Филология. Реферат. Этнолингвистика – антропоөзектік ғылымдардың бастауы

Oinet.kz 08-09-2020 1619

Мақалада этнолингвистика ғылымының негізгі мəселелері қарастырылады. Мақала мақсаты – этнолингвистика ұғымын ғылыми тұрғыда зерттеп, қазіргі таңда ғылым аясында қандай рөл атқаратынын анықтау. Этнолингвистика этнос болмысын оның тілі арқылы танып-білу мақсатынан туындаған лингвистиканың жаңа да дербес бір саласы болып табылады. Бұл ғылым аясында этнос, этнос əлемі, этнос болмысы, этнос тілі деген ұғым-түсініктерге ерекше мəн береді. Этнолингвистиканың зерттеу объектісі – этностың ұлттық бейнесін, өзіндік болмысын оның тіл байлығы арқылы қарастыру. Осы тұрғыда этнолингвистика идеясы əр қырынан жəне əр деңгейде қарастырылып келе жатқан ғалымдардың теориясына негізделеді. Атап айтқанда, шетел ғалымдары В. фон Гумбольтд, В. Вундт, Г. Шухардт, Ф. де Соссюр, Бодуэн де Куртенэ, Э. Сепир, т.б., орыс ғалымдарының Н.И. Толстой, В.Н. Топоров, В.В. Иванов, А.Ф. Журавлев, сондай-ақ Ə. Қайдаров, М. Копыленконың этнолингвистика ұғымына деген көзқарастарына қысқаша тоқталады.


Этнолингвистика – этнос дүниетанымын тек тіл феноменінің өзіндік мүмкіншіліктері арқылы зерттеуді мақсат ететін ғылым. Этнолингвистиканың зерттеу обьектісі – этнос болмысын оның тілі арқылы танып білу, этностың ұлттық бейнесін, өзіндік болмысын оның тіл байлығы (тіл əлемі) арқылы қарастыру. Тіл ғылымы əлемінде ең алғаш шетел ғалымы А. Уорфтың идеясы негізінде этнография мен социология ғылымдарының аралығынан туындаған бұл ғылымның қазіргі ғылыми парадигмалардағы орны ерекше. Ол антропоөзектік ғылымдардың бастауы саналады.


Бұл ғылым аясында этнос, этнос əлемі, этнос болмысы, этнос тілі деген ұғым-түсініктерге ерекше мəн береді. Бұл идея Э. Сепирдің тіл фактілерін этнос мəдениеті мен жеке тұлға тұрғысынан қарастыратын теориясымен сəйкес болғандықтан, ғылымда «Сепир-Уорф болжамы» деген атпен де белгілі болды. Алайда этнолингвистка идеясын əр қырынан жəне əр деңгейде қарастырып келе жатқан ғалымдардың қатарына В. фон Гумбольтд, В. Вундт, Г. Шухардт, Ф. де Соссюр, Бодуэн де Куртенэ сияқты ғалымдарды жатқызуға болады. Олар о бастан-ақ этнолингвистиканың «Этнос пен этнос тілі» негізінде қалыптасқанын толық мойындаса да, олардың өзара қатыстылығы мен үйлесімін айқындауға келгенде бір жерден шыға алмай жүргендігі мəлім. Бұған себеп, этнолингвистиканы біресе мəдениет, біресе тарих пен əлеуметтік жағдай деп, оның шеңберін тарылтып, бүтіннің бөлшегі ретінде тануы ерекше көзге түседі. Мəселен, Ф. де Соссюр этнолингвистиканы этнос тарихы мен этнос тілі тарихының өзара əсерін зерттейтін ғылым ретінде танып, өз ойын «халықтың салт-дəстүрі оның тілінде көрініс табады, ал тіл керісінше, сол халықтың өзін қалыптастырады» деп тұжырым жасайды. Бұл пікірмен келісуге болады. Бірақ этнос тілінде көрініс табатын тек қана салт-дəстүр ғана емес екенін естен шығармау керек. Сол сияқты, этнолингвистиканы «көне дүниені» зерттеуші ғылым деп танып, байырғы қазақ тілінен, жергілікті тіл ерекшеліктерінен іздейді. Бұл пікірді жақтаушылар қатарына орыс ғалымдарынан Н.И. Толстой, В.Н. Топоров, В.В. Иванов, А.Ф. Журавлевтерді жатқызуға болады. Сонымен қатар, Э.Сепир де этнолингвистиканы этнография, мифология, салт-дəстүр ұғымдарымен шендестіріп, тіл əлемін тілдің символдық қызметімен шектеп көрсеткісі келеді. АҚШ-та қалыптаса бастаған көзқарас бойынша, «этносты»


«Адам» деген ұғыммен алмастыру арқылы этнолингвистиканың баламасы ретінде антропология терминін қолдану үрдісі байқалып отыр. Ал саясатта этнолингвистика – қоғамдағы этнос тілінің жағдайын білдіреді. Осы орайда, этнолингвистиканың барлық тілдерге қатысты əмбебап ғылым ретінде толық қалыптасып, дами түсуіне кейінгі кездерде түркі тілдері негізінде көбейе бастаған ізденістер мен зерттеулердің көп екендігін ескерген жөн.


Ə. Қайдар этнолингвистика ұғымын екі обьектінің – этнос пен оның тілінің ортасынан туындаған ғылым саласы дей отырып, «этнос» атты күрделі ұғымды этнолингвистика мақсатына орай «этнос болмысы», ал тілдің орнына «тіл əлемі» деген термин-ұғымдарды қолдануды жөн көреді. Ə. Қайдар «этнос болмысы» терминіне мынадай түсініктеме береді: «Этнос болмысы – этностың сонау бала кезеңінен бүгінгі есейген шағына дейінгі кешірген өміртіршілігінің айнасы, оның тілі арқылы қалыптасып, жадында сақталып, ұрпақтан нəсілге мирас болып ауысып келе жатқан бай руханимəдени қазынасы», ал «Тіл əлемі – этнос болмысына қатысты мағыналық бірліктердің жиынтығы, синтезі» [1, 20]. Автор этностың шынайы болмысын басқа (этнология, этнография, мифология, археология, антропология т.б.) ғылымдар дəл этнолингвистикадай айқындай алмайды дейді. Міне, осынау бай тіл қазынасын этнос болмысы тұрғысынан толық меңгеру, оның терең мағына-мазмұнына бойлай еніп, оны жан-жақты зерттеу этнолингвистиканың ең басты міндет-мақсаты болмақшы.


Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі қалыптаса бастаған, жан-жақты ізденіс нəтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес ғылым саласы ретінде танылып отыр. Қазақ этнолингвистикасына қатысты мəселелермен шұғылданушылар үшін М.М. Копыленконың «Этнолингвистика негіздері» [2] еңбегінің берері мол.


Зерттеу еңбекте проф. М.М. Копыленко:


«Этностың тұрмыс-тіршілігі, қазіргі болмысы мен тарихы, оның материалдық жəне рухани мəдениетінің тілдік көріністері айқындалады жəне жете зерттеледі», – деп анықтайды [2, 19]. Этнолингвистиканың зерттеу арналарына:


Баламалар;

Тұрақты теңеулер;

Фразеологизмдер;

Мақал-мəтелдер;

Жұмбақтар;

Халық ауыз əдебиет үлгілері жатады. Тіл білімінде бұларды этнолингвизмдер деп атайды.

Баламалар – негізгі атауларды бейнелі түрде суреттеп беруден туындаған бірліктерді айтамыз. Қара алтын – көмір, сары алтын – бидай, теледидар – көгілдір экран. Жасанды баламалар – əдет ғұрыпқа байланысты эфемистік баламалар – тура атамаудан қалыптасады. Мысалы, қасқыр – ит құлақ.


Тұрақты теңеулер – танымдық мақсатта туған, тұрақталған тіркестер, көбінесе адам ісəрекетін, сын-сымбатын тағы басқа қасиеттерін сипаттайды. Мысалы, иттің құртындай.


Этнолингвистика – антропоөзектік ғылымдардың бастауы


Фразеологизмдер – шошқа тағалау, түйе үстінен сирақ үйту.


Мақал-мəтелдер – кез келген мақал халық өмірінен алынған. Əке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер.


Жұмбақтар – ұлт танымына байланысты. Əр бір жұмбақтың астарында этностық таным ретінде ғана айқындап түсіндіруге болатын шешімдер жатады. Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау. Ауыз əдебиет үлгілері – тіл əлемінде ең бір ауқымды да информациялық байлыққа жатады. Құрамы: 1. Авторы белгілі ақыл-нақыл сөздер,


2. салт-дəстүрге қатысты деректер. 3. той-томалаққа байланысты ресми салтанат үлгілері.


Көріпкел, сəуегейлікке қатысты əңгімелер,

Əзіл-ысқақ, тұрмыстық жеңіл жанр үлгілері жатады. Міне, жоғарыда аталғандардың барлығы да халықтың рухани, мəдени өмірінен деректер беретін этнолингвизмдер қатарына жатады. Қазақ этнолингвистикасының қалыптасу, даму үрдісінен өзіне тəн кейбір ерекшеліктерді байқауға болады. Қазақ тілі ғылымында қазақ этносын оның тілі арқылы танып-білу мақсатымен бұдан 15-20 жыл бұрын басталған ізденіс барысында іргетасы қаланған. Қазақ этнолингвистикасы бүгінде мақсат-мүддесі, бағытбағдары айқындалған, зерттеу əдіс-тəсілдері қалыптасқан əрі өзіндік ерекшеліктері бар ғылым саласы. Сол себепті этнолингвистика ғылымы танымдық ғылымдардың бастауы бола алады. Оған байланысты мынадай түжырымдама жасауға болады:

Этнолингвистика əр этностың ұлттық бейнесін, өзіндік болмысын толық та түбегейлі түрде тек оның тіл байлығы, яғни тіл əлемі арқылы ғана жан-жақты тани алады.

Этнолингвитикалық зерттеулердің ерекшелігі – сөздіктерге ене бермейтін бейнелі де көркем, көне де байырғы сөз өрнектері мен айтуға тыйым салынған «ұят» сөздерді де қамтуында.

Этнолингвистикасының тағы бір қағидасы – лексикалық байлықтың мазмұнын этнос таным тұрғысынан ашу болып табылады. Сонымен қатар этнос болмысына қатысты деректерді бейнелі түрде көркемдеу жатады.

Этнолингвистиканың екінші ұстанатын қағидасы жүйелілік. Мұны этнолингвистикалық зерттеулерде бірізділікпен қолдану əдістəсілдерінің бірі жəне ең тиімді тетігі деп санаған жөн. Тіл əлемін этнолингвистикалық тұрғыдан жүйелі, сатылы принцип бойынша қарастыру тиімді. Этнолингвистикалық деректердің мағынасын жинау барысында індеттеу əдісін қолдану басшылыққа алынады. Мəселен, қазақ тілі дене мүшелері мен ішкі ағзаға байланысты

500 аса атау бар. Бір ғана көзге байланысты атау 100 асады: ботагөз, қарақат көз, құралай көз, сиыр көз, тана көз, жапалақ көз, жылан көз, қара көз, көк көз, қызыл көз, айран көз, бітік көз, былшық көз, бит көз, жұмық көз, ақ көз, аңқиған көз, жəудір көз, мөлдір көз, тостаған көз, құмай көз, отты көз т.б.


Тіл – мəдениеттің бір көрінісі. Ол екеуінің арақатынасы ерекше де маңызды. Бұлай дегенде біз кез-келген мəдениеттің түрлері, атаулары тіл арқылы бейнеленіп көрінетіні, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілетінін тіл арқылы ұжым мүшелерінің санасында қалыптасқан ортақ психикалық заңдылықтардың көрінуін түсінеміз. Ол ұлттың пайда болуымен байланысты тілдік, кəсіптік-шаруашылық, территориялық тұтастықтар секілді психикалық тұтастықтардың қалыптасуымен байланысты. Дегенмен, ұлттың тарихын философиялық тұрғыдан зерттеген ғалымдар халықтардың жеке ұлттық ерекшелігін жоғары бағалай отырып, кез-келген ұлттың мəдениеті жалпы адамзаттық мəдениеттің ерекше бір түрі, бөлігі деп қарайды жəне соның көрінісін сипаттайтын тілдің ерекшелігі ретінде сөздің ішкі формасына басты мəн береді. Осыған байланысты ғалым Ж. Манкеева: Сөз заттың тура таңбасы емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық процесс нəтижесінде туған бейнесі. Яғни, тіл кез-келген жеке заттарды бейнелегенде, сол тілде сөйлеушіге оны қоршаған дүниенің есігін ашады, суретін салады. Мұның мəдениетке қатысты ұлттық атауларға да тікелей қатысы бар» [3, 96], – дейді.


Əр халықтың тіліне тəн этнолингвистикалық бірліктер сол халықтың өмірінің жиынтығын, ұзақ уақыт бойында қалыптасқан оның дүниетанымын, əдет-ғұрпын, арманын, мүддесін, рухани өмірін көрсетеді.


Əдебиеттер


Қайдаров Ə. Халық даналығы. – Алматы, 2004. – 652 б.

Копыленко М.М. Основы этнолингвистики. Алматы, 1997. – 178 с.

Манкеева Ж. Мəдени лексиканың ұлттық сипаты. – Алматы: Ғылым, 1997. – 272 б.

Реферат. Омар Хайям өмірі мен шығармашылығы
Реферат. Аристотель өмірі мен шығармашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу