Филология. Реферат. Қазақ тіл білімінің зерттелу мақсаты

Oinet.kz 09-09-2020 2023

Мақалада қазақ тіл білімін зерттеуші түркітанушы-ғалымдар, олардың қазақ тіл біліміне қосқан еңбектері сөз етіледі. Қазақ тіл білімін зерттеудегі алғашқы грамматикалық 6 еңбек талданады. Олар: Н.И.Ильминскиийдің «Материалы к изучению киргизского наречия» (1861), М.А. Терентьевтің «Грамматика турецкая, персидская и киргизская, узбекская» (Книга І, СПб, 1875) еңбегі, П.М. Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казак-киргизского языка» (Спб., 1894, ч.1) деген еңбегі, В.В. Катаринскийдің «Грамматика киргизского языка» (Орынбор, 1897) атты еңбегі, Н. Созонтовтың «Записки по грамматике киргизского языка» (1912 жылы Ташкент) деп аталатын еңбегі, Г.В. Архангельскийдің құрастыруымен жарық көрген “Грамматика казахского языка” (1927) атты еңбегі.


Қазақ тілінің қайнар көздері болған еңбектер, олардың қазақ тіл білімінің салаларына қатысты маңызы сөз етіледі. Қазақ тіл білімінің салаларын зерттеумен айналысқан орыс, қазақ ғалымдарының еңбектері бүгінгі күн тұрғысынан сараланады. Сол кезеңдегі қазақ тілін зерттеу туралы мәселенің саяси астары ашылады, мақсаты айқындалады.


ХІХ ғасырдың екінші жартысы түркі тілін зерттеудің «алтын ғасыры» деген атауға ие болып тарихта қалды. Орыс және Батыс Еуропа ғалымдары түркі тілдерін тарихи, ғылыми тұрғыдан зерттеуді осы кезеңде нақты қолға алды. Патшалық Ресей қоластындағы шығыс халықтарын орыстандыру арқылы өз үстемдігін жүргізбекші болып, оларды ортақ бір тілде сөйлету жолында миссионерлік саясатты жүзеге асыруға бар күш-жігерін салып бақты. Осы әрекет орыс түркітанушылары арқылы жүзеге асырылды. Оларға үлкен міндеттер жүктелді, өз еңбектерінде түрік грамматикасын үндіеуропа, оның ішінде орыс грамматикасымен байланыстыра зерттеу басты нысанға алынды. Ал түркі тілдері тобының бір тармағына жататын қазақ тілі де бұдан тысқары қала алмады.


Қазақ тілінің қайнар көздерін зерттеуді алғашқы «баспалдақ» аталатын ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау – тарих беттеріндегі қазақ тілі грамматикасының негізі қаланған кезеңге қазіргі күн тұрғысынан баға беру, өткен олқылықтарды түзетуге қадам жасау болып табылады.


Қазақ тілі туралы алғашқы зерттеу – неміс ғалымы Г.Ю. Клапроттың 1823 жылы жариялаған «Қазақ тілі жайында» деген француз тіліндегі мақаласы [1]. Шығыстанушы ғалым бұл мақаланы Парижде «Азия журналында» жариялаған. Мақаланың алғашқы бөлімінде қазақ тілі жайлы жалпы шолу жасалса, екінші бөлімінде французша-қазақша сөздік беріліп, сол арқылы қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктері, оның монғол тілінен айырмашылығы, түркі тілдерімен туыстығы салыстырылады. Содан бері қазақ тілі жөніндегі зерттеулер 1888-1902 жылдары қазақ зиялыларының мақалаларында үзбей жарияланып, мерзімді баспасөз беттерінде сөз етіледі. Мысалы, Р. Дүйсенбаевтың [2], қазақ тілі туралы газет бетіне тұңғыш мақала жазған Бөкен Адықовтың, Дінмұхамет Сұлтанғазиннің «Біздің қазақ туралы 5-6 ауыз» [3] деген мақалалары негізінен, «қазақ тілінің түркі тілдерінің ішінен алатын орны, қазақ тіліне басқа тілдерден сөз қабылдау принциптері, алфавит, орфография, пунктуация, т.б. болды» [4, 7-9]. Аталған мақалалар қазақ тіл білімінің негізін қалыптастыруға түрткі болады.


Алфавитке, грамматикаға қатысты жазба жұмыстары мен екі тілді сөздіктер ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Қазақтарға арналған бірінші әліппе 1892 жылы Қазанда басылды, сосын 1879 жылы Орынборда Ы. Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» мен 1896 және 1899 жылдары «Махтубап» кітабы басылып шықты.


Патша үкіметінің тапсырмасымен орыс ғалымдарының келе бастауының нәтижесінде көптеген еңбектер орысшаға аударылып, жарық көре бастады. Орыс оқымыстылары қазақтарға орысша үйретіп, олармен араласа бастады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында орыс түркологиясы әлемдік шығыстану ғылымының алдыңғы сапынан көрінді. Барлық түркі тілдері сол кезеңде отандық ғалымдардың ғылымизерттеу нысанына айналды. Түркі тілін, соның ішінде қазақ тілін зерттеуде атақты орыс ғалымдары – Н.И. Ильминский, М.А. Терентьев, П.М. Мелиоранский, В.В. Катаринский, Н.Созонтов, Г.В. Архангельский, В.В. Радлов, Н.Н. Пантусов, В.В. Григорьев, В.В. Бартольд, С.Е. Малов. Н. Лаптев, Е.А. Алекторов, қазақ халқының ағартушы-ғалымдары А. Диваев, М.Н. Бектемиров, Қ. Кемеңгеров, А. Байтұрсынұлы, Тоқаш Бокин, Е. Букин, Н.С. Жетпісбаев, Ж. Көшербаев, М.А. Машанов т.б. зор үлес қосады. Аталған ғалымдар қазақ тіл білімінің салаларын зерттеумен айналысты.


Осы кезеңде орыс түркологиясында қазақ тілі туралы мәселе бекер қозғалмаған еді. Себебі, біріншіден, қазақ тілі «туыстас түріктес елдермен салыстырғанда сөзге шешендіктерімен ерекше көзге түссе» [5, 70 б.], екіншіден, «Ресей үшін Жайықтан Ертіске дейінгі кеңістікте тұрған оның көршілері – қазақтармен қарым-қатынас жасау бәрінен де маңызды болды» [6].


ХІХ ғасырдың орта шеніндегі қазақ тілін зерттеу практикалық мақсатты көздегенімен, А.Н. Кононовша айтқанда, «орайы келіп ғылыми мазмұнға ие болған» [7] жұмыстар да болды. Сондай еңбектің бірі – П.М. Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казах-киргизского языка» деп аталатын еңбегі. Ғалымның бұл еңбегінде қазақ тілінің грамматикасын теориялық тұрғыдан сипаттап беруі көптеген ғалымдардың назарын аудартты. Бұл жөнінде А.Н.Кононов: «...грамматика казахского языка, в которых, как в фокусе, сосредоточены все основные проблемы тюркского языкознания, определены задачи его дальнейшего развития и предложены реальные пути их решения» [7, 13] деп, – еңбектің маңыздылығына тоқталады.


Осыған дейін Николай Иванович Ильминскиийдің «Материалы к изучению киргизского наречия» [8] деп аталатын практикалық мақсатта жазылған еңбегі жарық көрді. Николай Иванович Ильминский (1822-1891) – Қазан діни академиясының ірі өкілдерінің бірі, тілші-түрколог М.А. Казембек пен М.Г. Махмудовтың шәкірті. Мұсылмандарға қарсы арнайы миссионерлік курс діни академиясын тамамдаған соң, араб елінде екі жарым жыл жұмыс істеп қайтады. 1854 жылы Қазан қаласына келіп, діни академия мен университетте шығыс тілдерінен сабақ береді. 1858 жылы Орынборға келеді де, Орынбор шекаралық комиссиясында аудармашы қызметін атқарады. Мұнда зерттеуші-ғалым В.В. Григорьевтің қолдауына сүйене отырып, қазақ тілін жетік меңгеруді мақсат етіп қояды. Оның өтініші бойынша В.В. Григорьев Шекаралық комиссия жанындағы қазақ балаларына арналған мектепті бітірген, қазақ тілін жетік білетін үш қазақ жігітін жанына қосып береді. Солармен бірге Н.И. Ильминский татар тілінде жазылатын ресми хаттарды қазақ тіліне аударады. Н.И. Ильминский қазақ ауылдарына барып, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен танысады. Ел арасындағы сауатты адамдардан қазақтың тілі мен әдебиетіне, этнографиясына қатысты материалдар жинайды. Атап айтқанда, 1859 жылы Маңғышлақта, 1860 жылы Бөкей хандығында болып көптеген лингвистикалық деректер жинаған. Ертегіші Марабайдан «Ер Тарғын» ертегісін жазып алып, 1861 жылы жарыққа шығарады. Ел аралау кезінде ғалым қазақ интеллигенциясының ірі өкілдерінің бірі Ш. Уәлихановпен де таныс болып, оны жоғары бағалаған.


1859 жылы Н.И. Ильминский Ы. Алтынсаринмен танысады. Ыбырай Алтынсарин зерттеушінің миссионерлік идеяларын құптамайды, алайда екеуінің арасында достық қарым-қатынас берік орнайды. Ы. Алтынсарин қайтыс болған соң, Н.И. Ильминский оның хаттарын, іскери құжаттарын және ағартушы туралы өз естеліктерін шығарады (1891). Ғалымның Алтынсарин туралы жазған материалдары қазіргі кезеңде де ғылыми маңызға ие болып табылады.


Ал оның қазақ тілі грамматикасы мен фонетикасы туралы жазған «Материалы к изучению киргизского (казахского) наречия» еңбегі үш бөлімнен: фонетика (часть звуковая), грамматика, сөздіктен тұрады. Барлық фонетика-грамматикалық бөлім бар-жоғы 30 беттен (110-140 б.) аспайды. 140-159 беттер және еңбектің 152 беті сөздікке арналған. Грамматика бөлімінде тек татар тілінен ерекшеленетін формаларды ғана қарастырған.


Н.И. Ильминскийдің түркітану ғылымына қалдырған «баға жетпес байлығы» – Рабғузидің «Бабыр-наме» мен «Қысас-әл-анбияны» жарыққа шығаруы. Мұнан кейін ғалымның В.И. Вербицкиймен және Алтай діни миссионерлерімен (М. Невский) бірлесіп, 1869 жылы Қазанда құрастырған «Алтай тілінің грамматикасы» атты еңбегі басқа түркі тілдерінің грамматикасын жазуға себепші болды. «Сонымен қатар оның қазақ тілі үшін де орны ерекше.


Өйткені бұл «Грамматиканың» негізгі объектілері болған телеут, алтай, шор, тува тілдерінің фактілері кітаптың өн бойында қазақ тілі материалдарымен салыстырылып отырылады» [9, 11].


Келесі зерттеу Петербург мектебінің түркологі Михайл Африканович Терентьевтің «Грамматика турецкая, персидская и киргизская, узбекская» [10] деп аталатын еңбегі. Зерттеу еңбегінде қазақ тіліне қатысты бөлімі басқа түркі тілдерімен салыстырыла қарастырылғандықтан, оңтүстік диалекті мен көне өзбек тілін араластырып, ғалымдардың сынына ұшырайды. Бұл да қазақ тіл білімін толық қамтыған еңбек деп айтуға келмейді. Фонетикаға 1-2 бет қана беріледі де, синтаксис саласы мүлдем қарастырылмайды.


М.А. Терентьев өз еңбегінің кіріспесінде Ресейдің ең басты миссиясы шығыс халықтарын батыс өркениетіне таңу екенін жазады. Ол шығыс тілдерін үйрену үшін 1864 жылы әскери министрліктің рұқсатымен Азия шетел министрлігі департаменті жанындағы шығыс тілдері бөліміне өз еркімен тыңдаушы болып оқуға түседі. Ол жерде шет тілде жазылған оқулықтармен танысады. Бірақ тілді жаңадан бастап жүргендер үшін көмегі шамалы болғандықтан: «это подало мне мысль составить самому такой учебник, который удовлетворял бы всем требованиям науки и в то же время давал учащемуся возможность обоитись, в случая нужды, без учителя» [10, 2]. деп автор ғылыми тұрғыдан сәйкес келетін оқулық жазбақ болады да, оны 1865 жылдан бастайды. Жиналған материалдарын тек он жылдан кейін ғана (тілді меңгеруіне байланысты) жарыққа шығарады. Автор еңбегінде Сильвестр де-Сасидің, Фицмайердің, Ходзьконың, отандық ғалымдардан О.И. Сенковскийдің (1800-1858) Мырза-Али Казембектің (1802-1870) көмегіне жүгінгенін жазады. Тағы бір мән беретін жағдай, ғалым Түркістан Округінде қызметте жүргенде Орал қазақ дивизонының қазақ лейтенантынан (атыжөні көрсетілмеген) қазақ тілін практикалық мақсатта үйренгенін, ол адамның кейбір фразалар мен диалогтарын өз еңбегінде пайдаланғандығын жазады. Зерттеу тілі ретінде автор Азияның көпшілік жеріне танымал Түркістан қазақтарының сөйлеу тілі үлгілерін қолданады. Аталған еңбекті Н.И. Ильминскийдің материалдары бойынша құрастырады. Оны полковник Жәңгір Бөкеев Сұлтан мен Г. Ибрагимов қарап шығады.


Еңбегінде автор қазақ тілі мен түрік, парсы, татар тілдерінің өзара жақын екенін дәлелдейді. Түрік немесе татар тілін білген адам қырғыз (қазақ) тілін оңай түсінеді дейді де, қазақ тілін татар түбірлес, соның ішінде шағатай тобына жатқызады. С. Аманжолов өз еңбегінде бұдан 70 жыл бұрын қазақ тілінің оңтүстік диалектісі өзбек тілінің солтүстік диалектісіне жақын болғандығын растайды.


Қазақ тілі грамматикасын зерттеудегі еңбектердің ішінде ғалымдардың назарын аударған – П.М. Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казак-киргизского языка» [11] деп аталатын еңбегі. Қазақ тіл білімін зерттеуші ғалымдар А.Н. Кононов, Н.А. Баскаков, І. Кеңесбаев С. Аманжолов, Р.Ғ. Сыздықова т.б. өз еңбектерінде ғалымның қазақ тілін зерттеудегі еңбегін айрықша бағалады. Грамматика Петербург университетінің шығыс тілдері факультетінде басылып шықты. Автор еңбегін қазақ тілін үйренем деушілерге ғана арнап жаздым деп практикалық мақсатты көздегенін айтса да, сол кездегі қазақ тілін жүйеге келтірген басқа еңбектердің алды болып табылады. Оның еңбегі «этимология», «синтаксис» деген екі тараудан тұрады. «Отандық түркология саласында лингвистикалық бағыттың негізін қалаушы» [7] деген керемет марапаттауларға ие болса да, кітаптың мазмұнына зер сала отырып, біз бұл еңбекті де қазақ тіл білімін қалыптастырған еңбек деп бере алмаймыз, қазақ тіл білімін зерттеуге түрен салған еңбек деп бағалаймыз. Себебі, аталған еңбек алдыңғы зерттеушілердің еңбектері сияқты практикалық мақсатта жазылған зерттеу жұмысы болып табылады. Қазақ халқының танымына терең бойлай алмағандықтан, Санк-Петербург университетінің студенті Б.Т. Саматовтан қазақ тілінің ерекшеліктерін сұрап отырған. Грамматика бөлімін профессор Н.Ф. Катанов қарап шыққан. Зерттеуші-ғалым:


«По единогласному свидетельству всех исследователей киргизского языка он принадлежит к числу самых богатых тюркских наречий...» деп қазақ тілінің байлығын мойындаған.


П.М. Мелиоранский «Краткая грамматика казак-киргизского языка» атты еңбегінде В.В. Радловтың [12], Н.И. Ильминскийдің [8], Я.Я.


Лютштың [13], М.А. Терентьевтің [10], араб тілінде жазылған кітаби қазақ тілі үлгілерін [14] және Сібір мен Түркістан басылымдарынан алынған материалдарды пайдаланғанын жазады.


Төртінші грамматикалық еңбектің авторы Василий Владимирович Катаринский (18461902) – Орта Азиядағы көрнекті түркітанушылардың бірі, Н.И. Ильминскийдің шәкірті.


Ол оқу-ағарту істеріне қатысты: «Краткий киргизско-русский словарь» (Оренбург, 1895, 1898), «Русско-киргизский словарь» (Оренбург, 18991900), «Киргизско-русский словарь» (Оренбург, 1897), А.Н. Кононовпен бірлесіп жасаған «Практические уроки русского языка для киргизов» (Оренбург, 1895), «Грамматика киргизского языка» (Оренбург, 1897) және «Первоначальный учебник русского языка для киргизов» (Казань, 1909) т.б. еңбектерімен танымал болады. Сондай-ақ, «Сборник киргизских пословиц», «Материалы по этнографии киргиз» (Оренбург, 1899) жинақтарын құрастырады.


«Грамматика киргизского языка» [15] еңбегінде фонетика, этимология (морфология), синтаксис салалары туралы мәліметтер кеңірек берілген. Еңбек өте қомақты, 200 бетке жуық. Фонетика және синтаксис бөлімінен тұрады.


Бірақ қазақ тіл білімін толықтай ашып көрсеткен, болмаса қамтыған еңбек деп айтуға келмейді, ғылыми тұжырымдарға бара алмаған. Сөйлеу тілі ерекшеліктерін басты нысанға алған.


Бесінші грамматикалық еңбек – Н. Созонтовтың «Записки по грамматике киргизского языка» [16] деп аталатын еңбегі. 1912 жылы Ташкентте басылып шыққан. Фонетика, этимология, синтаксис тарауларынан тұратын 67 беттік жазба. Автор кіріспесінде жазбаның орыстарға арнап жазылғанын, Н.Н. Пантусовтың транскрипциясы мен мәтінін қарап шыққанын жазады да, Діни миссионерлік қоғамның жазбаларын пайдаланғандығын айтады. Автор жазбада қазақ тілінің сөз таптары мен жалғауларының арасында айырмашылықтар жоқ деп, род категориясының болмауын басқаша түсінеді. 9 cептіктің түрі бар деп демеуліктермен шатастырады. Бірақ ойды жүйелеуде синтаксис саласының Еуропа тілдеріне қарағанда маңызы жоғары екендігін дұрыс бағымдайды.

Алтыншы зерттеу жұмысы Г.В.Архангельскийдің құрастыруымен жарық көрген “Грамматика казахского языка”атты еңбегі [17]. Бұл еңбек қазақ тілінің оқытушысы Қ.Кемеңгерұлының 1924-25 жылдары Түркістанда шығыстану курсында оқыған дәрістерінен алынған. Бұл еңбек М.Жолдыбаев, А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, Нұрымов, Х.Досмұхамедұлы, Құдайбергенов т.б. қатысқан Халық Ағарту Комиссариатының ғылыми-әдістемелік комиссиясында мақұлданып, оған А.Байтұрсынұлы: “Ценное пособие для русских, задавшихся целью серьезно изучить казахский язык” [18], – деп жоғары баға беріп, пікір жазған.


XIX ғасырдағы қазақ тілінің зерттелуі туралы қазіргі уақытта қандай еңбектер бар және ол еңбектерде қазақ тіл білімі салалары түгел қамтылған ба деген мәселеге келер болсақ, төңкеріске дейінгі қазақ тілінің зерттелуі жайлы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғалым-қайраткері, КСРО ҒА-ның корреспондент-мүшесі, ежелгі еврей тілінің оқытушысы, татар мен араб тілінің білгірі С.Е. Малов «Қазақ тілінің тарихы туралы» [19] мақаласында қазақ тілінің тарихы мен көне ескерткіштеріне тоқталып, кейінгі зерттеушілерге жөн сілтеген. Ғалым Э.Н. Наджиптің мақаласында [20, 73-90] қазақ тілін зерттеуші ғалымдар туралы айтылып, олардың еңбектеріне тоқталады. Ол өз еңбегінде қазақ тілін зерттеу ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталғандығын және осы кезеңде қазақ әдеби тілі де қалыптаса бастап, оның негізін қалаушы қазақ халқының ағартушы-ақыны, ойшылы Абай Құнанбаев екендігін атап өтеді.


Қазақ тілін зерттеудегі еңбектердің ішінде академик А.Н. Кононовтың еңбегі [7] ерекше. Аталған еңбек түркі тілдерін зерттеу тарихына арналған құнды дүние. Ғалым еңбегінде түрколог-ғалымдардың әрқайсысына арнайы тоқталып, еңбектерінің маңыздылығын атап кетеді. Түркітанушыларға жеке-жеке сипаттама беріп, ғалымдардың еңбектерінің бағыт-бағдарының дұрыс, бұрыстығына баға береді.


І. Кеңесбаев «Основные вехи изучения языка казахского народа» атты мақаласында қазақ тілінің төңкеріске дейінгі және төңкерістен кейінгі жалпы мәселелерін сөз етеді. Ол өз еңбегінде төңкеріске дейін шамамен 250 еңбектің, оның ішінде қазақ тілінде 60, орыс тілінде 190 екі тілді сөздіктер, мақалалар, оқу құралдары шыққанын айтады. Қазақ тілін зерттеудің ғылыми өзектілігін атап көрсетеді. Төңкеріске дейінгі қазақ тілін зерттеудің үш кезеңіне тоқталады:


Классификациялық жүйелеу тұрғысынан қазақ тілінің фонетика-морфологиялық ерекшеліктері анықталып, түркі тілінің бір тармағы ретінде орны белгіленді;

Қазақ тілінің фонетика-грамматикалық нормалары қысқаша түрде жазылып, екі тілді жеке сөздіктер құрастырылды;

Бай ауыз әдебиеті үлгілері туралы шамалы болса да мақалалар жарық көрді.

Академик-ғалым Р.Г. Сыздықова [9, 13-32] қазақ тілінің лексикографиясына арнайы тоқталып, осы кезеңдегі шыққан сөздіктердің кемшіліктері мен жетістіктерін тереңдей зерттеді. Ғалым қазақ тілін зерттеген түркітанушылардың біраз еңбектеріне тоқталып, І. Кеңесбаевтың пікірлеріне қосыла келе:


қазақ тіл білімінің іргетасы қаланды;

тұңғыш рет қазақ тілі туралы лингвистикалық ілім пайда болды;

грамматика мен фонетика курсы құрылды;

алғаш рет көп мөлшерде ана тіліндегі лингвистикалық терминдер енгізілді;

қазақ жазуы, орфографиясы мен пунктуациясы мәселелері күн тәртібіне қойылып, шешімін тапты деген тұжырымға келеді. Басқа мақалаларында [21] қазақ тілін зерттеген орыс ғалымдары мен қазақ лексикасындағы терминдердің қалыптасуы және грамматика мәселесі жөнінде сөз етеді.

С. Аманжолов «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» [22] атты кітабында қазақ тілінің осы кезеңдегі зерттелу тарихына тоқталып өтеді. Ғалымның зерттеу нысаны диалектілер болғандықтан, басқа ғалымдардың еңбектерінде осы мәселе төңірегінде сөз етіледі. Арасында В.В. Радловтың, Н.И. Ильминскийдің, В.В. Катаринскийдің, М.А. Терентьевтің, П.М. Мелиоранскийдің еңбектеріне баға беріп, еңбектеріндегі диалектілерді талдайды. Дәлелдері орынды, ойларын нақты мысалдармен береді. Бұлардан басқа Х.К. Жұбановтың


«Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» [23] атты еңбегі, Ш. Ш. Сарыбаевтың «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» [24] атты т.б. ғалымдар еңбегінен құнды-құнды материалдармен танысуға болады.


Б. Әбілқасымовтың «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» [25], «Қазақ тілі жөніндегі революциядан бұрынғы зерттеулер» [26] деген еңбегінде 1825 жылдан бастап жарық көрген қазақ тілі жайлы алғашқы мақаладан бастап, төңкерістен кейінгі еңбектер де арнайы қамтылады.


Түркітанушы ғалым Н.А. Баскаковтың үш еңбегі де [27, 28, 29] тіл білімінің даму бағыты мен оның жеке мәселелері жөніндегі ғылыми құнды дүниелер қатарына жатады.


М. Томановтың «Тіл тарихы туралы зерттеулер» атты еңбегінде де қазақ тілін тұңғыш зерттеушілер туралы айтылады [30, 23-24].


Қорыта келгенде, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ тілін зерттеу орыс тілінде жүргізілді. Осы кезеңге дейін қазақ тілі грамматикасы жеке пән ретінде қарастырылмай, шығыс тілдерімен араласып қарастырылса, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Петербург, Қазан, Ресей Ғылым академиясы, Азиялық шетел министрлігі департаменті жанындағы шығыс тілдері бөлімі тарапынан назар аударылып, қазақ тілі жайлы түсінік, тілдік құрылымы, өзге тілдермен салыстыра зерттеу жүргізілді. Қазақ тіл білімін орыс тіл білімінің жүйесіне салып, орыстандыру саясатын ұстанды. Ғалымдар қазақ тіл білімін қанша зерттеп, өз болжамдарын айтқанымен, сол тілдің төл өкілі болмаған соң, қазақ ұлтының танымына терең бойлай алмады. Нәтижесінде қазіргі таңға дейін қолданып келе жатқан кириллица әліпбиін таңу арқылы өз миссияларын орындап, қазақ халқын талай жылдар бойы өз тамырынан алшақтатты.


Әдебиеттер


Klaproth J.Aaia jolyslotta. – Paris, 1823.

Дүйсенбаев Р. Қаріп турасының сөзі. – Дала уалаятының газеті, 1894, № 39.

Сұлтанғазин Д. Біздің қазақ туралы 5-6 ауыз. – Дала уалаятының газеті, 1890, № 6. 4 Айтбайұлы Ө. Қазақ сөзі. – Алматы: Рауан, 1997. – 238 б.

Радлов В.В. Средняя Зеравшанская долина // Записки РГО, 1880. – Т.6. – 70 с.

Бартольд В.В. К вопросу об изученнии местных языков // Туркестанские ведомости. – 1906. – № 63. 7 Кононов А.Н. История изучения тюркских языков в России. – М., 1982. – 220 с.

Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского (казахского) наречия. – Казань, 1861. – 49 с.

Сыздықова Р.Ғ. Орыс ғалымдарының қазақ тілін зерттеуі // Қазақ ССР ҒА хабарлары. Филология сериясы. – 1981. – № 3. – Б. 7-14.

Терентьев М.А. Грамматика турецкая, персидская, киргизская и узбекская. – СПб., 1875. – Кн. І. – 194 с. 11 Мелиоранский П.М. Краткая грамматика казак-киргизского языка. – Спб., 1894. – Ч. 1. – 92 с

12 Радлов В.В. Образцы народной литературы тюркских племен. – СПб., 1870. – Ч. ІІІ. – 1260 стлб. 13 Лютш Я.Я. Киргизская грамматика. – Ташкент, 1883.

Григорьев В.В. О передаче звуков киргизского языка буквами русский азбуки. – Ученые записки Казанского университета, 1862. – 81-86 с.

Катаринский В.В. Грамматика киргизского языка. Фонетика, этимология, синтаксис. – Оренбург, 1897. – 196 с. 16 Созонтов Н. Записки по грамматике киргизского языка. – Ташкент, 1912. – 67 с.

Грамматика казакского языка. Составил Г.В. Архангельский / Под редакцией Кеменгерова. – Ташкент‚ 1927. – 62 с.

Жұбаева О. «Қ. Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасы және лингвистикалық тұжырымдамалары» атты диссертациялық жұмысы / Жетекшісі: академик Р. Сыздық. –Алматы, 2002.

Малов С.Е. К истории казахского языка // Известия АН СССР. Отделение литературы и языка. – М., 1941. – №3. – 97-101 с.

Наджип Э.Н. Казахский язык / Младописьменные языки народов СССР. – М.-Л., 1959. – С. 73-90.

Сыздықова Р.Г. Изучение казахского языка в дооктябрьский период // Развития казахского советского языкознания. – Алматы, 1980. – С. 13-32.

Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. – Алматы: Санат, 1997. – 606 с. 23 Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1966. – 362 б.

24 Сарыбаев Ш.Ш. Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші. – Алматы: Ғылым, 1965. – 1 бөлім. – 269 б. 25 Әбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. – Алматы, 1982. – 223 б.

26 Қазақ тілі жөніндегі революциядан бұрынғы зерттеулер / Құраст. Б. Әбілқасымов. – Алматы: Ғылым, 1993. – 232 б. 27 Баскаков Н.А. Тюркские языки. – М., 1960. – 242 с.

Баскаков Н.А. Введение в изучение тюркских языков: Издание второе, исправленное и дополненное. – М., 1969. – 383 с.

Баскаков Н.А. Историко-типологическая морфология тюркских языков. – М.: Наука, 1979. – 274 с. 30 Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 2002. – 615 б.

Ашық сабақ. Информатика. Процессор мен қатты диск
Ашық сабақ. Информатика. 7 сынып. Сызықтық алгоритмдерді программалау
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу