«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Республикам менің (Қазақстан еліне саяхат)
Мақсаты: Оқушыларды туған жерін, туған елін, халқын ардақтап өтуге үйрету. Бақытқа жетер даңғыл жолдың бірі - туған Отанды сүюден басталатынын түсіндіру.
Отанға деген патриоттық сезімдерін ояту.
Көрнекілік: Қанатты сөздер ілу. Ту, Елтаңба, ұлы тұлғалардың суреттерін ілу.
Құрметті оқушылар бүгін сіздердің назарларыңызға «Республикам менің» атты ауызша журнал өткізгелі отырмыз. Ауызша журнал деп - аты айтып тұрғандай, төрт беттен тұратын күні бұрын тақырып бойынша берілген тапсырмаларды көпшілікке жария ету.
Бүгінгі журнал 25 - қазан Республика күніне арналады.
Адам шыр етіп дүниеге келгенде, кіндік қаны тамған жерін – Отан дейді. Әрбір адамда Отанға, туған жерге деген ыстық сезім, үлкен махаббат болады. Алысқа жолаушылап кетіп, туған жеріне оралған сәтте тауы да, тасы да саған ыстық болып тұрады. Адамзаттың парызы - туған Отанын гүлдендіріп, сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу.
Ұлы ағартушы, халқымыздың рухани көсемі А. Байтұрсынов: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан өссін»деген екен. Біз сіздерге тек перзентіміз емес, еліміздің ертеңі, нұрлы болашағы деп қараймыз. Мұхаммед Пайғамбарымыз «Жастық шақта алған білім - тасқа ойылған нақыш» деген екен. Ендеше сендер бала кезден бастап терең білім меңгеруге тиіссіңдер. Туған еліміздің биікке ұшар сұңқары, бәйгенің алдын бермес тұлпары болыңдар дегім келеді.
Қазақ поэзиясының хас шебері Қ. Аманжолов «Не деген бақытты едің, келер ұрпақ» деп жырлағандай, сендер тәуелсіз елдің азаматысыңдар, сендерді мемлекеттік мереке Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын.
ӘНҰРАН
Елін, туған жерін сүйетін, елінің өткені мен бүгінін, тарихын тебірене де тереңдей оқып, тарихтың зерделі де шежірелі беттеріне үңілген ұландарымыз өздерінің жүректерінен шыққан ойларын ақ қағаз бетіне түсірген екен. Кезекті осы ұландарға берейік.
Журналдың бірінші беті «Елім менің»деп аталады.
Егеменді еліміз жер бетіндегі басқа мемлекеттермен терезесі тең, өркениетті ел ретінде танылып өзінің Елтаңбасын, Туын, Әнұранын белгіледі.
Осы бір қасиетті белгілердің мәнін әрбір ұрпақ терең түсініп, оны қастерлей білу керек.
Мақтансаң мақтан елім деп,
Тани біл, елдік таңбаңды.
Елтаңба, Туың, Әнұран -
Шырқатты биік арманды.
Тәуелсіздікке тән белгі -
Қасиетті осы рәміздер -
Еліме рух, мән берді,
Иесі оның – мына біздер.
Журналымыздың келесі бетін ашайық. Ол «Еліміздің нышандары» деп аталады.
Мемлекеттік ту - алтын күн алаулаған зеңгір көк аспан түстес. Сол зеңгір аспанның аясында баяу қалықтаған дала бүркіті. Арман арқалаған алтын бүркіт қазақтың қыран көңілін шырқау биікке алып шыққандай көрініс береді. Мемлекеттік туды даралайтын тағы да бір белгісі - оның сабына таяу тік тартылған ұлттық өрнекті қошқар мүйіз жолақ. Ол - көшпелі әлемнің, дарқан дал рухының тынысы. Ту ортасындағы алтын күн - халқымызға нұр болып шапағатын шашып тұр. Алтын күнді қанатымен жебеп, өрге көтеріп, ұшып бара жатқан ақиық қыран құс - ерліктің белгісі.
Туымызды қастерлеу - халқымызды қастерлеу.
Елтаңба - әлемде сирек кездесетін Елтаңба. Қазақ өмірінің ұлы белгісі шаңырақтан тараған. Таң шапағындай уықтар арасындағы ай мүйізді, алтын қанатты ғажайып пырақтар халқымыздың болашаққа ұмтылған асқақ арманының бейнесіндей болып көрінеді. Қос пырақ ортақ шаңырақты қанатымен қорғап тұр. Қанат - асқақ арман нышаны. Ел белгісінде көк аспан, шаңырақ, жарық жұлдыз, қанатты тұлпар, бидай сабақтары бейнеленген. Аспан көк - кеңшілік, тыныштық, биіктік белгісі.
Мемлекеттік Әнұран - еліміздің музыкалық поэтикалық эмблемасы, әдеби сазды төл құжаты. Ол халық жүрегінің лүпілін тұмар ғып түйген музыкалық сәлем хат сынды.
1. 1992 жылы маусым айының 4 - інде қабылданған Қазақстан Республикасының нышандары - мемлекеттік туының авторы кім?
(Суретші - Шәкен Ниязбеков)
2. «Қазақстан» дейтін Отан - Анамыздың Елтаңбасының авторы кім?
(Сәулетші Жандарбек Мәлібеков және әйгілі суретші Шота - Аман Уәлиханов)
3. Әнұран авторын білесің бе?
(Әнін жазған Шәмші Қалдаяқов. Сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов және қосымша түзетілген нұсқау авторы Президентіміз Н. Ә. Назарбаев)
Қазақстан тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев - достықтың, бірліктің, бауырмалдықтың туын берік ұстап, Қазақстанды әлемге паш етіп отырған, ғасыр куәсі болған тұлға. Қазақ топырағы киелі. Сонау зеңгір көкпен таласып, Алатау баурайында Үшқоңыр биіктері мен мұндалап қол бұлғайды. Қаскелең тауынан бастау алып, қар суымен толысып, сай - салаға бөліне еркелей Шамалған өзені ағып жатыр. Осындай табиғаты тамылжыған өлкеде, жер жаннаты Жетісудың төскейінде, Шамалған ауылында болашақ тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Елбасы дүниеге келген. 1991 жылғы1 желтоқсаннан Қазақстан Республикасының Президенті болып келеді.
Талай тағдыр тауқыметіне ұшырап, қазақ халқы бүгінгідей бақытқа қол жеткізу үшін қаншама қиын бұралаң жолдардан өтті десеңізші?! Қазақ елін, қазақ жерін білектің күшімен, алмас қылыш ұшымен, өткір тілімен, қасиетті қанымен қорғаған ұлы тұлғаларымыз тарихта аз емес.
Осы тұлғаларды жас ұрпаққа таныту мақсатында журналдың келесі бетін «Еліміздің ұлы тұлғалары» деп атадық.
1. Ахмет Яссауи - ақын, ойшыл, ұстаз, түркі жұртына имандылық нұрын шашқан діни ағартушы. «Диуани Хикмет» кітабының авторы, дүние жинамай адамдарды азғындық жолынан сақтауда қызмет еткен адам, жаны таза болған.
2. Әз Жәнібек хан - қазақ халқының хандығын құрып, халықтың өз алдына еркін өмір сүруіне ат салысқан, жау қолында қалған қазақ жерін азат еткен.
3. Мұхаммед Хайдар Дулати - тарихшы, «Тарихи рашиди» атты еңбек жазған, қоғам қайраткері.
4. Төле, Қазыбек, Әйтеке - билеріміз, халықтың ұлттық бірлігін нығайтып, халықтығын сақтауға басшылық жасаған данышпан ақын, шешен, ойшыл гуманист көсемдер.
5. Абылай хан - халық мақтанышы, ХVІІІ ғасырдағы бүкіл қазақ елін еркін билеген, елдің тұтастығын қамтамасыз еткен қайраткер, елші, мәмлегер.
6. Құрманғазы Сағырбайұлы - қазақтың күйші, сазгері, домбырашы, халықтың аспаптық күй өнерінің классигі.
7. Шоқан Уәлиханов - терең ойлы, асқан зейінді, ғылымның әр тарапынан білімі бар, саяхатшы, зерттеуші, тарихшы, географ, этнограф, суретші, Шығысты зерттеуші, халқымыздың тұңғыш ғұлама ғалымы.
8. Абай Құнанбаев - ұлы ағартушы, ойшыл, ғұлама. «Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуға тиіс»,- деп Елбасымыз Н. Назарбаев айтқандай, Абай - жаңа реалистік жазбаша әдебиетінің негізін салушы, қазақ халқының бас ақыны.
Қазақ елі - көп ұлтты мемлекет. Қазақстан Республикасында 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар тату тәтті өмір сүріп жатыр. Бүгінде қазақ елі тек өз жерінде өмір сүріп жатқан қазақстандықтардың ғана емес, шет елдегі бірнеше мыңдаған қандастарымыздың да сағынып жетер туған елі, құшақ жайып қарсы алар туған Отан - анасы.
Бүгінгі ауызша журналдың соңғы беті: «Менің Отаным - Қазақстан» деп аталады.
(Үй тапсырмасы бойынша Қазақстан туралы өлең жолдарын оқу)
Мерейлі қазақ елінің Елбасы ел - жұртын, жұдырықтай жүрегіне сыйғызып, қыран қанатының астына алып, барша жұрттың теңдігін, татулық пен тыныштықты сақтауды мақсат етіп, бүгінгі қазақ елін, осы дәрежеге жеткізді. Осындай халық қамын ойлаған азаматы бар қазақ елін бүгінде әлем таниды. Елімізде мәңгі тыныштық болсын! Сүйікті Отанымыз Азат Қазақстан мәңгі жайнай берсін, жарқырай берсін! Баршаңызға бақыт, шаңырақтарыңызға шаттық тілей отырып, бүгінгі журналымыздың соңғы бетін жабамыз.