Қазақ тілі: Еліктеу сөздер және түрлері

Oinet.kz 14-09-2020 874

Еліктеу сөздер – айналадағы, табиғаттағы түрлі дыбыстарға, құбылыстарға, қимыл-әрекеттерге және солардың бейнелеріне еліктеуден туған сөздер. Мысалы, жалт-жұлт етеді, сарт ете түсті, арбаң-арбаң етіп, күлмің-күлмің етті, шіңк-шіңк етті. Еліктеу сөздер мағынасы жағынан екіге бөлінеді: еліктеуіштер және бейнелеуіштер.

 

Еліктеу сөздер құрамына қарай негізгі, туынды, күрделі түбір болып бөлінеді.

 

1. Негізгі еліктеу сөздерге түбір сөздер жатады: дүңк, тырс, дік, жылт, шаңқ, қарқ, дүрс, арс, шарт, пыр, шиқ, жалп, жарқ, шіңк, бүлк, тарс, қиқ, т.б.

2. Туынды еліктеу сөздер -аң, -ең, -ың, -ің, -ң жұрнақтары арқылы жасалады: балп-аң, елп-ең, жылт-ың, кілт-ің, жайна-ң, қиқ-аң, т.б.

3. Күрделі еліктеу сөздер қайталану: бүрсең-бүрсең, дүр-дүр, гүрс-гүрс, жалп-жалп, т.б. қосарлану: арбаң-ербең, адыраң-едірең, шап-шұп арқылы жасалады.

 

Еліктеу сөздерден жұрнақ арқылы басқа сөз таптары жасалады:

1. Еліктеу сөзден зат есім жасайтын жұрнақтар:

-ыл, -іл, -л – тарс-ыл, сарт-ыл, дүрс-іл, күңк-іл, бүлк-іл, арс-ыл., т.б.

-ақ, -ек – бұлт-ақ, бүлк-ек, т.б.

-ғыр, -гір – даң-ғыр, дүң-гір, т.б.

2. Еліктеу сөзден етістік жасайтын жұрнақтар:

-ыра, -іре – салб-ыра, үлб-іре, т.б.

-ла, -ле – дабыр-ла, күбір-ле, т.б.

-да, -де – қоқаң-да, ербең-де, т.б.

 

Еліктеу сөздер көбінесе көмекші етістікпен, кейде негізгі етістікпен тіркесіп жұмсалады. Еліктеу сөздер көмекші етістікпен тіркескенде, күрделі баяндауыш қызметін атқарады. Мысалы, Аспанда самсаған жұлдыздар дір-дір етеді. Кенет артына жалт қарады. Дір-дір етеді, жалт қарады – қайтті? – баяндауыш.

 

Еліктеу сөздер түрленіп келіп, басқа сөйлем мүшелерінің де қызметін атқарады. Мысалы, Жарқ-жұрқтан көзің талып, даң-дұңнан құлақ тұнады. Жарқ-жұрқтан, даң-дұңнан – неден? – толықтауыш.

Тарс-тұрс еткен дыбысқа барлығы елеңдей қалдыТарс-тұрс еткен – қандай? – анықтауышЖүгірген бойы өзенге күмп беріп қойып кетті. Сәби томп-томп жүгіріп жүрТомп-томп, күмп беріп – қалай? – пысықтауыш.

 

Қосарланудан және қайталанудан жасалған еліктеу сөздер дефис арқылы жазылады. Мысалы, қарш-қарш, сарт-сарт, опыр-топыр, делең-делең, бүрсең-бүрсең, қалт-құлт, қорбаң-қорбаң, т.б.

Қазақ тілі: Үстеу және оның түрлері
Еліктеуіш сөздер дегеніміз не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу