Филология. Реферат. Болжал мәнді модаль сөздерден жасалатын сөз-сөйлемдер
Бұл мақалада модаль сөздерден жасалатын сөз-сөйлемдер жайында айтылады. Модаль сөзді сөзсөйлемдердің орыс тіл білімінде, түркологияда, қазақ тіл білімінде зерттелуіне шолу жасалған. Модаль сөзді сөз-сөйлемдер мағынасына қарай топтастырылған. Модаль сөзді сөз-сөйлемдер диологта, құрмалас сөйлемде кездесетіндігі, Модаль сөзді сөз-сөйлем жеке бір сөзден (жоғары, орта, баяу) интонация арқылы айтылатындығы, сөйлем типінде сөз-сөйлем жай сөйлем ауқымына енетіндігі айтылған. Бұл модаль сөздер құрмалас сөйлемнің не басыңқы, не бағыныңқы сыңарында және аралас құрмаластың ортасында келеді. Ал диалогта кездеспейтіндігі дәйектелген. Модаль сөзі сөз-сөйлемдер негізінде жай сөйлемде баяндауыш сөйлем мүшесі, құрмалас сөйлемде бағыныңқы, басыңқы сыңарда және аралас құрмаласта сөйлем ортасында келетіндігі айтылады.
Қазақ тіл білімінде модаль сөздер Е. Жанпейсовтің арнайы зерттелуі бойынша барлық академиялық жинақтан орын алған. Әрбір синтаксис мамандары өздері жазған оқулықтарында және жеке монографияларында сөйлемнің модальділігі туралы тоқталған. Бірақ ешбір зерттеуші, не оқулық авторлары модаль сөздердің де сөз-сөйлем болу қабілеті жөнінде ештеңе айтпайды. Ал одағайды зерттеген
Ш. Сарыбаев бір сөзбен болса да “Одағайлар диалогты сөйлемдерде тұрып, сөз-сөйлем болады” [1, 58], – деген болатын.
Енді модаль сөздердің өзінің мағыналық ерекшелігі туралы тоқталсақ, ол академиялық жинақта былай берілген: “Сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатысы жөніндегі сөйлеушінің пікірін білдіретін, сөйлемге реңк беретін сөздерді айтады”, – деп көрсеткен.
Орыс тіл білімінде, түркологияда модаль сөздердің сөз-сөйлем бола алатын қабілеті жөнінде көптеген пікірлер бар.
Енді қазақ тіл біліміндегі модальділік туралы, оның біз зерттеп отырған сөз-сөйлемге қатысы жайлы тоқталу орынды. Біздіңше, кез келген белгілі бір ойды білдіретін сөйлемнің ақиқат шындыққа тікелей қатысты болуы мүмкін. Немесе сол ойды айтушының көзқарасының тұрақты не тұрақсыз болуы, сол ойға сенері не сенбесі дегендей арақатынасы болары анық.
“Қазақ грамматикасында” “Модаль сөздер әдетте модальділікті білдіретін фонологиялық (интонациялық), морфологиялық, синтаксистік (әр түрлі сөйлем типтері) сияқты барлық амалтәсілдермен тығыз байланыста жұмсалады”, – дейді [2, 36]. Бұл жерде біз интонациялық және әр түрлі сөйлем типтері деген ойдың болуы. Яғни сөз-сөйлем жеке бір сөзден (жоғары, орта, баяу) интонация арқылы айтылады. Сөйлем типінде сөз-сөйлем жай сөйлем ауқымына енеді. Олай болса модаль сөздерден сөзсөйлем болуға негіз бар. Және былай деген ой бар: “Модаль сөздер, сондай-ақ, заттың мәнін жоғалтқан және диалогта придикаттық функциясын жоғалтқан бағыныңқы сөйлемнің баяндауышынан да пайда болады”, – дейді. Яғни диалогта кездесетіндігін анық айтып тұр. Сондай-ақ: “Модаль сөздердің айрықша бір синтаксистік ерекшелігі – олар диалогта келгенде жеке лексема күйінің өзінде сырт формасы және айтылу интонациясы жағынан өз алдына тұтас бір тиянақты сөйлем қызметін атқарып тұрады”, – дей келіп, олардың сөйлем мүшелерімен байланысқа түспейтіндігін, сөз тіркесін жасауға қатыспайтындығын ескертеді. Және: “Диалогтық сөйленісте сөйлем түріндегі сөз рөлінде қолданылады”, – деп көрсетеді.
Яғни “Сөйлем түріндегі сөз” деген пікір сөз-сөйлем мәселесіне өте жақын келіп, сөзсөйлем деген атауы айтылмаса да, мағыналық жағын анық көрсетіп отыр.
“Қазақ грамматикасында” осы модаль сөздердің жалпы саны алпыстан асатынын, ал мағынасына қарай сараптағанда осы аталған еңбекте оның мынадай топтарын атап өтеді: Болжал мәнді, міндеттілік мағына білдіретін, дерек негізінде айтылатын, қостау мағынасында айтылатын, сенім мағынасында, қалау (тілек) мәнді және күмән (күдік) мәнді білдіретін модаль сөздер [3, 95]. Осылардың ішінен сөзсөйлем жасалатындарын мағынасына қарай және қолданыстағы мүмкіндігіне қарай іріктеп
алып көрсетсек, олар төмендегіше болмақшы: Болжал мәнді модаль сөздерден мүмкін,
бәлкім, нәйеті сөздерін алуға ғана болады. Бұл модаль сөздер құрмалас сөйлемнің не басыңқы, не бағыныңқы сыңарында және аралас құрмаластың ортасында келеді. Ал диалогта кездеспейді.
“Мүмкін” модаль сөзінен де болжал мәнді сөз-сөйлем жасалады. Бірақ диалогта келген “Мүмкін” модаль сөзі баяндауыштық қатынаста тұрады, ал бастауышы жасырын тұрады.
Шынында, оның дәл осы іске араласуы мүмкін бе?
Мүмкін! (Қ. Салғарин).
Бұлттың қоюлануын қара, нөсер болып кетер ме екен?
Мүмкін! (“Жұлдыз”).
Осы “Мүмкін” модаль сөзі негізінде жай сөйлемде баяндауыш сөйлем мүшесі болады. Мысалы: Оның бүгін келуі де мүмкін, келмеуі де мүмкін деген сөйлемдегі мағына “Оның бүгін келу-келмеуі екіталай” деген. Яғни баяндауыш қызметін атқарып тұр. Сондай-ақ: Жеті қабат жер астындағы нәрсені білуі мүмкін (М. Жұмабаев). Осы сөйлемдегі “Мүмкін” сөзі де баяндауыш қызметін атқарып тұр. Олай болса “Мүмкін” модаль сөзін тек құрмаластың бір сөйлемі қызметін атқарып тұрмаса сөз-сөйлемге таңа беруге болмайды [4, 72].
Құрмалас сөйлемде “Мүмкін” болжал мәнді модаль сөзі бағыныңқы, басыңқы сыңарда және аралас құрмаласта сөйлем ортасында келеді [5, 83].
–Мүмкін, сенуден де қалған боларсың, рас айтам, сене гөр (С. Шаймерденов).
Бұл жердегі “Мүмкін” модаль сөзінен болған сөз-сөйлем “Менің білуімше” немесе “Менің іс-әрекетіме қарап” деген мағынаны білдіреді.
–Түстен кейін күн ашылып кетсе, қонақтар бүгін түндегі ұшақпен келіп қалар, мүмкін… (“Жұлдыз”).
Бұл жердегі “Мүмкін” сөз-сөйлемі “Немесе ертеңгі ұшақпен” деген мағынаны болжап тұр.
Жәмила, ішіктің көгілдірін аларсың, мүмкін, қоңырын (“Жұлдыз”).
Бұл жерде аралас құрмалас сөйлем құрамында (ортадағы сөйлем) келіп “Көгілдірі ұнамаса” деген мағынаны білдіріп тұр.
Көпшіліктің пікіріне құлақ асу керек болар, бәлкім (“Жұлдыз”).
Бұл “Бәлкім” сөз-сөйлемі құрмаластың басыңқы сыңарында келіп, “Біз өз пікірімізбен қайшылық тудырып алармыз” деген мағынаны білдіреді.
Бәлкім, сенікі дұрыс деп-ақ деп ойлалық, сондағы дәлелің осы ғана ма? (“Жұлдыз”).
Бұл жердегі “Бәлкім” сөз-сөйлемі істің дұрыс екеніне сенімнің аз екенін болжап тұр. Себебі осы құрмаластың үшінші сөйлемі күдік тудырып тұр.
Бәлкім, сіздің жолыңызбен жүргенімде дәл осындай күйге түспес пе едім (“Жұлдыз”).
Бұл құрмалас сөйлемдегі “Бәлкім” сөзсөйлемі өмір мұратын таңдауда кезінде дұрыс болжам жасалмағанына өкінішін білдірген айтушының ойын байқатады.
Бәлкім, осы жігіттің етегінен ұстасам, бақытты болатын шығармын (“Жұлдыз”).
Бұл жердегі “Бәлкім” сөз-сөйлемі келешек өмірдің бақытына болжам жасаған мағынаны білдіреді.
Нәйеті, қолынан түк келмейтіннің өзі болмаса игі еді (“Ана тілі”).
Бұл сөйлемдегі “Нәйеті” сөз-сөйлемі “Ісәрекетіне қарағанда мардымды ештеңе байқалмайды” деген көңіл толмастық мағынаны білдіреді.
Әдебиеттер
1 Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1998. – 581 б. 2 Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Санат, 1999. – 240 б.
3 Сауранбаев Н. Қазақ тілі. Педучилищеге арналған. – Алматы: ҚазМем ОПБ, 1953. – 219 б. 4 Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы: Ғылым, 1967. – І бөлім. – 263 б.
5 Әміров Р. Жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Ғылым, 1983. – 237 б.