Филология. Реферат. Фразеологиялық энантиосемия

Oinet.kz 12-09-2020 711

Жалпы кез келген ғылымда «қарама-қайшылық» ұғымы кеңінен сипатталынып, ауқымды түрде түсіндіріледі. Аталмыш ұғым туралы ғылыми бастама ежелгі заманда ғылымдардың атасы философия ілімінде өте күрделі категориялар қатарынан орын алған. Сөйтіп ғылымның психология, логика, лингвистика салаларында өзіндік сипатқа ие болды.

Қарама-қарсылық пен қарама-қайшылықтың айырмасы мен ұқсастығын анықтап алмай, бұл мəселе төңірегінде зерттеу жүргізу оңай соқпасы белгілі. Нысандардың арасындағы айырмашылық пен ұқсастықты анықтамай кез келген қызметке қол жеткізу мүмкін болмайды. Адамның осындай ойлау қасиетін алғашқы рет атап өткен Платон болатын. Ол кез келген қасиет, атау не нысан туралы ой қозғар алдында адам ең алдымен оны бір затқа ұқсатып не айырмашылықты анықтап алатынын тілге тиек етеді. Гадамер Платон тезисін былайша талдаған: «Если я хочу мыслить нечто как то, что оно есть, я с необходимостью должен мыслить его как отличное от другого. Тождество и различие всегда и нерасторжимо вместе» [1].

ХVІІІ–ХІХ ғасырларда қарама-қайшы сөздерді əр алуан атаумен белгіледі: «қарсы заттар» (М.В.Ломоносов); «қарсы мəнді, қарама-қарсы, қарсы атауыш» сөздер (И.И.Срезневский); «қарама- қайшылық, қарама-қарсы» (И.И.Давыдов) т.б.

Қайшылық өзгермейтін, қозғалмайтын бірдеңе емес. Пайда болғаннан кейін нақты қайшылықтың қай-қайсысы болмасын дамиды, белгілі бір саты, баспалдақтан өтеді. Құбылыстың қай- қайсысы болмасын, оның қайшылығының беті ашылғанша, толық мөлшерде өріс алғанша жойылмайды, басқа құбылысқа орын бермейді, өйткені тек осындай даму процесінде ғана жаңа сапалық күйге секіріс үшін алғышарт жасалады.

Бұл процесте негізгі екі кезеңді атап көрсетуге болады: (1) нəрсеге тəн қайшылықтың даму, өріс алу кезеңі; (2) бұл қайшылықтың шешілу кезеңі.

Дамуының бастапқы кезінде қайшылық əлі өріс алмаған айырмашылық сипатында болады. Содан кейін айырмашылық тереңдей түседі де, қарама-қарсылыққа айналады, бұл қарама-қарсылықты енді беті ашылған қайшылық деп түсіну керек, бұл қайшылықтың қарама-қарсы жағының бұрынғы бірлігі енді барған сайын азая береді. Дамудың бұл кезеңінде қарама-қарсылық «бұл қайшылықтың шешілуіне түрткі болатын қуатты, шиеленіскен форма» болады.

Қайшылықтың мұндай дамуы мен өсуін қоғамға қолданудың классикалық мысалы К.Маркстің «Капиталында» келтірілген. Маркс капиталистер аса мол пайда табуға тырыса отырып, өз мəні жағынан қоғамдық болып табылатын өндірісті барған сайын кеңейте дамытуға мəжбүр болатынын ашып көрсетті. Ал өндіріс неғұрлым қоғамдық өндіріс бола түскен сайын, оның қоғамдық сипаты мен капиталистік жеке меншік формасы арасындағы қайшылығы барған сайын шиеленісе түседі.

Екінші кезең — қайшылықтың шешілу кезеңі. Бұл кезең қарама-қарсылықтың даму жəне күресі процесінің занды түрде аяқталуы болып табылады. Егер бұған дейінгі бүкіл процесс қарама- қарсылықтың бірлігі, өзара байланысы шеңберінде өтетін болса, енді қайшылықтың шешілу кезеңі бірліктің біткенін, жойылғанын білдіреді, ал бұл нəрсенің түбегейлі сапалық өзгерісімен сəйкес келеді. Тілдегі қарама-қарсылық ұғымының пайда болуының негізі философиядағы «қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресі заңынан» бастау алады.

Тілдегі қайшылық құбылысы психолингвистикалық, семантикалық, гносеологиялық аспекті- лерде кеңінен зерттелді. Тұрақты сөз тіркестерінің қарама-қайшылық қасиеті де мол. Тіл біліміндегі қарсы мəнді фразеологизм туындауына адамның ой-санасында объективтік дүниедегі зат пен құбылыс, табиғат құбылысы туралы ұғымды салыстыру жəне осы ұғымды бір-біріне қарсы қою секілді қабілеті əсер еткен. Дегенмен, қарама-қайшы фразеология — лингвистиканың кешірек зерттеле бастаған, əлі де болса тереңірек зерттеуді қажет ететін дүниесі. Аталмыш мəселенің тіл біліміндегі өзектілігі жөнінде академик І.Кеңесбаев былай дейді: «Фразеология саласында басы ашылмаған, тіпті, күн тəртібіне қойылысының өзі принциптік тұрғыдан шешілмеген мəселе антонимия. Жеке сөз лексема көлемінде айдан анық көрінетін, осы құбылыс тиянақты сөз тіркесі аясында көмескеленіп айқын аңғарылмайды. Əйтсе де, фразеологизмдер табиғатында «сырт» тұрпаты жағынан да «ішкі» ұғымы жағынан да қарсы мағына сипатындағы тіркестердің бары анық. Алайда бұл да танылып жетпеген категория. Фразеологизмдер ішінде өзара қарсы мағына беретін сыңарлардың бары анық болса да, олардың типтері əлі де тереңірек зерттеуді, тексеруді қажет етеді. Арада жарты ғасырдай уақыт өтсе де, қарсы мəнді фразеологизмдердің қыр-сыры ашылып, топтастырылмағаны баршаға аян» [2; 10].

Қарсы мəнді фразеологизмдердің семантикалық парадигмаларын зерттеу барысында қазақ тіл біліміндегі І.Кеңесбаев, Ə.Қайдар, Ə.Болғанбайұлы мен Ғ.Қалиұлы, Ж.Мусин, Г.Смағұлова, С.Сəтенова, А.Жұмабекова, А.Ислам, С.Е.Исабеков жəне тағы басқа ғалым-зерттеушілерді атауға болады.

«Қарама-қарсылық» жəне «қайшылық» ұғымдарының мəнін ашуда философияда Аристотель, Гегель, И.Кант, В.И.Горбач, логикада Д.П.Горский, А.Д.Гетманова, психолингвистикада Қ.Жарықбаев, Ф.Н.Гонобалин, С.Н.Кахиани, А.А.Брудный, Э.И.Родичева, В.А.Маслованың зерттеулеріндегі негізгі тұжырымдарды басшылыққа алуға болады.

Философиялық тұрғыда қарама-қайшылық бірін-бірі жоққа шығару қасиеттерін иеленсе, осы қайшылықтың екі шегі қарама-қарсы құбылыстар болып табылады деп түсіндіріліп жүр.

Салыстыру нəтижесінде философиядағы «қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресі заңының»:

(1) ажырамас бірлікте болу; (2) əр қилы ғана емес, сондай-ақ бірыңғай қарым-қатынаста тұрып бірін- бірі жоққа шығару; (3) бір-біріне өту [3] сияқты басты белгілері тілдегі қарсы мəндес ұғымдардың төмендегідей белгілерімен ұштасып жатады.

Психолингвист-ғалымдар тəжірибеде адамның ойлауы негізінде қалыптасқан жауаптары арқылы берілген ұйытқы сөздің түрлі қарама-қарсы жағын айқындаған.

Қарама-қайшылыққа негізделген фразеологизм жаһандық категориясының сəйкессіздігін əлсіз (жұмсақ) қайшылыққа жатқызамыз. Əлем нысанының жаһандық категориясының төрт түрін алып көрсетуге болады: (1) өлі нысандар; (2) жануарлар; (3) адамдар; (4) абстрактылық түсінік.

Алғашқысына жататындар: жынды ақша — бұл орыстың «бешеные деньги» фразеологизмінің аудармасы екені дау туғызбайды. Жынды ақшаның буына мас болған «жаңа қазақтардың» телпектері теріс айналғанын тарихтың өзі көрсеткен жоқ па? (К.). Өлі үй — бұл тұрақты тіркестің де көршілес елдің «мертвый дом» тіркесіне балама ретінде алынғанын айта аламыз. Өлі үй емей не, мазардан қай жері артық бұл қу моланың? (Ж.А). Бұл жерде дербестеу жəне анимацияға негізделген қайшылықты көріп отырмыз. Араб тілінде осыған ұқсас тамаша тіркес бар, δaхіkаti I-'ardu — жер күлді, яғни жер жемісін əкелді деген мағынада жұмсалған.

Екінші топтағы қарама-қайшылық жануарларға қатысты құрылған. Қазақ тілінде бұл топқа жататын тұрақты тіркестер байқалмады. Орыс тіліндегі «медведь на воеводстве», «заяц во хмелю» тіркестерін алуға болады.

Үшінші топ, адамға қатысты қайшылықтар. Бұл қайшылық қимылдау мен қимылдамау (бейанималдану), яғни заттануға, негізделген.

Қимылдау (анимация) — (біздің жағдайда жануарға айналу) — құйрығын бұтына қысу, бұл тіркес қорқып қашу мағынасында жұмсалады. Ардақтың зəре-құты қалмады, оның үстіне «қорыққанға қос көрінері» бар, құйрығын бұтына қысып қашты дерсің... (А). Күзгі əтеш — аузында уызы кеппеген, аузынан ана сүті кетпеген, жас деген мағынада жұмсалған. Бесіктен белі шықпай жатып, мынауың əңгіме соғып əкетіп барады ғой, күзгі əтеш неме!...(А). Қанаты қырқылды — салы суға кету, демеушісі, көмек күтер адамы жоқ, дегеніне жете алмау мағынасына жақын мəнде жұмсалатын тіркес. Бала кезімнен бірге өскен Сəуле момын, қой аузынан шөп алмас, ал мен болсам, керісінше, шаш ал десе бас алатын қыз едім. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан қанатым қырқылды емес пе? (А.Б). Көзсіз өгіз, көзсіз бұқа — топас, əумесер мағынасында жұмсалады. Бұл тіркес жергілікті қолданыстағы тіркес болуы да мүмкін. Мысал ауызша əңгіме кезінен алынған (мұғалімнің балаларға ұрысқан сəтінен үзінді). Көзсіз өгіздер, бастарында бір грамм ми жоқ, сабақтан қашу деген өнерді қайдан шығардыңдар (ауызша əңгімеден). Парсы тілінде Ba dom-t xod gerdu sekastan — Құйрығымен грек жаңғағын жару деген тіркес кездеседі, яғни қуанышында шек жоқ, жерден жеті қоян тапқандай қуану мағынасында жұмсалады.

Қимылдамау (заттану)тас бауыр — Осы қарағыма өзгелердің тас бауыр қатыбас мінезін бере көрме деген еді (М.Ə.). Тас бүркену — Тас бүркеніп жатып алдым (О.Б.). Тас жүрек — Осы ұзақ жолында Сəрсен ешкімнің үйіне де қонған жоқ. Қонаға келіп түскен үйде таң сібірлегенше əңгімемен отырды да: — Таң салқынымен біраз жерге барып қалса қайтар еді? — деп жолдастарына қарады. Қасындағы тас жүрек міз бақпастан отыра берді. (А.Х.). Тісін қайрау — Біз сол үшін найманға кектеніп, енді қалай өш аламыз деп тісімізді қайрап жүргеміз (М.Ə.). Парсы тілінде del dadan va olve gereftan — жүрегін беріп, бүйрегін алу деген фразеологизм бар, оның мағынасы — əңгімешінің ырқына көніп, əңгімеге елтіп кету, аузын ашып, көзін жұмып əңгімені қылп етпестен тыңдау. Жапон тіліндегі мына тұрақты тіркесті де айта кетуге болады, hidanimae-ni naru — түйреуіш болу, яғни жұмысын өте нашар орындау деген мағынада жұмсалады. Башқұрт тілінде де осы типтес тіркестер жиі кездеседі: күзле бүкəн — көзді түбір (ағаштың түбірі), топас, əңгүдік деген мағынаны береді, ауыззы сөйгə əлеү — ауызын шегеге ілу, ашығу деген мағынаны береді, ал бешмəгəн бəрəңгə — піспеген картоп, басқа сор болу мағынасын беретін фразеологизмдер.

Абстрактылық түсініктер.

Дербестенууақыт өлтіру — Əншейінде у тілді Жомарт қазір зығырданы қайнаса да, аузын баға қалған. Уақыт өлтіру үшін ана-мынаны шалып қана отыр (Т.Қ.). Ұяты оянды — Бірі қырт, бірі дарақы, мақтаншақ, бірі ұр да жық, даңғой атанғанда, осындай көп жиын үстінде масайып атақ алатыны бар-тын. Осы жолы ұяты оянды ма қалай, кім білсін, елден ерек ерте келіп отырғанына жұрт таң қалысты (Т.Қ.). Парсы тілінде sab-ra sobh rasandan — түнді таңға жеткізу, яғни, уақыт өткізу деген мағынадағы, сонымен қатар margra be cesm-e xod didan — өлімді өз көзімен көру, яғни, өлім аузында болу, ажал аузынан алып қалу мағынасындағы тіркестер кездеседі.

Материалдану: жеңіл жүріс — Əке қаншама ағынан жарылдым дегенде де əлде бірдеңелерді бүгіп қалған. Əрине, ол Сəуленің жеңіл жүрісі туралы əңгімені əлдеқашан естіген (Р.Т.). Жаны мұрнының ұшына келу — Жаны мұрнының ұшына келе үш рет ауырды (Ғ.М.). Жаны көзіне көріну — Жаны көзіне көрінген Сайран: — Шекер жаным, Шекертай, — деп тəуір-ақ жалынып көрді, бірақ Шекер үн қата қоймады (Ə.Ə.). Жанын жаһаннамға жіберу — Отырған жеріңде мойныңды шілде бұрап алайын ба, қоян жүрек қорқақ? Кəне, сақтанып көрші, жаныңды жаһаннамға жіберейін! — деп тұра ұмтылды (Қ.Ж.). Жанын көзіне көрсету — Бақсыбайдың əлгі оқыс қолқасы не? Сонда ұл қылам деді ме, құл қылам деді ме Нұрланымды?... Бес байталдың терін бұлдап жанымды көзіме көрсеткен- ау, ə? (С.С.). Жанын қоярға жер таппау — Салқын қораға үйренген Ахметтің ала биесі жанын қоярға жер таппай тұр (Ғ.М.). Жанын салу — Мұндай адамды өз жұмысына жанын салады, жақсы көреді деп мақтауға болады, өмірдің өзге тілектерінде жұмысы жоқ деп кінəлауға да болады (Ғ.М.). Сақалын сату — Пайдаға кенелемін деп арын сатып, сақалын сатып жүрген ақсақалдарды қайтерсің.... (Ж.А.). Ақымақ баладан сақалын сатқан шал жаман (А.Ə.). Зəресі (зəре-құты) зəр түбіне кету — Түні бойы ұйықтай алған жоқпын, зəрем зəр түбінде (Ғ.М.). Зəр (зəре) иманы қашу (қалмау) — Дəу қызыл қасқа өгіз өкіріп, маңдайымен жер сүзіп, айбат шегіп жүр. Қасқыр шапты ма деп Саматтың зəре-иманы қалмады (Б.Т.). Иманы ұшып кету — Бір-біріне отты шала лақтырып, адамның иманын ұшырды (І.Ж.). Үрейі ұшу — Хаттың сөздерінен үйдегілердің, əсіресе, ояз бен оның əйелінің үрейі ұшты (С.М.). Башқұрт тілінде күнеленде киң тот — жаныңды аш, яғни тосарсың, күткенің сол ма деген мағынадағы, ақыл өлəшкəндə урынынды булмаған — ақыл үлестіргенде орнынан табылмаған, яғни аздап жетіспейді деген мағынадағы тіркестер кездеседі.

Жоғарыда аталған жаһандық категориядан басқа пропозиция субъектісі предикатын білдіретін жеке категориялар бар. Осы предикаттың (жеке категорияның) күтілетін предикатпен сəйкессіздігі, нəтижесінде субъектінің семантикалық жəне прагматикалық сəйкессіздігінен қарама-қайшылық туындайды. Оларға жеке-жеке тоқталатын болсақ, төмендегідей:

Сапа мен санның қатынасыАғаш артынан орманды көрмей қалу, бір жарым адам, яғни өте аз деген мағынада.

Тұлғаның екіленуі (екіұштылық) — өзінен өзі қашу, мен мен емеспін;

Неантизация (яғни жойылу, жоғалу) — жейденің жеңіндей, тулақтай /өте аз деген мағынада/.

Эллипсистабаны жалтырады — Табанымды жалтыратайын деген ой сап ете түсті (ЕҚ). Табан тайдыру — Ұлықтан сайлау жасай алмайтыны айдан анық еді. Енді бөгелместен табан тайдырып, Семейге қарай жөнелу қажет (М.Ə.). Табан таймай — Ерліктің, ептің үлкені бопсаға шыдау екеніне көзіміз жетті. Жүрек қобалжымай, табан таймай қасқайып тұрып салысуға шыдастық (М.Ə.).

Мағынасыздықүріп ауызға салғандай — Өзі жоқта кемпірі өліпті... (Дулат) қазір үлкен ұлының қолында. Үріп ауызға салғандай немерелері бар. Ендігі алданары — солар (Қ.Ж.). Жұтып қоярдай — Өзге жаяу қалған балалар атты, тайлы балалардың жарысқанын қызық көріп, соңдарынан шуласып жүгіргенде, Нұртай жұтып қоярдай уылжыған қызға көзі түсіп біраз тұрды да, үйге кіріп жер бауырлап жатып алды (Ғ.С.). Желкесінде көзі бар — Мансап десе, ішкен асын жерге қоятын, біреудің лауазымынан лəззат алып, шоғына жылынып күн көретін осындай желім ауыз, құнарсыз қулар қайдан пайда болды екен? Онысымен қоймай өзінің желкесінде көзі бар дерсің, тегі.... (Қ.Ж.). Ешкінің құйрығы көкке, түйенің құйрығы жерге жеткенде — Мен өзім қазақ қыздарының мектеп бітірген бойда оқуға түсіп, бір мамандық алып шыққанын мақұл көремін. Əйтсе де, ешкінің құйрығы көкке, түйенің құйрығы жерге жеткенде көресің деген қауесет сөздер де шаршатып бітті (С.Б.).

Уəжді жөнсіздік, қисынсыздық: көзі шарасынан (ұясынан) шығу — Қара бала қарғып тұрды орнынан, қызараңдап үлкен көзі шарасынан шыға жаздады (Ғ.Мұс.). Бит терісінен биалай тоқу — Есен аға кешіріңіз, мен сіздің көзіңізге көрінуге бетім шыдамай жолықпастан кеттім. Бəрін кейін толықтай жазармын деп ойлайды. Бит терісінен биалай тоқыған ағасын ренжіткені есіне түсіп өзін қоярға жер таппай басы салбырап келе жатыр... (М.И.). Аяғы аяғына жұқпау, аяғы-аяғына тимеу, аяғы жерге тимеу — Мұнда келгелі Еламанның аяғы жерге тимеді (Ə.Н.). Қашпаған қашардың уызын ішу — Таняның жүзінде иненің жасуындай да реніш жоқ. Үйдің тарлығы, тұрмыстың нашарлығы — сондайдың бірде-бірі оның қаперіне де кірмейді. Сəкеннің қашпаған қашардың уызын ішкен əңгімесі есіне түсіп сəл күліп алды да, тағы да тəтті ойға шомып кеткен (М.И.). Уақытынан ерте (жасына жетпей) қартайған — Өзің жоқта олардан көрген қорлықты, міне, жетпістен асып, сексенге жақындадым, əлі ешкімнен көргем жоқ, — деп зарлайды кəрі би ұзақ жүріп сағындырып келген баласына... — Жауырды жаба тоқыдым. Іштей қайнадым. Сені көрер күнге жеттім, əйтеуір. Жасына жетпей қартайғандар менің жасыма келсе не халде болады екен... (Ғ.С.). Қу бастан қуырдақтық ет алады — Бұл күнде Жігітектің бұрынғы басшылары — Бөжей ғана емес, Байдалы, Түсіп те қайтыс болған. Енді ел сөзіне ие болып, біркелкі жас буын шығып еді. Олар: Бөжейдің балалары Жабай, Əділ. Сонан соң жаңа пері боп атанған табанды, қырыс Бейсембі. Жəне қу бастан қуырдақтық ет алады дейтін, қансүлік Əбділда болатын (М.Ə.). Қырықтың қылауынан — Төргі үйге кіріп шыққан кемпірдің күңіреніп сөйлегені естіліп тұр. Жасаған-ай, оң толғағын бере гөр. Қырықтың қылауынан қалған қарашығым-ай. Ақжолтайым болса екен! — деп, Жəнібектің қасына отыра кетті (Қ.Ж.).

Башқұрт тілінде кездескен тіркестердің ішінен ауызы көрəк менəн тешкан — ауызы күрекпен тесілген, яғни өсекші мағынасында; ауыз эсендə бутка бешерү — аузында ботқа пісірген, яғни түсініксіз сөйлеу, міңгірлеу деген мағынада; былтыр үлгəн ябалақты быйыл атып алу — былтыр өлген жапалақты биыл атып алу, яғни баяғыдан белгілі нəрсе туралы ой қозғау деген мағынадағы фразеологизмдерді мысалға келтіруге болады. Парсы тіліндегі тіркестің мағынасы dast az pa deraztar bargastan — аяқтан ұзын қолымен оралу, яғни аузы құрғап қайту; аузын құр шөппен сүртіп қайту дегенді білдіреді. Араб тіліндегі yamζi mukabban εala wajihi — бетін жауып келе жату, яғни көрмес түйені көрмес, көз алдындағыны көрмей қалу деген мағынадан хабар береді де; saqata s-sama u — аспан құлады, яғни жауын жауып өтті деген мағынан үстейді. Жапон тіліндегі heso-o-kamu — кіндігін тістеу, санын соғып қалу, өкіну мағынасында қолданылады.

Уəжді сəйкессіздікМар қасқа — Кришан Чандр, Ходжа Ахмед Аббас сияқты үнді əдебиетінің мар қасқалары, бізге белгілі Радж Капур, Болрадж Сахни тəрізді үнді киносының ең жарық жұлдыздары да кеңес еліне келіп жүреді (Т.А.). Жүрек жалғау — Əуелі жақын жерден біздің үйден жүрек жалғап алмайсың ба? Жұмысқа сосын бірге шығармыз (Қ.Ж.).

Уəжсіздік (синхрондық): синхрондық уəжсіздік даусыз дұрыс болуы сирек кездесетін диахрондық уəжділіктің болуын мегзейді. Көбінесе шынайы уəж мейлінше ұқсас гипотетикалық уəжбен ауыстырыла салуы да ықтимал. Жапонның aruba-o uru — «май сату» деген идиомасы қазақтың «шошқа тағалау» — Екі күннен бері қайда жүрсің шақыртқанда келмей, демалыстасың ғой, шошқа тағаладың ба? (АТ), немесе «екі қолы алдына сыймау» — Екі қолың алдыңа сыймай бос отырғанша, өнерге үйренсең еттің (Т.А.) фразеологизмдеріне ұқсас. Жапонның осы фразеологизмінің мағынасын түсіндіру үшін мынадай мысал алынған. Əйелдер үйді-үйге жүріп, бай əйелдерге басқа жағатын май сатқан. Бұл жұмысты олар асықпай, саспай, жүрдім-бардым, əшейін, жолшыбай істеген деген түсінік беріледі.

Сойып қаптап қойғандай — Сойып қаптап қойғандай Шыңғысханның өзінен айнымайтын Жошы деген ұлы бар еді (АҚ). Күн көру — Есеннің ойынша, əкесінің арқасында күн көрген Мəлікке келер де, кетер де жоқ, жетер де күш жоқ (Е.Н.). Тақырға отырғызу, тақыр мұзға отырғызу — Сен түгіл сельпоны тақырға отырғызып кеткен алаяқ емес пе Сатыпалды (Қ.Ж.). Башқұрт тілінде əнə ашаған əт кеүек — ине қылғытқан ит секілді өте арық адам туралы айтылатын тіркес, тəртіһе ерек — ашушаң, өкпелегіш деген мағына беретін тіркес. Парсы тіліндегі фразеологизмдерге кезек берсек, олар біршама: аb be ab sodan — су суға айналады, яғни қайтыс болу дегенді білдіреді; аs-I baraye kas- I poxtan — біреу үшін ботқа даярлау, біреуге қастандық жасау дегенді білдіреді; qab-e kas-i-ra ba cub zadan — ойнау үшін асықты ұрлап алу, біреудің көңілінен шығу деген мағынада жұмсалады; za –e siyah-e kas-i-ra ba cub zadan — біреудің қарғасын ағашпен ұру, құпия түрде біреуді аңду деген мағынаны білдіреді; kolah de sar-e kas-I gozastan — біреудің басына малақай (бас киімді) кигізу), яғни алдау, арбау, тақырға отырғызып кету мағынасынан хабар бететін тұрақты тіркес. Араб тілінде кездесетін тұрақты тіркестердің ішішен εaduw azraq — көгілдір жау, ең қатерлі жауы; ζajarun qah σaχa — ағаштар айқайлады, яғни ағаштар өсті деген тіркестерді атап өтуге тұрарлық. Жапон тіліндегі жоғарыда аталған тіркестен басқа екі фразеологизмді келтіре кетуге болады, олар: abura ga noru — семіру, яғни қызығушылық таныту, бір жұмысқа құлшына кірісу дегенді білдіреді; екінші тіркестің аудармасы көз қарашығын жеу дегенді білдіреді, omedama-o kuu, мағынасы — таяқ жеу, ұрыс есту.

Бейнелі метафоралық аллофронияжүрегі жоқ — Қорықпаймын түсінігі жоқтардан, Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын (М.Ш.). Ит қылу — Қойдың жылдам баспағанына зығырданы қайнап, Зекен бəрін есіне түсіріп, қасындағыларды ит қылып, боқтық астына алды (Т.А.). Аяғы ауыр — Апыр-ай, мына байғұста ес қалмапты ғой. Əйелі Бəтештің аяғы ауыр еді, ұл тапқан ғой шамасы деген ой басымнан зымырап өте шықты (ҚƏ). Өкше көтеру — Бір күні апақ-сапақта қасында төрт адамы бар Сарман келіп тоқтады. Зəрезап болған ауыл тұрғындары тығылып, қашқаны қашып, ұйқы-тұйқы болып жатқан-тын. Өкше көтеріп кеткені қаншама дерсің (Т.А.). Соңғы кездегі ақша айналымына қатысты, əсіресе, көршілес елдің «грести деньги лопатой» деген тіркесінің баламасы ретінде жұмсалып жүрген тіркес — күректеп ақша табу: Күректеп ақша табу дəмесі зор ағамның қала жаңалап кеткеніне міне аттай алты жыл болып қалыпты... (АҮ). Артын жалау — Күн көріс үшін бастықтың артын жалап жүргенін ұмытып кеткен, өзінше бай болып ақшаны əрлі-берлі шашып жүрген Сымайылды жұрт енді ауылға жолатпайды (Ғ.С.).

Ирониялық аллофрониякүте тұр — Əрине, жерден жеті қоян тапқандайсың ғой тегі, күте тұр, қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің... (А.А). Жақсы бопты/болыпты — Сөз құмар, пəле құмар Байтастар аз ба? Алдап, арбап жора-жолдастарын мұзға отырғызып кеткенін талай рет күлкі ғып айтып жүргенін естігенбіз. Жақсы бопты дейміз де қоямыз, баяғы (А.А). Қуанышын/м/да шек жоқ — Оқымай қалсаң да, бізден сен артықсың. Сенің тырнағыңа да татымаймыз деп қоямыз.... Ал ол

«байғұстың»қуанышында шек жоқ (Т.А.). Жолы болды — Бұл жігітті не оңға бастап жүр де, не сор түртіп құйрығына қалжуыр байлайын деп жүр. Айтқандай, көп уақыт өткен де жоқ, ақыры — жолы болды — істі болып қамауға алдынды (АА).

Əсірелеу метафоралық аллофрония: көздері жану, алтын, күміс, қорғасын жауын/жаңбыр, Шық бермес Шығайбай — Жер еңбексіз, еріншекке шық бермес Шығайбай тəрізді (Ө.Т.). Сынық ине, сыдырым таспа бермеу — жақын ағайындары мыңғыраған бай бола тұра, сынық ине, сыдырым таспа бермейді оған (ҚЕ). Бетінен қан шықпас — Өмірімде ондай адамды көрсем, көзім шықсын, бетінен ет кесіп алсаң қан шықпайды-ау... (А). Ине шаншар жер жоқ — Жаңылған үйі тойға қамдалғалы біраз болып та қалды. Міне, бүгінгі жиында тіпті ине шаншар жер жоқ, абыр-сабыр адам: сарысы, сақалы, мұрты бəрі осында (А). Үш қайнаса сорпасы қосылмау — Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Сəбиттің өзі мені туыс қылғысы келіп, соңғы кезде күні-түні үйден шықпайдынды шығарды (Қ.Ж.).

Болымсыздық аллофронияəйел логикасы, бұл тіркес жалпы тіл біліміне ортақ фразеологизм.

«Əйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» десе де қазақтың тілдік əлемінде əйел адамның орны айрықша. Білімі мен біліктілігімен əр кез тең түсетін, кейде асып та жатады, оған мысалға Қарашашты, батырлар жарларын келтіре кетуге болады. Дегенмен аллофронияның аты айтып тұрғандай бұл — қоғамда қалыптасып қалған, өмірде кездесетін құбылыс.

Анықтауыштық аллофрониятəтті су, жынды су, кендір мойын бау/галстук/.

«Қоғам, тіл иесі — халық нақты өмір сырын, шынын тіл арқылы біледі. Ана тілінің тағдырына, өткен-кеткеніне, болашағына немқұрайды қарамайды. Халық жүйесін тауып сөйлеуді мақұл көреді.

<...> Сөз мағынасын, сөйлем сазын, қат-қабат еркін, тиянақты сөз тіркестерін, мақал-мəтелдерді халық сұрыптап, өз ой елегінен, өмір талқысынан өткізіп отырады» [2; 601]. Ой елегінен өткізілген, сұрыпталған тұрақты тіркестер жаһандық категория сəйкессіздігінен əлсіз қайшылық, субъектінің семантикалық жəне прагматикалық сəйкессіздігінен соны қарама-қайшылық туындатқан. Бұл тілімізде жиі сирек қолданылуына, өмірлік маңызына, жалпы халықтық сипатына жəне т.б. қасиеттеріне қарай анықталып шешілуі тиіс күрделі мəселе екенін атап өтпекпіз.

Əдебиеттер тізімі

  1. Гадамер Г.-Г. Актуальность прекрасного. — М.: Искусство, 1991. — С.

  2. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. — Алматы, 1977.

  3. Философиялық сөздік // Құраст. Н.Нұрғалиев, Ғ.Ақманбетов, Ж.Əбділдин. — Алматы, 1996. — 224-б.

Филология. Реферат. Антиобраз жəне қаламгер тұғырнамасы
Филология. Реферат. Паремиологиялық қайшылықтар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу