық, саяси, әскери және әлеуметтік орасан зор қызмет атқарған ірі тайпалардың бірі болды.
Орта Азия, Қазақстан және бұрынғы Кеңес Одағы халықтарының құрамына енген басқа да түркі тайпалары туралы нақ осыны айтуға болады. Бұл орайда басқа халықтардан ерекшелігі қазақтар арасында түркі тайпаларының көптеп кездесетінін, ал егер қайсыбір тайпа ішінде басқа тайпалардан келген кірмелер болса, олар бұл тайпаның рулық құрылымын өзгертпей, оған етене сіңісіп кететінін атап көрсету керек.
Басқа тайпалардан келушілердің өзінің бастапқы тегін (түптамырын) сақтамай, басқа этно-әлеуметтік ұйымға ауысатыны неліктен? Бұлайша сіңісіп кетуге әлеуметтік-экономикалық себептер әсер етті. Кірмелерге малы үшін жайылым, өзінің жеке басы мен мүлкі үшін құқылық қорғау қажет болды, ал бұған жаңа тайпаның басшылығын мойындап, оның рулық-тайпалық құрылымына етене сіңісіп кеткен жағдайда ғана қол жететін еді.
Кірмелердің басқа бір категориясы да бар, олар қазақтардың басқа халықтармен соғыс-қақтығыстары кезінде Қазақстанға көшіріліп қоныстандырылған өзге этностардың өкілдері. Қазақтардың тілін, мәдениетін қабылдап, оның бір тайпасының құрамына енген бұл қоныстанушылар (мәселен, қырғыздардың бірнеше рулары) өз этнонимін сақтап қалды және жаңа этникалық қазақ тайпасының ортасында сол руларға тән артықшылықтар мен құқықтарды пайдаланды.
Орта жүз тайпалары үшін ортақ нәрсе қоғамның тарихи дамуының белгілі бір кезеңінде туыстық жақындықты есептеудің рулық-тайпалық құрылымдарының (және соларға сәйкес әр түрлі таксономиялық жіктердің) көп сатылылығы болып табылады. Осы арада мынадай
сұрақ туады: рулық-тайпалық құрылымда ұрпақтар жігінің реттілігі толық бейнеленген бе, әлде үзіліп қалған буындары да бар ма?
Рулық-тайпалық құрылымдағы аңыз-генеалогияны айыра білу керек, оған кейінгі орта ғасырдағы мифтік, жалған сипат пен көп сатылы ұрпақтар байланысы топ, олардың тегі мифтік ата-бабадан емес, қайта нақты өмір сүрген баба есімінен басталады және олар осылайша белгілі бір тарихи жағынан анық, рулық-тайпалық құрылымның әр түрлі таксономиялық жіктерді сипаттау үшін қолданылады.
Солтүстік Аравия арабтарының когапенді қоғамын зерттей келе, А. И. Першиц былай деп жазады: «Туыстық белгі рулық-тайпалық құрылымның төменгі буындарында ғана нақты болды, ал жоғары буындарда ол көбінесе жалған, генеалогиялық сипатта еді».
А. И. Першицтің бұл айтқандарын қазақтарға да қолдануға болады. Мәселен, керейлердің, наймандардың, қоңыраттардың және басқа тайпалардың есімі монғолдарға дейінгі дәуірден, яғни олардың қазақ халқы құрамына енген уақытынан (XII-XIII ғасырлар аралығында) бұрын белгілі еді. Яғни тайпа басының аңызға айналган тұлғасы мен кейінгі орта ғасырлық ұрпақтар байланысы (линиджи) жайында айтпағанның өзінде, нақтыландырылған қазақ руларының ұрпақ жалғасуы арасында төрт, бәлкім, одан да көп ғасырларға созылатын уақыт мерзімі жатыр. Демек, бұл кезең, ондаған ұрпақпен есептелуге тиіс. Шынына келгенде қазақтың генеалогиялық құрылымында рулардың негізін салушы тайпа көсемінің мұрагер ұлы саналады немесе оның екінші-үшінші буындары ұрпағы болып табылады. Ендеше, Орта жүздің тайпалық құрылымында ұрпақ буындарының үзіліп, қайта жалғасын отыруы және рудың шығу тегі тікелей аңызға айналған дара тұлғадан басталуы қалыпты құбылыс. Найман тайпасы руларының негізін салушылар Кетбұға (Терістаңбалы найман), Сарыжомарт (Ергенекті найман), Төлегетай аңызға сәйкес, Найманның ұлдары болып есептеледі (3-кестені қараңыз). Басқа тайпалар мен олардың рулық құрылымы жөнінде де нақ осыны айтуға болады.
Кейбір аңыз-генеалогияларда тайпаның негізін салушылар мен рубасыларының арасындағы аралық буындар келтіріледі (арғындардың рулық-тайпалық құрылымын белгілейтіп 2-кестені қараңыз). Ол байланыстырушы ұрпақ өкілдері де, негізінен алғанда, қазақтардың тарихына қатысты, XV ғасырда өмір сүрген тұлғалар.
Мұндай рулық-тайпалық құрылым көшпенді және жартылай көшпенді мал шаруашылығы басым болған бірқатар халықтарға тән. Шөл және шөлейтті далаларды мекендеген көшпелі малшылардың осы ежелгі шаруашылық-мәдени үлгісі ұзақ уақыт бойы үстем болып келді және осындай үлгімен өмір сүрушілердің әлеуметтік-экономикалық уклады мен тұрмысында алғашқы қауымдық құбылысқа тән көне белгілер сақталып қалды.
Аңыз-генеалогиялардың болуын, оларда тайпаның негізін салушы аңызға айналған жеке адамнан нақтыланган қазақ руларына жетелейтін бірыңғай жүйеліліктің сақталмауын осындай себептермен түсіндіруге болады.
Ұрпақтар байланыстарының болмауы рулық-тайпалық құрылымның жоғары буындарына ғана тән емес, сонымен қатар олардың үзіліп қалып, кейде қайта жалғастық табуы төменгі таксономиялық жіктерден патрилинидждер мен матрилинидждерден де байқалады. Соңғысы қазақтың көшпенді қауымының (әулетінің) бөліну процесімен, сондай-ақ патронимиямен байланысты.
М. О. Косвен табиғи көбею қауымның бөлшектенуіне, ірі әулеттердің шағын отбасыларына ыдырауына әкеп соғатыны туралы жазды.
Мұндай әулеттер, күрделі отбасынан тұратын бірлестіктер ұлғайып, нақ сондай ретпен (М. О. Косвеннің айтқанындай) бір бағыттағы туыс топтарға (патрилиндждер) бөлшектенеді.
Өсуді, бөлшектенуді және жаңа ауылдардың құрылуын 4901 жылы зерттелген Петропавл уезі қазақтарының өмірінен айқын көруге болады: 150 жыл бұрын (зерттелген жылғыдан М. М.) уезд аумағында228; 100 жылдан 150 жылға дейінгі кезеңде 339; 100 жылдан 50 жыл аралығында 814 ауыл болған, ал соңғы 50 жылда (яғни XIX ғасырдың екінші жартысында М. М.) олар енді 1213 ауылға өскен.
Шаруашылықты жүргізудің көшпенді режимі жайылымдарды, су көздерін ұтымды да тиімді пайдалануға, малды соларға байланысты мүмкіндігінше кең аумаққа шежіресі мен Ж. Бектұровтың мәліметі арасында (көп сатылылық тұрғысынан алғанда) үлкен айырмашылық бар (5-кесте).
Осы тұрғыдан алғанда Ысмайылдың, рулық құрылымға сәйкес, Ақсары мен Құлсарының әкесі екеніне де күмән келтіруге болады. Бұл арада белгілі бір ұрпақ буыны түсіп қалған жоқ па екен?
Қазақтардың көпшілігі өздерінің жеті атасын білген. Бұл олардың өз ортасында болған экзогамия бойынша жеті атаға дейінгі адамдармен некеге тұрмауы үшін керек еді. Сөйтіп, бір жағдайда, жеті атадан алыс бір буын алып тасталып, шығу тегі арғы атадан ру басынан бастап есептеліп отырған. Екінші бір жағдайда туыстықты жаңа таксономиялық жіктен бастап есептеген кезде (ол жөнінде төменде айтылады) аралық буын үзіліп қалып, қауымдар жаңа ру атымен аталған, бірақ бұл орайда алыста қалған алғашқы (негізгі) ру басының есімі этникалық сана-сезім дәстүрі мен рулық таным ықпалымен есте сақталып қалған.
Сондықтан кез келген қазақ тайпасының рулық құрылымын бере отырып, алайда бұның өзі ұрпақтар байланыстарын толық қамтымайтынын еске салған жөн. Яки әр түрлі таксономиялық жіктер арасында «үзілістер» болуы мүмкін деп санау керек, ал мұның өзі зерттеу барысында айқын көрінеді.
Мәселен, сол Петропавл уезіндегі Полуден болысының қазақтарын арғын тайпасының негізін қалаушы Атығайдың үшінші ұрпағы деп санауға бола қояр ма екен? Бұл арада ұрпақтар байланыстарының үзілгені анық. Ал атығайлар XVIII ғасырдың басындағы құжаттарда айтылады, бірақ олардың ру ретінде одан да гөрі әріде пайда болғаны күмәнсіз.
Кез келген қазақ тайпасының рулық схемасы бойынша әр түрлі таксономиялық жіктерді аңғаруға болады (17-кестелерді қараңыз). Рулық-тайпалық құрылымдағы әр түрлі таксономиялық жіктерді жақсы түсіну үшін төмендей беретін мынадай сатылар бойынша белгілеу қабылданған.
Қайсыбір таксономиялық жіктерге талдау жасаған кезде оқырманға мынадай бағдар береміз. Біз арғын тайпасының Мәмбет руына ден қойдық делік. Бұл жағдайда туыстықты тігінен есептеу мына сипатта болады: 2-кесте: А 1 26, мұның мәнісі: Мейрам (А) Қуандық (1) Қарнық (2) Мәмбет (б) деген сөз.
Рудың маңызы мен қуаты, оның басқалар арасындағы салмағы шаруашылықтарының санымен, сондай-ақ руды, тайпаны басқаратын адамның саяси орнымен анықталып келді.
XVI-XVII ғасырларда қазақ қоғамында сұлтандар тегінен шыққан адамдар руларды, тайпаларды басқаруға, тіпті олардың кейбіреулері қазақтың үш жүзіне хан болын сайлануға дейін мүмкіндігі зор артықшылыққа ие болды.
Олар (сұлтандар) әскери-саяси билікті де иеленумен қатар жайылымдарға, су көздеріне және т. б. игіліктерге жеке-дара иелік етуге құқылы болды. Зерттеушілердің есептеулері бойынша, XVII ғасырда сұлтандар тегінің саны мың адамға жетер-жетпес болған.
Ал XVIII ғасырда хандар мен сұлтандарға қарағанда румен неғұрлым байланысты болған ру басы билердің (Шыңғыс тұқымынан тарамаған) билігі мен беделі күшейе түседі.
Бұл мәселеге қазақ қоғамының сословиелеріне сипаттама беру үшін емес, басқа себеппен тоқталып отырмыз. Мәселе мынада: архив құжаттарында белгілі бір ру, тайпа көбінесе рудың билеушісі, ұлыс иесімен қатар беріледі. Рулық-тайпалық құрылымның қазақ қоғамы тарихының белгілі бір кезеңінде өмір сүрген таксономиялық жіктері жөнінде сол құжаттарға сүйене отырып пікір айтуға болады.
1759 жылғы 22-қаңтардағы құжатта Абылай сұлтан «қазір бүкіл Орта ордада бас әмірші ретінде саналады» деп жазылған.
Сыртқы істер алқасының жарлығында (1760 жылғы 18-шілде) Абылай сұлтан «Орта қырғыз-қайсақ ордасында тек бір Атығай руының әміршісі, ал қалған руларды басқа сұлтандар мен старшындар басқарады… » делінген. Сібір губернаторының міндетін атқарушы генерал-майор фон Фрауендорфтың 1763 жылғы 11-наурыздағы рапортында да солай көрсетілген. Нақ сол рапортта атақты старшын Қазыбек биге бағынышты «Арғын руының Қаракесек ұлысы» т. б. туралы айтылады.
Шежіреге сәйкес, Атығай мен Қаракесек Арғын тайпасының түрлі тармағынан (қараңыз: 2-кесте), бірақ бір таксономиялық жіктерге жатады, яғни олар бір-біріне немере ағайын болып келеді.
Алайда, сол кездің өзінде-ақ (XVIII ғасырдың ортасы) кейбір қауымдардың, ауылдардың руларға жатуы Арғын тайпасының (рулық құрылымының) неғұрлым төменгі таксономиялық жіктерімен анықталады. Мәселен, архив құжаттарында Алтай-Арғын руы едәуір жиі кездеседі, ал шежіреге сәйкес, Алтай Қуандықтың баласы, Құтанның немересі болып табылады (қараңыз: 2-кесте).
Қазақ жүздерінің сұлтандары мен старшындарының ақпарларынан 1742 жылғы 23-30 тамыздағы құжатынан да соны аңғаруға болады. Арғын тайпасынан Атығай және Шақшақ руларының өкілдерімен қатар (2-кесте) және Алтай руларының билеушілері де орыс бодандығын қабылдаған, ал олар рулық құрылымда Атығай мен Шақшақтан бір саты төмен орналасқан (2-кесте).
Мұндай жаңа ру атының пайда болуы туыстықты жаңадан есептеумен (жаңа таксономиялық жіктермен) байланысты. Ол бастапқы рудан, әулеттен жаңа топтардың өсіп, бөлініп шығуының нәтижесі, қайсыбір топ қожалықтары санының көбеюі және олардың экономикалық жағынан біршама оқшаулануы (өзінің маусымдық жайылымы, көшетін жолы, т. б.) болып табылады. Мал жайылымын экстенсивті пайдалану жағдайында көшпенді мал шаруашылығын жүргізу әулеттен жаңа ұрпақтар қожалықтарының (балаларының, немерелерінің және т. б. қожалықтары) бөлініп шығуын және олардың қауымдары мен бөлімдері жаңа рулық топтар линидждер құруды қажет етеді.
Кейінгі тайпалық ұйымдардың өзіндік ерекшелігі мынада: қоғамның ұйытқысы енді ру емес, қайта әулет, көшпенді қауым болып есептеледі. Тайпалық байланыстар әлсіреп, тіпті үзіліп, аймақтық-әкімшілік бөліністерге орын береді.
Отбасылық қауымдар ыдыраған жағдайда жаңадан құрылған топтар шаруашылықтарының экономикалық жағынан біршама оқшауланғанына қарамастан, қауымды құрайтын үлкен әулеттер (негізгісі және олардан өсіп шыққандар) шаруашылық, қоғамдық және идеологиялық байланысын сақтап қалып, біз патронимия деп атайтын ерекше рулық топ құрады, бұл жағдайда рулық мүлік әлі де толық бөлінбейді, кейбір жер учаскелерін бірлесін пайдалану орын алады, қоғамдық-идеологиялық байланыстардың әр алуан формалары сақталып қалады.
Қазақтарда әулеттер иелігіне қыстаулар бөлген кезде сол әулеттің, қауымның барлық мүшелері үшін жазғы жайылым (жайлау) ортақ болып келді (қауымдық пайдалану). Бұл құбылыс көктемгі (көктеу), күзгі (күзеу) жайылымдарды пайдаланудан да байқалады. Патронимия мүшелері ортақ мүдделер талап ететін кезде: суландыру жүйесін салғанда, бүкіл қауым атынан мүлік құқықтарын қорғағанда ұжымдасып әрекет етті. Бір атадан тарау мәселесінде ортақ идеология т. б. сақталды.
Әдетте, жаңадан құрылған топтың мүдделерін әлеуметтік және экономикалық жағынан қорғау талап етілді. Ал мұның өзі көшпенді тұрмыс пен патриархалдық-феодалдық қатынастардың, рулық негіздердің (тіпті өзгерген және қалдықты түрде болса да) үстемдігі жағдайында жаңа рубасы, сұлтан арқылы немесе өз әулетінің мүдделерін қорғауға әзір, өз ортасынан ұсынылған алғыр да беделді адам ырқымен жүзеге асырылатын еді.
Қазақ аңызы бойынша, Арғын тайпасы рубасыларының бірі Мейрамсопы шамамен XVI ғасырдың ортасында өмір сүрген. Әдетте, осы тармаққа жататын арғындар Мейрамды өздерінің шығу тегінің түн қазығы санайды.
XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ шежірелері мен аңыздарында: жоңғарлардың Қазақстанға басып кіруі кезеңі мен ол басқыншыларды қуып шыққаннан кейін қазақ тайпаларын өздерінің ежелгі қоныстарына қайтару кезінде Қуандық, Сүйіндік, Қанжығалы руларымен қатар басқа да рулар жиі ауызға алына бастайды. Демек, бұл арада Арғынның Мейрам және Момын тармақтарының өсіп-өніп, бөлшектенуі нәтижесінде пайда болған жаңа рулардың құрылғаны айқын. Арғындардың осы ру жіктері арасында екі-үш ұрпақ буыны жалғасатын шежірелер де бар. Бірақ олар Арғын тайпасының рулық құрылымына толық сипаттама бере ала ма? Сену қиын. Яғни шежіреде уақыт өте келе рулық-тайпалық құрылымдардың кейбір сатылары естен шыққан.
Дегенмен де жоңғарлар қуып шығарылғаннан кейін қазақ руларын өз жерлеріне қайтару кезіне оралып, сол уақыттағы сатылы туыстық есебін анықтап көрейік.
Қазақтың ұлы ақыны Шәкерім Құдайбердіұлы (1858-1931) сол кездегі Еңлік пен Кебектің қайғылы махаббаты туралы дастанында жоңғарлар қуылғаннан кейін қазақ даласына қайтып оралған көптеген қазақ руларын атайды, олардың ішінде Арғынның Момыннан тарайтын тармақтары: атығай, қарауыл, бәсентиін, тобықты және қанжығалы бар. Демек, Еңлік – Кебек заманында негізгі таксономиялық жік басқалармен қатар жоғарыда келтірілген Арғын руларын да қамтыған.
Халық санының одан әрі өсуі XIX ғасырдың ортасында әулеттердің, қауымдардың одан әрі бөлшектенуіне, олардың жаңа шаруашылық ауылдары мен қауымдарына, әкімшілік өлшемдеріне топталуына әкеп соқты, ал бұдан кейін олар өз бабаларының есімдерімен (Қуандық, Сүйіндік және басқаша) емес, қайта өзінің ең жақын атасының, есімімен, яки қазақ тайпалары шежіресіндегі ең төменгі таксономиялық жіктермен белгіленді. Мәселен, Сібір қазақтары шекара басқармасының деректері бойынша (1841) Ақмола округінде мынадай Арғын болыстары болған.
Жоғарыда келтірілген 9-кестеге сәйкес, ауылдар Алтай-Қарпық руларына ғана (қараңыз 2-кесте) бірігіп қоймайды, сонымен қатар қауымдардың одан әрі бөлшектенуі мен өсіп-өнуі басталған ең жақын аталарының есімдерін алған. Болыс атаулары соған сәйкес Қарпықтың шөбересі Түнқатардың, Қарпықтың ұлы Тінәлінің, Алтайдың балалары Қарекенің, Мойынның, Алысай мен Байдалының есімдерімен аталған.
Ақмола округі бойынша жиналған деректерге қарасақ: Арғын тайпасы руларының өсіп, ең жақын атаның есімімен жаңа топтар патрилиндждер құрылуына әкеп соққанын көреміз. Қауымның әрбір адамы өзін рулық-тайпалық құрылымның жаңа таксономиялық жіктердің мүшесі ретінде есептейді. Олар Қарпықтан немесе Алтайдан тарайтын ұрпақты жақсы біледі, бірақ көбінесе өзіне неғұрлым жақын атасын (Түнқатарды, Алысайды және басқаларды) атауы дәстүрге айналған. Ал рудың шыққан түп қазығының есіміне келетін болсақ (мысалы, Қуандық), оны әркім атай алмайды. Біз бұған жасы егде тартқан адамдар, ақсақалдар (XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында туған) арасынан шежірелер іздестірген кезде жиі кездестірдік, XX ғасырдың бас кезіндегі авторлар да осындай қиыншылықтарға кездесіпті, дегенмен оларға тарих қойнаулары бізден гөрі жақынырақ болғаны белгілі. Алайда, олар да Атығай мен төменгі рулық жіктер адамдары (Есенаман, Олжағұл және Тілеумет) арасындағы, сондай-ақ Қарауыл мен оның ұрпақтары (Қобай… Тілеп) т. б. арасын байланыстырушы ұрпақ буындарын дәл анықтай алмаған.
Ақмола округі арғындарының болыстары арасында Тарақты руының атымен аталатын Тарақты болысы бар. Барлық зерттеушілер оны Орта жүзге жатқызғанымен, бұл рудың шығу тегі туралы осы кезге дейін бір пікір қалыптасқан жоқ.
Н. Аристов ортақ таңба «тарақ» негізінде тарақты руы мен Кіші жүздің табын руы өзара туысқан деп жазады. Алайда, ол да Тарақтыны Орта жүзге жатқызады. Осы руды енді бір зерттеушілер арғындарға, екіншілері уақтарға қосса, ал үшіншілері оны мүлде дербес ру деп, бөліп көрсетеді.
Алайда, бұл рудың шығу тегі туралы егжей-тегжейлі айтып жатпаймыз, оны осы жолдардың авторы ертеректегі зерттеулерінде толық анықтап берді. Халық аңыздарына сәйкес, Тарақтының арғы шығу тегі ғана емес, бұны Тарақты таңбасының Арғын таңбасынан ерекше болуы да дәлелдесе керек.
Тарақты руының мысалынан біз этникалық процестің өзіндік ерекшелігін көреміз. Ол ерекшелік рулық-тайпалық бірлестіктің немесе тайпаның құрамына жаңа этникалық элементтердің енуінен және оларды ерекше «рулар немесе ру аталары» ретінде дәстүрлі генеалогияға міндетті түрде қосудан көрінеді.
Арғындар арасында тарақтылар ерекше ру болды. Басқа рулармен салыстырғанда өзінің саны аз екеніне қарамастан, Тарақты Арғынның құрметті ұлы деп саналды, қыстаудан жайлауға көшуді әрқашан сол ру бастап отырды. Сондықтан ол «Арғынның ноқта ағасы» яғни «арғындар арасында ноқтаны иеленуші», көшті бастап, Арғынның басқа руларына жол ашушы деп аталады.
Тарақтылардың ерекше жағдайын, бәлкім, мына мәселемен түсіндіруге болар: қазақтардың отбасылық қатыпастарында патронимия мүшелері (бауырлар) өз апа-қарындастарының балаларына (жиендеріне) ерекше құрметпен қараған.
Тарақтының рулық құрылымында, Арғын тайпасының басқа руларында байқалатынындай, жаңа таксономиялық жіктер құратын өсім (тарамдар) аңғарылмайды. Барлық төменгі ұрпақтар өздерін Тарақтымыз деп атайды.
Бұл рудың бар екені өткен ғасырдың 40-жылдарының бас кезінде екі округте атап өтілген.
Шаруашылық қауымдардың топталуы мен олардың жаңа атау (Төртұл) қабылдап, басқа рулармен өзара қатынастарында сол атпен іс-қимыл жасай бастаған кезі жоңғар басқыншыларын қуып шыққаннан кейін қазақтардың Сырдария жағасынан Орталық Қазақстанға қоныс аударған уақытымен (XVIII ғасырдың екінші жартысы) дәл келеді. Өз мүдделерін қорғауға әзір адам саны басым рулармен қатар сандық құрамы шағын, сол себепті күштілермен жайылым, су көздері және қыстауға қолайлы мекендер үшін тартыста төтеп бере алмайтын әлсіз рулар да қайтып оралды. Осы шағын рулардың неғұрлым ірілеріне бірігуі ғана көршілерінің зорлық-зомбылығына тойтарыс беруге мүмкіндік алатын еді. Сондықтан Сүйіндіктен тарайтын төрт ұрпақтың өкілдері бірігіп, «төртұл» руы деген жаңа атау алды. Халық аңыздарына сәйкес бұл ру Малай, Жәдігер, Қойлыбай, Шағырбай деген ағайынды төрт адамның ұрпақтарын біріктірген.
Күшті руға қарсы тұру үшін бір топқа бірігу үлгісі қазақ тарихында аз емес. Бұл құбылыс әсіресе Қоңырат тайпасы руларының өзара қатынастарынан мейлінше айқын көрінеді (8-кесте).
Басқа тайпалар ығыстырған қоңыраттар Орта жүздің Ащысу, Сарысу озендері бойынан, Ортау тауларының солтүстік және шығыс беткейлерінен, т. б. қоныс аударып, Қаратау қойнаулары мен Талас өзені төңірегінде көшіп жүрді.
Жаңа жерлерге көшіп-қонғаннан кейін де рулар арасындағы дау-дамай, қақтығыстар тоқтамады, бұның өзі экономикалық және әлеуметтік себептерге (жайылым үшін күрес, руаралық дауларды шешуде үстемдік, т. б.) байланысты дүркін-дүркін туындап отырды.
Көрнекілік үшін өзіміз ден қоятын таксономиялық жіктердегі Қоңырат тайпасының рулық құрылымын келтіріп өтейік.
Қоңыраттардың ортақ таңбасы | | «босаға таңба», ұраны «Алатау».
Аңыз бойынша, Сары, Сапар, Божбан Жаманбайдың балаларынан қысым көрген. Саңғыл мен оның ұлы Маңғытай қысым көрген ағайындыларды жақтаған. Міне, осы бес адам (ағайынды екі адам мен үш немере) өз ауылдарымен қоса жаңа одаққа бірігіп, олардың руы «бес ата» («бес атаның баласы») атала бастаған. Бұл одақ өздерін басқа қоңыраттардан айыру үшін Саңғылдың «Мүкәмал» деген ұранын қабылдаған. Осы орайда «Алпамыс батыр» эпосында «Алатау» дегеннен басқа ұран жоқ екені еске түседі. Егер бұл эпостың қыпшақ нұсқасы XIV-XVII ғасырларда қалыптасқанын ескеретін болсақ, демек, екінші ұран («Мүкәмал») XVIII ғасырда пайда болған. Сонымен қатар бұл одақ өкілдерінің өз рулық ұрандары: сапардың «Айту», сарының «Барқы», божбанның «Қайнақ» деген өз орталарынап шыққан атақты билердің есімімен аталған ұрандары да болған. Осыдан таксономиялық жік XVIII ғасырда құрылған деген қорытынды жасауға болады.
Қоңыраттардың рулық құрылымына талдау жасай келгенде екі таксономиялық жікті: жоғарғы сатыны (Божбан мен Саңғылды) және төменгі сатыны (Сары, Сапар, Маңғытай) атап өткен жөн. Саңғыл мен оның ұлы Маңғытай дербес рулық құрылымдар құрған, оның ұрпағы әкесінің руынан оқшауланып Маңғытай төңірегіне топтасып, Қоңырат тайпасының дербес руына айналған. Ал Маңғытайдың басқа сегіз інісі болса, өздерін бұрынғысынша Саңғыл руынан шыққанбыз деп санап, ағалары сияқты дербестікке ұмтылмаған.
Әрине, белгілі бір рудың дербестігі жайында сөз еткенде оны абсолютті көрсеткішке айналдыруға болмайды. Мәселен, шаруашылықты ауылдар, әкімшілік-аумақтық өлшемдер (ескілері мен жаңадан құрылғандары) бір-бірімен қалайда тығыз байланысты болған: екінің бірінде олардың көшетін жолдары ортақ еді, бірақ әрбір жайылымдар әрбір топтың белгіленген тұрағы болды, ал қыстайтын жер белгілі бір шаруашылыққа, ауылға бекітіліп берілді; аумақтық байланыстар барған сайын ығыстырын шығарыла бергенімен, туыстық байланыс, яғни патронимияны анықтайтын белгілер үзілмей өз мәнінде сақталған.
Әрбір шаруашылық қауым өз қонысын ұлғайтып отыруға ұмтылды, алайда казак станицалары мен Орталық Ресейден қоныс аударушылар қазақ жеріне қазықты көп қаққан сайын жайылымдық алқаптар тез тарыла түскен еді. Бұған қоса біраз жер көлемін феодалдар мен старшындар (батырлар, билер, байлар) тартып алды. Халықтың табиғи өсімі артып, жаңа шаруашылықты ауылдардың, тіпті болыстардың да пайда бола бастауы жер тапшылығын күн өткен сайын анық байқата берді.
Егер XIX ғасырдың 40-жылдары басында Ақмола округінде бір ғана Тінәлі-Қарпық болысы болса, XIX ғасырдың, аяғы XX ғасырдың басында бұл болыстық бес болысқа өсіп, ондағы тұрғындар бұрынғы алыс аталарын ауызға алмай, ең жақын таксономиялық жіктегі тұлғаның есімімен өздерін тек тінәліліктерміз деп атаған. Бұл жаңа патрилинидждік құрылым қалыптасуының айқын көрінісі.
Таксономиялық жік нағыз туыстықты негізінен алғанда бір әке-шешеден туған немесе немере ағайындылар ретіндегі адамдардан бастауды қажет етеді. Бірақ кейде басқаша да болады: таксономиялық жіктерге түрлі ұрпақтарға жататын адамдар да жатады, мысалы, ағайынды Тінәлі, Мәмбет және олардың немере туысы Тоқа (2-кесте). Бұдан біз бірнеше әулеттер мен қауымдардың қуат күші басым дара тұлғалар төңірегіне біріге топтасып отырғанын көреміз. Сондықтан архив құжаттарында, этнографиялық экспедициялардың материалдарында ру атауы Көзейден (Тінәлі мен Мәмбеттің ағасы) емес, Тоқадан басталады. Ол былай тұрсын, қауымдар одан әрі бөлшектеніп, Тоқаның ұлы Түнқатардың төңірегіне біріге бастады. Демек, дербес болысқа бөліну дегеніміз рулық-тайпалық құрылымда жаңа таксономиялық жіктердің құрылуына тура бастайтын жол болмақ.
Рудың ұлғаюы мен одан (бөлшектену мен топтардың бірігуі себебін) жаңа рулардың пайда болу процесін түсінуде В. Маевскийдің XIX ғасырдың 70-жылдарында Зайсан уезінің Көкпекті учаскесінен жазып алған мәліметтері ден қоярлық.
Сол кезде Нарын болысында Найманның 13-ұрпағы, Назардың (Мұрын руы ұрпақтарының бірі) сегізінші немересі, 80 жастағы Жарылғап деген қарт өмір сүрген. Жарылғап Найманнан тараған он үшішні буынның бірден-бір өкілі және 12 ұлдың әкесі болған. Сол кездің өзінде-ақ (1874) қазақтар бәйге мен күресте рубасының есімін айтып, «Жарылғап» деп айбынды ұрандайды екен. Олардың саны 5060 шаңырақ, яғни ер адамдары 200-дей жан болған. Жиырма төрт жылдан кейін (1898) жарылғаптар саны екі болысқа жеткен (160 шаңырақ немесе ерлер саны 560 жан), яғни 24 жыл ішінде олардың саны үш есе көбейген.
Көріп отырғанымыздай, бұл арада әулеттер мен қауымдардың бөлшектенуі жаңа ауылдар мен болыстардың құрылуына алып келген, мұның өзі жаңадан ру құрылуы басты айғақтарының бірі болып саналады.
Тінәлі ұрпақтарында да осындай құбылыс орын алған (2-кесте). Бізге мәлімет беруші Түсіпбек Сүлейменов Тінәлінің оныншы буыны. Егер XIX ғасырдың бас кезінде Тінәлілер бір болыстан ғана тұрса, сол ғасырдың аяғында оның ұрпақтары өсіп-өніп, бес болыс болған, сөйтіп өз руының негізін қалаушы Қарпық емес, Тінәлі деп саналған.
Тінәлімен бірге арғындардың рулық-тайпалық құрылымында жаңа таксономиялық жік (туыстықты) құраған Алтайдың, Есенқарттың, Өмірдің, Темешенің, т. б. ұрпақтары туралы да осыны айтуға болады.
Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығының өзіндік ерекшелігіне байланысты рулық топтардың өсіп-өніп оқшаулануы, бірте-бірте жаңа рулық аталардың құрылуы башқұрттар мен Орта Азия халықтарына да тән болды.
Қазақ тайпаларының туыстық есебі аталар тарапынан жүргізілетіні белгілі. Бұның өзі сөз жоқ, үш-бес, кейде одан да көп ең жақын ұрпақтар бір топқа біріккен патриархат дәуірінің белгісі болып табылады. Бұл негізгі өндіріс құрал-жабдықтарына ұжымдық меншікті сақтау қажеттігі талап еткен үлкен әулеттің шаруашылық бірлестігінен көрініс тапты.
Бірақ қазақ тайпаларының генеалогиясында туыстықты әйел тараны бойынша есептейтін матриархат дәуірінің неғұрлым көне формасы да сақталған. Оңтүстік славяндарындағы «домачица», словендердегі «господарица», орыстардағы «большуха» немесе «старшая» сияқты, кейбір қазақ әйелдері де экономикалық және қоғамдық өмірде зор беделге ие болған. Ол былай тұрсын, кейде тіпті бір рудың атын алған әйелдер де қазақ тарихында баршылық.
Мысалы, наймандардың генеалогиясында бір қызықты аңыз сақталған. Мақта деген қыз (қаракерей руының бесінші буынында) Тоқтарқожа деген қартқа тұрмысқа шыққан. Олардан екі ұл туған. Тоқтарқожа бір баласын алып, Орта Азиядағы туыстарына кеткен де, Байжігіт деп аталатын екіншісі анасымен қалып, сан тарамды Байжігіт руының негізін қалаған. Бұл рудан көрнекті тарихи тұлғалар, мәселен, жоңғар басқыншыларын қуып шығу дәуіріндегі белгілі батырлардың бірі Қабанбай шыққан. Ол ол ма, осы батырдың есімі қаракерейлердің ұранына айналған. Абылай хан «Дарабоз» деп ат қойған.
Немесе басқа бір мысал келтірейік. Айтолқынның немересі Бисараның (3-кесте) күйеуі нашар адам болып шығады. Ол балаларын алып, ағасы Қонақбайға кетіп қалады. Қонақбай мен Айтолқынның балаларынан көптеген ұрпақ тарап, олар өздерін қосарлас Айтолқын Қонақбай ұрпағымыз деп атаған.
Арғын тайпасына, оның матриархат дәуірінің көне формалары жайында сөз етуге болатын, XIX ғасырда пайда болған, материлиндж құрған бір тармағына қайтып оралайық.
Бұл үшін Шәкерім Құдайбердіұлы шежіресінен алынған арғындар құрылымының бір тармағын келтірейік.
Шаншар ұрпақтарының бірқатар өкілдері тарихымызда көрнекті орын алады. Губернатордың міндетін атқарушы генерал-майор Фрауендорфтың Сыртқы істер алқасына рапортында (1793 жылғы 11-наурыз) былай делінген: «…Жасы қазірдің өзінде тоқсан алтыға толған Қазыбек би ата-бабасы Қаракесек ұлысының Арғын руында әрқашан би және қазы болып келгендіктен де, Орта ордада атақты да қуатты, дәулетті болып саналады…».
Қаз дауысты Қазыбек би туралы халық арасында осы кезге дейін көптеген аңыз бар.
Тәттімбет (1815-1862)көрнекті мемлекет қайраткері, жан тебірентер әсем күйлерімен халық сүйіспеншілігіне бөленген композитор. Кезінде императрица Анна Иоанновнаның Ор өзені сағасынан қала салуға рұқсат ету туралы грамотасы Әбілқайыр ханға Тәттімбет батыр арқылы берілген еді.
Тұрпанның қызы Ұлжан Құнанбайдың әйелі, ол ұлы ақынымыз Абайдың анасы, ал Жүсіптің қызы Ділда Абайдың әйелі.
Шаншардың әйелдері: Айбике мен Нұрбикеден көп ұрпақ тарап, олар қауымдарға, ал қауымдар болыстарға бірікті. Бұл арада да рулық-тайпалық құрылымда жаңа таксономиялық жіктің пайда болғаны көрінеді, оның үстіне Шаншардың ұрпақтары аталарының есімімен қатар аналарының (Айбике және Нұрбике) есімдерін де қабылдаған.
1841 жылғы деректер бойынша, Қарқаралы округінде Айбике-Шаншар, Нұрбике-Шаншар атты болыстар да болған. Революцияға дейін бұл жердің қазақтары өздерінің қауымдық мүдделерін бөліп көрсеткісі келсе (мысалы, көші-қон, жайылымдық жерлерді белгілеген кезде), өздерін осы болыстардың атымен аталатын руларға жатқызып келген. Руаралық дау-дамай кезінде бұл екі тармақ Шаншар руының өкілдері ретінде ортақ ата атынан өкілдік еткен.
Сонымен қазақ шежіресінде туыстықты ата жолымен ғана емес, ана жолымен де есептеудің бір көрінісі осындай.
Қазақ тайпаларының рулық-тайпалық құрылымында әр түрлі таксономиялық жіктердегі рулар жеке адамдардың есімдерімен, сонымен қатар олардың лақап атымен, кей жағдайда тіпті өз таңбаларының (рулық белгілерінің) белгі атауымен аталған. Мысалы, жоғары шекті және төмен шекті рулары өз атауларын таңбаларының бейнесіне байланысты алған (қараңыз 2-кесте). Арғын тайпасының ортақ таңбасы О О . ал жоғары шекті руының таңбасында жоғары қаратып салынған сызықша ІЭ О , алтымен шектілерде төмен қаратып салынған р О сызықша бейнеленген.
Аталған Арғын рулары жоңғарлар шапқыншылығы кезінде Сәмеке ханмен бірге орыс шекарасына қарай көшкен.
Қаракесек руының атауы лақап ат, ал рудың негізін қалаушының шын аты Болатқожа.
Бір аңыз бойынша, Болатқожа Арғынның күңінен туған да, енді бір аңызда: ол Кіші жүзден келіп, Арғын руларына қосылған.
М. Тынышбаев соңғы жорамалды дұрыс деп есептейді және рубасы Қазыбек би (ол жөнінде жоғарыда айтылды) тұсында Қаракесек руының күшейгені туралы айта келіп, бұл орайда найман тайпасынан шыққан ақынның мынадай өлеңін келтіреді:
Қаракесек қап-қара күңнен туған, Қазыбек би болып бетін жуған.
Қаракесек руының мысалынан біз, бір жағынан, жаңа этникалық элементтердің басқа бір рулық-тайпалық бірлестік құрамына қосылуының үлгісін, ал екінші жағынан ру аты болып оның негізін салушының емес, лақап атының орнығуын көреміз.
Қаракесек руының кейінгі таксономиялық жіктерінде де лақап ат бар. М. Тынышбаев келтірген арғындар шежіресінің Шәкерім Құдайбердіұлы т. б. алға тартқан шежірелерден біршама айырмашылығы байқалады. М. Тынышбаев шежіресіне сәйкес Қаракесектің Бошан және Таңас деген екі ұлы болған (11-кесте). Соңғысының Шор деп аталып кеткен немересі Батыр. Оның ұрпақтары қаракесектер арасында ең көп және ең күштісі болғаны жөнінде М. Тынышбаев қазақтар арасында айтылып жүрген мынадай жолдарды келтіреді.
Қаракесек Шормыз, Құдайдан да зормыз.
* * *
Рулық-тайпалық құрылымға талдау жасаған кезде құрылымның жоғары деңгейі мен төменгі көп сатылы ұрпақ құрылымына тән аңыз-генеалогияны ажырата білу керек. Бірінші жағдайда: ол жалған, генеалогиялық сипатта, этникалық сана-сезім мен идеология ықпалында қалыптасқан.
Екінші жағдайда: көп сатылы рулық-тайпалық құрылым әр түрлі таксономиялық деңгейлерге бөлінеді және олардың әрқайсысын белгілі бір тарихи кезеңге жатқызуға болады.
Рулық-тайпалық құрылымда ұрпақтардың дәйекті байланысы жоқ. Бұл құрылымда (жоғары жіктерінде де, төменгілерінде де) кейбір буындар жоғалып кеткен, ұрпақ байланысы үзілген тұстары да ұшырасады.
Таксономиялық жіктердің құрылуы халық санының табиғи өсуіне, әулеттердің, қауымдардың бөлшектенуіне байланысты, өз кезегінде, келесі бөлшектенуді бастап береді. Бұл құбылыс жаңа шаруашылық қауымдарының, көшпенді және жартылай көшпенді мал шаруашылығының (белгілі бір аумақтағы мал басының санына қарай) ерекшеліктері салдарынан осы жаңадан құрылған қауымдардың біршама оқшауланған топтарына немесе патронимия қатынастарына байланысты топтарға бірігуіне мәжбүр етеді.
Жаңадан құрылған топтар туыстық есебін осы шаруашылық бірлестігін қалыптастыруға мұрындық болған адамнан бастайды. Сонымен қазақ шежіресінде туыстықты бастаудың жаңа таксономиялық жіктері патрилиндждер мен матрилиндждер ықпалымен қалыптасқан дейміз.
Шынына келгенде, әрбір таксономиялық жік жаңа рулардың жиынтығы, олардың атаулары бір атадан тараған және ата тегі натрилиндж, бір анадан тараған матрилиндж тұрғысында белгіленген. Бұл орайда арғы атасының есімі этникалық сана-сезім мен идеологияның ықпалымен патронимияның көптеген мүшелерінің есінде сақталып қалады. Рулық-тайпалық құрылымды, халық зердесінде сақталып қалған аса көрнекті қайраткерлер туралы аңыздар мен жырларды тарих үшіп сақтап қалған да сол дәстүр.
Әр түрлі таксономиялық жіктерді зерттей келе түрлі рулардың құрылған кезеңін, олардың мекендеген жерлерін, экономикалық және әлеуметтік өмірдегі бір-бірімен өзара қатынасын, жалпы алғанда қазақтар тарихына қатысты т. б. көптеген мәселелерді анықтауға болады.