Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Мақалада қазіргі қазақ поэзиясының ел тарихын жырлау үдерісіндегі эпикалық дәстүр үлгісін шығармашылықпен дамыту бағыттары өзіндік түр, поэтикалық тың тәсілдер тұрғысында сараланған. Тәуелсіздік кезең әдебиетінің мейлінше сергек, заманның көкейкесті күйлерін тарихи сабақтастықта зерделеудің тың көркемдік әдісін ашып отырған поэзиялық туындылары қазақтың көрнекті ақындары Жарасқан Әбдіраш, Нұрлан Оразалин, Иранбек Оразбай, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов т.б. шығармашылығы негізінде көркемдік талқыға түскен.
Тәуелсіздік кезең поэзиясындағы ұлтазаттық күрес, елдік, ерлік рух, қазақ мемлекеттігінің қалыптасып, даму тарихындағы тұлға тағылымын жырлау үрдісін жеке шығармашылықтағы отаншылдық мұраттар, шеберлік тәсілдер, суреткерлік қолтаңба ауқымында зерделей отырып, мақала авторлары қазіргі қазақ өлеңінің көркемдік поэтикалық әлеуетін аша түседі.
Қазақстан Республикасының егемендігі жарияланған 1991 жылдың 1 желтоқсаны ел тарихындағы жаңа дəуірдің есігін ашты.
Ұлттық сөз өнеріміздің байырғы бай мазмұны жаңа уақыттың болмыс-бітім, беталысбағдарымен маңыздана түсті, əр қосып түлептүрленді.
Қилы тарихи себептермен шынайы өнерге тұсау болған қондырма мазмұн, қолдан жасалған кейіпкерлер, қолпаштау ұстанымы, əсірелей жазу, қисынсыз тартыс құру, тақырыпқа теліну сынды құбылыстар шығармашылық өрістен біртіндеп ысырыла бастады.
Адам тұлғасы көркемдік кеңістікке тіршілік құндағындағы бітім-болмысымен батыл енуге еркіндік алды. Қаламгерлер шығармашылық азаттыққа шықты.
Қазақ сөз өнерінің даму тарихындағы тəуелсіздік кезең əдебиеті атты жаңа шығармашылық уақытта қазақ поэзиясы жаңашылдықпен дəстүр байытқан, дара поэтикалық туындылармен өріс кеңітті.
Мəтінді ұлттық тұғырлармен əсерлеу; ежелгі жыр-толғаулардағы түпнегіз, дəстүрлі поэтикалық нысандарды жаңа дəуірдің мазмұнына ұтымды сіңіріп ұқсату; баяндау үрдісіне эпикалық үлгі мен лирикалық нақыштар үйлесімінің жатық орнығуы, т.б. суреткерлік бағыттары жаңа көркемдік дəуір поэзиясына əсер құйды, қуат қосты.
Қазақ поэзиясының алдыңғы буын өкілдері де, кейінгі толқыны да заманалар ақиқатын, ұлт тағдырына құбылыс (Ж. Бөдеш) болып енген, ғасырларды көктей өтіп аман жеткен Бостандықтың бас айналдырар бақытын, ендігі уақыттың жаңа бағытын, азамат ердің баласы көтерер замана жүгін өлеңге дарытуға асықты. Неден де болсын сескенбей, қалпын түзей бастаған халқының ежелгі ғұмыр ғұрпын, ұлтжанды рухын Тəуелсіздік тарихымен тоғыстыра, жарыса жырлады.
Ақындар арғы замандарды, аруақты бабалар тағылымын, бодандықтың азапты сапарларын, бүгінгі уақыттың болмысын оның əлі жазылып бітпеген жүрек жарақаттарымен, жан қуантқан тарихи əсерлерімен тұтас сезінді. Қазақ өлеңінің мейлінше дəстүр байытқан, жаңашыл өрістер ашқан өнімді кезеңі де осы жылдар болды.
Тəуелсіздік жылдардағы қазақ поэзиясы ұлттық болмыстың түп қайнарларын сезінудегі көркемдік тапқырлығымен, сыршыл саздарымен, əлеуметтік өткірлігімен ерекшеленеді.
Өткен дəуірлердің поэтикалық шежіресін жасау салтқа еніп, қазіргі заманның тарихи жырлары жазыла бастады.
Қазақтың көрнекті ақыны Жарасқан Әбірашұлы елдік мұрат күрескерлері – ХХ ғасыр басындағы Алаш азаматтарының рухына бағыштаған тағзым жырлардан тұратын көркемдік құрылымы бөлек «Құлпытас» кітабын жазды [1, 15].
Ақын абырой жүгі, ар тазалығы, кісілік мінез, қымбат адамдар, өмір ағыстары туралы толғанды. Артық туған жандардың дара мінез болмыстарын аялады.
Жарасқан қазақ поэзиясын таза поэтикалық бітімдегі текті, рухты жырларымен байытты.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдəулетұлының отаншылдық, елдік мұраттармен суарылған сыршыл да намысты өлеңдер жинағы – «Киіз кітап» қазақ лирикасының қазіргі заманғы көркемдік əлуетін көтере түскен рухани олжа есебінде бағаланды.
«Мынау кітап тартып отырған талай тауқыметіміздің басын шолса да, кеудеңе үміт гүлін егіп, жігеріңе жігер қосатын, тəуекелге мінгізіп, тəубеңе келтіретін парасатты жырларға толы» (Ә.Кекілбаев) [2, 21].
Жайық үшін жан бергендер, Еділ үшін егесіп.
Қиғаш үшін қырылғандар – Қазір бір-бір төбешік...
Басын иіп өтуі керек Уақыт өзі бұл жерден
Тағзым етіп тұруы керек келген қоғам төресіп.
Ұ. Есдəулетұлының «Киіз кітабындағы»
«Күршім. Жаралы Барақ батыр». «Қобда. Исатай батыр қабірі». «Ұлытау. Құрбандық. Қобыз үні». «Қарой. Махамбет». «Алматы. Желтоқсан» толғамдарынан түзілген «Қара шаңырақ. Иманнұр» топтамасы ата мекенді ардақты тұлғаларымен аялайды.
Ақындық «Меннің» алғаусыз рас болмысынан қайнап шығып жататын, бейнелі тілмен жасанған өлеңнің көркемдік кернеуі поэзияның бəсін көтере түседі.
Қара Қобда қан сасыды, Көбік шашып қан ақты. Қан кірпігін əрең ашып, Қанды көзбен таң атты.
Қапияда қырғын тапқан қобыландар жанарын Қарға шұқып,
Қорқаулар мен қара шыбын талапты.
Аса шынайы, жаны жұмсақ, кішіпейіл өлеңдерімен əдеби кеңістікке ерте, еркін кірген
Ұлықбек ақын Тəуелсіздік жылдары өлеңін өткірлік дарыған, əлеуметшілдігі айқын тың бағыттармен байытты.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлының жүздеген жылдарға кеткен Азаттық жорығын, Бостандықтың арман-арпалыспен қолға түскен бағалы, кəделі жолын дəстүрлі эпикалық баяндау, аңыздау, тарихи жырлар үлгісінде толғаған дастандары Тəуелсіздік кезең поэзиясының көркемдік даму бағыттарында өзіндік мəнге ие болды.
«Осы Тəуелсіздік идеясы тоғыз дастанға ортақ желі тартқан бұл жинақ – «Тоғыз тараудан» тұратын «Тəуелсіздік дастан» атты эпикалық роман ретінде əсер қалдырады» (С. Қирабаев) [3, 44].
Біздің уақытымыздың рухы тұнған «Бəйтерек» поэмасында ақын Астана туралы толғанады. Астана – тəуелсіздік құрбандарына мəңгілік ескерткіш.
Астананың күн санап бой түзеп, қазіргі заманғы сəулетті шаһарға айналып келе жатуы – тұтас елдіктің тұғыры.
Жөңкілген Бостандықтың көші қандай, Сарқылған құрдым қайта тасығандай! Көзінен келгендердің қымсынады, Жыртығын жүдеу қала жасырғандай.
Бұл – 1997 жыл. Ақын болашаққа болжам айтады. Сол болжам ертегідегідей шындыққа айналды.
Уақа емес, жалт қаратып дүниені, Астана шыттай жаңа киінеді.
Қазақтың көсемінің алдына кеп, Тəкаппар талай бастар иіледі!
Ата тарихты ілгерідегі бабалар дəстүрі машығында өлеңмен ашып, шежіре, шешен сөзге ұйыта баяндауды жаңғырту бағытын мығым ұстанған ақынның «Бас сүйектер», «Төлегетай»,
«Жалаңтөс», «Сардар», «Бердіқожа», «Ақмола шайқасы», «Желтоқсан – Мұқағали», «Ерлік пен тектілік», «Ту», «Тоғыз тарау», «Ерліктің ескерткіші», т.б. поэмаларындағы эпикалық екпін, есілген сөз оралымдарының поэтикалық салмағы құнарлы мазмұнға көркемдік маңыз қосты.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Есенғали Раушановтың «Ғайша бибі» поэмасы Тəуелсіздік тұғырлары бағытындағы эпикалық толғамның озық үлгілерінің бірі [4, 57].
Ежелгі дəуірлерден бергі өзекті күйді – халық пен билік баянын Есенғали ақын жаңа уақыттың ең жауапты құбылысы мəнінде ақындық үрдіске батыл енгізді.
Діни ұстаным, дүниетаным бағытында да Алланың пəрмені, ұзақ адасуда жүрген адам баласының шектеулі тағдырын үздік көркемдеу тəсілдерінде тəпсірлеген Есенғали Рауша нов əлем əдебиетіндегі шығарма бітімін Ұлы Мəнмен нəрлендірудің ежелгі озық арқауын қазақы пайымға қайта сіңіру бағытындағы қапысыз суреткерлік əлуетін байқатты.
Поэмада көркем əдіптелген тұспал, астарлаудың озық үлгілері ұдайы назарға ілініп отырады. Адамзат тарихымен қатар жасап келе жатқан көне де жасаң поэзияның аспан асты, жер үстін ұйытқан сырлы сазы құлақтан кетпей, дауалы күйімен əлдилейді. Е. Раушановтың дүниенің ұлы қисындарын сезіндіру машығы ақындық алқапты еркін шарлау рахатын сыйлайды. Әр сөз, əр тармақ, əр шумақта тұнған шыншылдықтың сəулесімен нəрленген поэтикалық мəн ұлан-асыр көркемдік əсерге бөлейді. Ежелгі эпостың оралымды, ой жетегін үзбей есіліп жататын жатық баяндау үлгісі шығармашылық ұтымдылықпен дамытылған поэмада кейіпкерлер ой текетіресі, əрекет, аталы сөз ауқымында авторлық, азаматтық ұстаныммен астаса дараланып, тұлғаланады.
Шығарма құрылымындағы дəстүрге жүйрік, жаңашыл тəсілдерге де икемді дара сипатты ақындық қолтаңба назар аударады.
Ақын ұлттық төлтума өнер айтыс өлеңнің қатты айтуға, ащы ай туға, бетке айтуға жол беретін жанрлық мүмкіндігін ұтымды қолданған. Айтыстың бұқарашыл заңы шамданбауды, кектенбеуді міндеттейді.
Елдік салт, тұғырлы мемлекеттіліктің мəңгілік негіздері тұрғысында ой қозғаған шығармада автор аңыздық арқауды шындыққа сіңістірудің өзгеше бір үлгісін жасайды.
Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар, Күлтегін, Жігіт-қаған, ақын қыз Ғайша, мəңгілік ергежейлі жырлардың авторы Мəстекбай, Жылан-ханша, жыландар, заман, қоғам бейнесі тұлғаланған дастанның құрылым, тіл, образ ашудағы, табиғатты түйсіндірудегі шебер өрімі, автордың ой азаттығы, көркемдеу кеңістігіндегі шығармашылық еркіндік үйлесімі қазіргі қазақ поэзиясының озық бағыттарын поэтикалық əлуетін танытады.
Осы кезеңдегі поэма жанрының тақырып аясы, эпикалық құлаш-қарымы Жəркен Бөдештің «Аңырақай бекетіндегі ой», «Генерал Жохар Дудаев», «Исатайдың баласы», «Жалғыз», «Бостандықтың басы», «Қарауыл төбе», т.б. поэмаларында өзіндік көркемдік алымда көрініс беріп отырды.
«Жолаушы» поэмасында күнкөріс қамымен шетке кеткен, толған соң Елді ұмытқан ұлдың айтқанға көнбес құлқын иіткен күй құдіреті, ұлттық рух қуаты жайлы айтылады.
Асқар Егеубайдың түркі əдебиетін зерттеу бағытында нақтылы тарихи деректер қозғау салған «Шу батыр», «Мыс шаһар», «Қала салған қазақтар» егіздастаны сынды туындыла ры эпикалық жанрдың көркемдік өрісін кеңіте түсті.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Нұрлан Оразалинніңхалықтық, ұлттықмұраттар, биік адамгершілік ұстанымдар арқау болған сыншыл философиялық толғамдары тəуелсіздік дəуіріндегі поэзияның даму, қалыптасу бағыттарындағы жеке шығармашылық тұлға əлуетін айқындай түскен сыршыл лириканың озық үлгілері есебінде танылып, бағаланды [5, 112].
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Иранбек Оразбаевтың Абай дəстүріндегі өлең үлгілері ақынның қоғам, адам болмысындағы жан қыжылын, пəлсапалық ойларын көркемдік шешімге тартуындағы əсерлі бейнелілік дарытқан, ұтымды, жатық тəсілдердің бірі болып орнықты.
Мінезді өлеңдердің көркемдік-стильдік дара сипатын айқындай түсті.
Мен де – Бетті бастым. Мен де – Тұра қаштым:
Көбігімен жудым кір – Көзден аққан жастың...
Ақын нарық заманының ауыртпалықтарын сезінеді, жаһандану дəуіріндегі халықтың керенау, байғамдау қалпына алаңдайды, күйіп, күйзеледі. Оның поэзиясындағы өткір сыншылдық, қалғымайтын қырағы азаматтық ұстаным, жаңа үлгілер, өзіндік поэтикалық кеңістік қазіргі қазақ өлеңінің мəнді көркемдік нышандарына айналды.
Қазақ поэзиясындағы дəстүрлі, ел мінезіне күйіну, күйзелу, алаңдаусарыныбелгіліақын Исраил Сапарбайдың «Рухнама» жыр жинағында да айқын «Тайқазан», «Қазақты жаңаша таныстыру», «Менталитет», «Жаһандану жаңғырығы»,
«Ерлердің ісі бітер ме?!», «Менің əлемім»,
«Отырар ойлары», «Біздің қоғам» толғамдары
– қаламын құрғатпай замана күйіне алаңдап отырған ақынның қалпын қапысыз сезіндіреді.
Әдет шіркін қала ма, қанға сіңген? Әлі күнге келеді арбасумен.
Жалқаулығын қайтерсің алабөтен, Алтын басып жатқандай жамбасымен!
Тəуелсіздік кезеңіндегі поэзия ХХ ғасырдың адамзатқа жасаған асқан «сыйы» – атом апаты тұрғысында елеулі ойлар толғады.
Қазақ жеріндегі қырық жылғы жарылыстың бақ үркіткен бейдауа опаты азаматтық лирикада ширыққан серпінді желі түзді.
Б. Жақыптың «Тамыздың жиырма тоғызы» атты ұзақ толғамында жарылыстың бейдауа сұмдығы, жан шыдамас ақиқаты жəне бір қырларынан ашыла түседі.
Тамыздың жиырма тоғызы... Күн емес, алып шар шықты. Дегелең деген өр таудың Кеудесінен сол күні жан шықты.
Тəуелсіздік жылдар поэзиясында ұлттық бітім даралығы, дəстүр, салт-сана, туған жер, ата-анаға сағыныш, адамдық қилы аңсар, көңілкүй, сезім жырлары сыршылдық бағыттағы жаңа ағыстар түзді.
Ақұштап Бақтыгерееваның əйел-Ана, ата мекен Ақжайық, туған ауыл, Ана тілі, ата салт, адамгершілік игіліктер, ұлттық құндылықтар, қазіргі қоғамның көкейкесті күйлері тұрғысындағы сезімді, сырлы, жаз мінезді, кей-кейде сынық көңіл, кейде өктем де өр жырлары өзекті ой айту үшін «ойбайлай» берудің міндетті емес екендігіне меңзейді.
Ақынның «Наурыз» толғамы осы бір арғы тарихы адам ғұмырымен бір тұтасқан ұлы мерекенің рухани мəнін жоқ іздеген жолаушы ұлтының жоғалғаны табылған, айтқаны болып, арманы озған құбылысымен аса нəзік əрі сəтті астастырады.
Ақын адамсүйгіштік пейілі асып-тасып жатқан Әз Наурызбен ұлтының ұмыт бола жаздаған ұлы құндылықтары қайта оралатынына шаттанады.
Ұлт кіндігі байланған Ауыл қазақ баласы үшін дүниенің бар қымбатын сыйғызған ұғым.
Анасы, атасы, бабасы ғұмыр кешкен, елдік рух жайылған ауыл – осы кезең поэзиясында болашағы алаң туғызар қаяу көңіл, аяулы, амалсыз қалпында көркем бейнеге тұтасты.
Тəуелсіздік жылдары қазақ лирикасы шыншылдық сəулесімен қуаттанған ішкі мазмұнға тұнған дүние құбылыстарын сезіндіру тəсілдеріндегі тосын шеберлік алымдармен құнарланды.
Адамның əрқилы күйзеліс, жадаған сəттері, арғы түкпіріндегі жан қаяуына əрдайым ортақ болып отыру – ақындық болмыстың əлімсақтан бергі адамсүйгіштік артықшылығы.
Тəуелсіздік кезеңнің əдеби дамуындағы тыңға түрен салған ізденістер модернистік, постмодернистік жазу үлгілерінің Т. Медетбек, Ә. Қайран, Т. Әбдікəкімұлы, Ж. Бөдеш, Н. Оразалин, Ұ. Есдəулет, Е. Раушанов, Г. Салықбай, М. Райымбек, З. Елғондинова, Ж. Әскербек, т.б. ақындар поэзиясындағы нышандары, олардың шығармашылығындағы жаңа көркемдеу тəсілдері бұл дəуір поэзиясының танымдық, түйсіну, сөздің шексіз бейнелеу мүмкіндіктерін кəдеге жарату бағытындағы елеулі көркемдік жаңғыруын танытады [6, 28].
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Темірхан Медетбек көне түркілік өлең түрінің қазіргі поэзиядағы өзіндік үлгілерін түзді. Көне жыраулар поэзиясындағы ұйқассыз өлең үлгілерін, тармақтардағы буын санының əркелкілігін қазіргі поэзияның көркемдік өрісіндегі өзіндік стильдік өзгешеліктерге ұластырды.
Поэтикалық тіл қолданыста ой мен образ тұтасқан күрделі оралымдарды іркілмей, қиналмай төгіп тастайтын ақындық өнер, жыр шайырлары айқындау (эпитет) мен ауыстырудың (метафора), алмастыру (метонимия) мен кейіптеудің (аллегория), егіздеудің (параллелизм), шендестірудің (антитеза) үздік бейнелеу жүйесін түзді.
Қазақ поэзиясы сөз айшықтаудың небір қайталанбас үлгілерімен молықты. Ақ қар мен көк мұз құрсанған қыс, желмая жел, сылдыр бұлақ, жаңбырлы күздің суланған сары жапырағы тілге келіп, сыр ашты.
Тəуелсіздік жылдар поэзиясында ана тілдің бейнелеу мүмкіндіктері ашыла түсті. Дала суреті, тау аңғары, судың түсі, бұлақ күлкісі, бұта сыбдыры, Тəуелсіздіктің саумал дəмі, кəрі тарихтың мəңгілікте қалған таңбалары, адамның ақ пейіл, алаң көңілі, шаттығы мен шарттылықтармен шарпысуы, «күн түспейтін қырлары да сəулелендіретін» сөздің құштар нысанына айналды.
Тіршілік иірімдерін ақындар тосын метафоралармен тұспалдады, керемет кейіптеулер жасады.
Тəуелсіздік жылдардағы қазақ поэзиясының айтулы өкілдерінің шығармашылық бағыттары туралы зерттеу еңбектер жарық көрді.
Қазақ поэзиясының аға буын өкілдері мен жас ақындардың таңдамалы томдарын, жеке жинақтарын шығару үрдісі жалғасуда.
Бүгінгі Уақыттың өзекті күйлерін, өткен тарихтың тағылымын, келешектің баянды бағыттарын ұлттық сана, ұлттық болмыс, ұлттық мұраттар, ұлттық мүдделер, жалпыадамзаттық игіліктер ауқымында толғап отырған өміршең поэзия – халқымыздың сарқылмайтын рухани қуаты.
Әдебиеттер
Әбдіраш Ж. Құлыптас. – Алматы: Арда, 2007. – 15 б.
Есдəулет Ұ. Киіз кітап. – Астана: Фолиант, 2012. – 21 б.
Қирабаев С. Ұлт тəуелсіздігі жəне қазақ əдебиеті. – Алматы: «Жібек жолы» БҮ, 2011. – 44 б.
Раушанов Е. Бозаңға біткен боз жусан. – Алматы: Жазушы, 2011. – 57 б.
ХХІ ғасырдағы қазақ əдебиеті (2001-2011 жж.). – Алматы: Арда, 2011. – 112 б.
Қазақ əдебиетінің тарихы. – 10 т. – Алматы, 2006 б. – 28 б.