Философия. Реферат. Қазіргі қазақстандағы əлеуметтік жұмыс мамандығының кəсібилік мəселесі
Əлеуметтік жұмыс институты азаматтық қоғамның басты əлеуметтік институттарының бірі болып табылады. Азаматтық қоғамды дамыту сияқты халық əлеуметтік жұмыс институтын да дамытуға мүдделі. Əлеуметтік жұмыс институтын дамыту қоғам тарихының ажырамас бөлігі болып келеді. Дамыған, жетілдірілген əлеуметтік жұмыс институты – дамыған мемлекеттің бірден-бір көрсеткіші.
«Əлеуметтік жұмыс» ұғымы Х1Х ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жаңа кəсіби ісəрекет ретінде айналымға енді. Осы уақыттан бастап адамдарға көмек көрсететін қайырымдылық ұйымдар саясаты көмекке мұқтаж адамдарды «көмек көрсетуге тұратындар» жəне «көмек көрсетуге тұрмайтындар», яғни өздері кінəлілер деп субъективтік бөлуден азат болды. Кедейліктің негізгі себебі ретінде қоғамдағы объективтік əлеуметтік-экономикалық жағдай қарастырыла бастады. Соның негізінен көмек көрсетудің жаңа үлгілері дамуға бастау алды.
Қазақстандағы əлеуметтік жұмыс перспективті салалардың бірі ретінде қазіргі таңда даму үстінде. Ауыр экономикалық жағдай тұрғынхалықтың осал қабатының əр түрлі білікті көмекке мұқтаж болуына себеп болып отыр. Функционалистік əлеуметтану көзқарасы бойынша бұл жағдай жаңа мамандықтың пайда болуының бір ғана себебі емес, сонымен қатар кəсіби əлеуметтік жұмыстың дамуын ынталандырушы факторлардың бірі болып табылады. Қоғам əлеуметтік жұмыстың жылдам институционализацияланғанына жəне оның қоғамдағы жоғарғы мəртебелі, жағымды имиджді толыққанды мамандық болып қалыптасқанына тікелей мүдделі болуына байланысты тек жоғары сапалы мамандандырылған мамандық қана мəселелердің салдарларымен қатар себептерімен де табысты күресе алады.
Егер əлеуметтік жұмыстың қазіргі таңдағы шынайы жағдайын қарастыратын болсақ, онда əлеуметтік жұмыс адамдарға кəсіби көмек көрсететін мамандық ретінде қалыптасқан жоқ, жəне оның кəсібилену процесі əлі аяқталмады. Кəсібилік ұғымы кең мағынада қоғамдық институттардың құрылуы мен дамуы, сонымен қатар қоғамның кəсіби құрылымының қалыптасуымен байланысты ережелер мен нормалар ретінде түсіндіріледі. Ал тар мағынада кəсібилену процесі ерекше мүддесі мен құндылықтары, сонымен қатар кəсіби ұстанымдары мен рөлі бар кəсіби топтарды қалыптастыру дегенді білдіреді. Əлеуметтанушылардың көзқарастары бойынша іс-əрекет тек кəсібиленуден өткеннен кейін ғана мамандық ретінде атала алады.
Мамандықты түсіндірудің интерпретативтік амалына сəйкес əрбір кəсіп стратификациялық жүйенің белгілі бір жағдайын иеленуге ұмтылады. Бұл кəсібиліктің салдары түпкі нəтижесінде мамандық иесінің өзінің жоғарғы мəртебесі мен əлеуметтік мобильділігінің жоғарылауына ұмтылуына алып келетін арнайы қызмет көрсету нарығын құру мен бақылау процесін көрсетеді.
Кəсіби бақылау деп те аталатын бұл амал қоғамды əр түрлі топтардың өз мүдделерін ұстану үшін күрес ретінде қарастыратын қақтығыстар мен іс-əрекеттер теориясынан шығады. Кез келген мамандық əлемге кəсіби көзқарасын шектей жəне кəсіби білімді меншігі ретінде жеке дара иелене отырып, өз құзырлығы саласына қатысты сұрақтар шеңберін сызып көрсетуге тырысады. Сонымен қатар барлық маман иелері өздерінің тобына кірмейтіндердің қолы жетпейтін белгілі бір іс-əрекеттерді орындау құқығына ие болады жəне қоғам өмірін өзінше бейнелеуге тырысады.
Мамандықтың «идеалды үлгісін» сипаттайтындардың қатарындағы А. Гроссман неге дұрыс кеңес екендігін білмей, клиент орындауға тиісті «сенімді кеңес» ұсынады [1]. Кəсіби маман иесі өзгелерге түсініксіз белгілі бір білімді ресми тасымалдаушы ретінде түсіндіріледі. Тіпті егер де арнайы маман иесі емес адам дəрігердің немесе заңгердің кəсіби қызметін атқаруға тырысатын болса, оның бұл қызметті орындаудағы ресми құқығының жоқ болуына байланысты оның ісəрекеті тəжірибесіне қарамастан күмəн тудырады.
Кəсібилік түсінігі адам мен қоғамның əлеуметтік қызметкерді өзіндік жеке маман, нақты шектелген кəсіби топ ретінде қабылдайтындай белгілі қызметтік белгілер жиынтығының болуын қажет етеді. Əлеуметтік қызметкердің іс-əрекетін сипаттаудағы толық айқындылықтың болмауы қазіргі қазақстандық қоғамдағы əлеуметтік жұмыс институтының əлсіз белгіленгендігін көрсетеді. Осыған байланысты əлеуметтік қызметкерлер біздің елде салыстырмалы түрде жақында пайда болған жаңа мамандықтармен де бəсекеге түсе алмайды. Бұл жағдай əлеуметтік қызмет көрсетудің қажетті рекрутингінің жоқ болуымен қатар, өзінің кəсіби мəртебесін адекватты бағалауды жоғалтқан тек маман иелеріне ғана емес, сонымен қатар əлеуметтік қызметкерлер саласында біліксіз кадрлардың болуына байланысты сапасыз қызмет көрсету негізінде жалпы қоғамға да зиянын тигізіп жатыр. Дилетанттар мен өз ісінің маманы еместер өздерінің теориялық дайындықтарының əлсіздігінен толыққанды қажетті көмекті (бұл жерде көмек сөзі кең мағынада қолданылады) көрсете алмауымен қатар қоғамда əлеуметтік қызметкерді қабылдауға да залалын тигізеді.
Кəсібилік ұзақ процесті қамтиды жəне əлеуметтік жұмыс бойынша əлеуметтік қызметкерлер мен мамандарды дайындайтын əлеуметтік қызмет көрсету мен білім беру мекемелері қазіргі қоғамдағы ең бастысы болып табылатын ерекше институттардың көмегімен жүзеге асырылады. Арнайы білім беру индивидке кəсібіне қажетті белгілі білімдер мен дағдылар жиынтығын береді, жасырын қағидалар мен кəсіби тəжірибемен таныстырады, диплом түрінде кəсіби мəртебесін ресми дəлелдейді, мамандығын заңдастырады. Қазіргі таңда мамандар қалай дайындылады жəне олар өздерінің іс-əрекеттерін қалай жалғастырады, соған байланысты жаңа мамандықтың бейнесі мен Қазақстанның болашағы қалыптасады.
Кəсіби жұмысшының қалыптасуы негізгі білімдерге сияқты, əлеуметтік жұмыстың қазіргі принциптері мен əдістеріне қайшы келмейтін тəжірибеге де сүйенуі тиіс. Оқытудың толық курсын меңгере отырып, жоғары оқу орнының бітірушісі өзінің жұмысын сапалы орындау үшін алған дағдыларын пайдалана жəне дамыта алуы тиіс. Осыған байланысты оның жеке кəсібилігімен қатар жалпы əлеуметтік жұмыстың кəсібилігі де қалыптасады.
Сонымен қатар кəсібиліктің, əсіресе, арнайы кəсіби топтарды қалыптастыру сияқты қоғамдық институттарды құру мен дамыту, жалпы кəсіби құрылымды ұйымдастыруды да қамтитын көп өлшемді ұғым болып табылатындығын айта кету керек. Бұл қатаң қалыптаспаған процесс, дегенмен ол нақты кəсіби стандарттарды, яғни жұмыстың əр түрлі бағыттары үшін анықталған болуы тиіс іс-əрекеттер критерийлерін өңдеуді талап етеді. Сонымен қатар кəсіпқой маман іс-əрекеттің жаңа түрінің қалыптасуы жағдайында мамандықтың дамуына өзіндік жеке үлесін қоса отырып, бұл іс-əрекеттің пəндік тасымалдаушысы болып табылады. Нəтижесінде кəсібилік жаңа іс-əрекеттің институционализация процесінің жылдамдығына тəуелді сəйкестік пен реттеу есебінен ішкі жəне сыртқы процестердің кешенін білдіретін болады.
Əлеуметтік жұмыстағы кəсібилік – бұл адамдардың өмірлік мəселелерін шешуде кəсіби ықпалдастықты қамтамасыз ететін маманның жоғары білім, дағды мен ептіліктің жоғарғы деңгейін үнемі ұстану керектігін ескере отырып, жоғары білім беруде əлеуметтік жұмыс саласына ереше назар аударылуы тиіс. Əлеуметтік жұмыстың кəсібилік процесі тəжірибеде қазіргі əдістер мен технологияларды толық жүзеге асыра алатын кадрларды сапалы дайындауды талап еткендіктен, кəсіби мамандарды қалыптастыратын жоғары оқу орындары мен əлеуметтік қызмет мекемелер кешенін білдірулері тиіс. Сонымен бірге əлеуметтік жұмысқа оқыту бұл мамандықтың ерекшелігін ескере отырып, жүзеге асырылуы тиіс жəне студенттердің теориясы мен тəжірибесінің өзара байланысына жаңа амалдар қажет: əсіресе, қазақстандық жоғары оқу орындары жағдайында апробациядан табысты өткен шетелдік инновациялық əдістерді білім беру процесіне ендіруді айтуға болады. Білім беру саласын реформалаудағы барлық элементтер бір-бірімен байланысты жəне модернизация мен трансформацияны білдіретіндіктен жалпы қоғамға секілді əлеуметтік жұмысқа да ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Білім беру компонентінен бөлек қоғамда əлеуметтік жұмыс туралы дұрыс түсініктің қалыптасуына ерекше назар аудару керек. Дұрыс терминологияны, əлеуметтік жұмыс рөлінің нақты ұғымы мен əлеуметтік қызмет миссиясын өңдеу жəне енгізу арқылы бұл мамандықтың шектес салалардан орынды ерекшеленетіндей жаңа көзқарастарға бастама жасаулары тиіс.
Əлеуметтік жұмыскер мамандығы аз бағаланатын, беделсіз мамандық ретінде емес, керісінше қоғам игілігіне бағытталған сұранысқа ие инновациялық бағыттағы іс-əрекет ретінде қабылдануы тиіс. Егер əлеуметтік жұмыс мамандығы біліксіз еңбек (ресми жариялануы міндетті емес) ретінде түсіндірілетін болса, онда бұл кəсіпқой маманның мəртебесіне жəне оның дұрыс білім алуы мен мүмкіндіктеріне кері əсер етеді. Негізінен қазіргі таңда тұрғын-халықтың əлеуметтік жұмысты мамандық ретіндегі дəлмедəл түсініктері жоқ жəне оны бұрынғы қалыптасқан стереотипке сəйкес қабылдайды.
Бұл жағдай жоғары мектептегі «əлеуметтік жұмыс» мамандығына кері əсерін тигізбей қоймайды. Сонымен қатар болашақ мамандығы туралы жеткілікті ақпараты жоқ студент осы мамандықты ары қарай жалғастыра отырып, деромантизация деп аталатын мамандық кейпіне ұшыратуы мүмкін. Өкінішке орай, төменгі курста оқитын студенттер болашақ мамандықтары туралы ешқандай да түсініктері болмай, «кездейсоқ» контингент болып табылатын жайттар да орын алып жатады. Соңғы бітіретін жылдары студенттер өз мамандықтары туралы жақсы түсіне бастап, өз мамандықтары бойынша жұмысқа тұру сенімсіздіктері арта түсіп жатады. Мұндай жағдайларда студенттердің болашақ мамандығы бойынша кəсіби бағыттылығы төмендей бастайды. Студенттер өз мамандығы бойынша өзін-өзі кəсіби тəрбиелеуге, осыған қажетті білім мен дағдыларды алуға құлшынысы төмен болады. Əлеуметтік жұмысты кəсібилендіруде жоғары оқу орындарының бітірушілерінен үлкен үміт күтіп отырғанда, мұның бəрі мамандарды дайындау тиімділігін төмендету мен білім беру сапасының нашарлауына алып келеді [2].
Əлеуметтік жұмыс кəсібилігінде əлеуметтік жұмыс саласын тиімді дамыту мен кəсібилікті жетілдіруге бағытталған əр түрлі мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың біріккен өзара тиімді іс-əрекеті ретінде қарастыруға болатын əлеуметтік серіктестіктердің алар орны ерекше. Əлеуметтік серіктестікке қатысушылар ретінде əлеуметтік жұмыс бойынша бакалаврларды, мамандар мен магистрлерді дайындайтын жоғары оқу орындары, сонымен қатар əлеуметтік жұмыс институтын дамытуға мүдделі əлеуметтік қызметтер мен тұрғын-халық қатысады. Əлеуметтік серіктестіктің негізгі мақсаты болып кəсіби білім берудің алдыңғы қатарлы міндеттерін шешуде барлық əлеуметтік серіктестердің біріккен іс-əрекеттері табылады. Ең алдымен жоғары білікті, еңбек нарығының бəсекесіне лайықты жəне мобильді мамандарды дайындау, жұмыстың жаңа əдістері мен принциптерін енгізу, еңбек сапасын түбегейлі жоғарылату сияқты кəсібиліктің негізгі міндеттерін шешу қазіргі кезеңде дəл осы əлеуметтік серіктестердің өзара əрекеттесулеріне тəуелді болып отыр.
Əрбір қызметкер өзін мамандар тобына жататындығын сезінуі жəне ұжымдық бірігуді нығайту үшін кəсібилікті ұйым ішінде қалыптастыру тиіс. Кəсібилік институттардың іс-əрекеттерінен əлеуметтік жұмыс қызметін құру жəне жүзеге асыру, құзырлық білімнің ықпалы саласын анықтау, қоғамдық мəселелерге кəсіби көзқарасты қалыптастыру жəне қоғамдағы кəсіпқой мамандардың мəртебесін жоғарылату тəуелді болып табылады. Сонымен қатар əлеуметтік жұмыс кəсібилігі сауатты басқару саясаты мен біртіндеп кадрлық реформалау есебінен де жүзеге асырыла алады.
Əлеуметтік қызмет саласындағы үздіксіз кадрлық өсуді қамтамасыз ету жəне осы салаға жас мамандарды тарту үшін жағдай жасау керек. Осы шаралар кешенін жүзеге асыра отырып, өзінің мақсаты мен міндеттеріне сай келетін жəне əлеуметтік мəселелерді шешуде елеулі ықпал ететін əлеуметтік жұмысты мамандық ретінде қалыптастыру тиіс.
Әдебиеттер
Grossman, Is professionalisation always to be desired? // http: www. rsa. org .u k/ acrob at/grossman.pdf
Ярская-Смирнова Е.Р. Теория и практика социальной работы: исследование «скрытого знания». // Антропология профессий : сб. науч. ст. – Саратов, 2005. – 250 с.