Реферат: М. Əуезов поэтикасындағы сентиментализм
Мақалада қазақ прозасының қалыптасу кезеңінде əлемдік əдебиетте бой көрсетіп, əдебиеттегі ірі ағымдардың біріне айналған сентиментализм поэтикасы қарастырылып, олардың типологиялық сипаттары ғылыми тұрғыдан дəйектеледі. Сентиментализм ағымының идеялық-эстетикалық ерекшеліктерінің М. Əуезов поэтикасындағы көрінісі көрсетілді. Жазушының новеллалары мысалға алына отырып сентиментализмнің негізгі тəсілдері анықталды. Автордың сентименталистер стиліне тəн шартты сюжет, шартты образдар, контрасты пейзажды қолдану сипаттары теориялық тұрғыдан талданды. Рационалистік танымның əсершіл сезімінен туындап жататын көңіл-күй құбылыстары, қуаныш пен мұң сияқты тебіреністерінің алма-кезек ауысулары арқылы көрінетін элегиялық сарын жазушының дүниетанымдық өзгешеліктерімен байланыстырылды. Сентименталист-жазушының адамдардың аянышты тағдырларын бейнелеу арқылы кейде торығуға, күйректікке, өткенге елегізу, болашақтан күдер үзу сарындарына да барғаны көрсетілді. М. Əуезовтің «сезімшілдікті» бірінші кезекке шығару арқылы қазақ прозасына лирикалық прозаға жол ашқаны жан-жақты талданды.
Кеңес əдебиеттануында солшыл авангардтық ағымдар ретінде сыналып келген модернистік эстетиканың символизм, сентиментализм, экзистенциализм, имаженизм, импрессионизм сынды т.б. əдеби құбылыстары қазақ əдебиетінде таза күйінде кездесіп, жетекші позицияларды иемденбесе де əр ағымның идеялық жəне бейнелеу ерекшеліктері əр түрлі деңгейде байқалап отырды. Мəселен, М. Жұмабаев пен Б. Күлеевтердің поэзиясында символизм ағымының əлемдік əдебиетте қалыптасқан дəстүрлі сілемдері барынша қанық бояулармен көрініс беріп, қазақ поэзиясының тағы да бір көркемдік-эстетикалық айқын бағдарын танытты. Ал қазақ прозасында символизм ұстанымдарымен қатар, сентиментализмнің, экзистенциализмнің өмір құбылыстарын игерудегі ерекшеліктері, бейнелеу тəсілдері, əсіресе М. Əуезовтің, Ж. Аймауытовтың шығармашылықтарында, басқа да жазушылардың жекелеген туындыларында айғақталып отырды.
ХҮІІІ ғасырдағы еуропалық əдебиетте классицизм жəне рококо тəрізді көркем шығармашылық тенденциялармен қатар негізгі əдеби ағымдардың бірі болған сентиментализм қоғамдағы ағартушылық рационализм ұстанымдарының əлсіреуі кезінде туды. Өзінің атауын ағылшын жазушысы Л. Стерннің «Франция мен Италияға сентименталды саяхат» (1768) атты аяқталмаған романынан алған аталмыш ағым қоршаған əлемді танып білу мен адамның ақиқат дүниге қатынасында салқын сана мен сарабдал ақылдан сезімшілдікті, «жүрек əмірін» немесе «сезім культын» бірінші кезекке қойды. Сентименталистердің ойынша, дүниедегі жамандық пен жақсылықтың, зұлымдық пен имандылықтың ең басты төрешісі — адамның сезімі. Олар өздерінің шығармашылығында сезім еркіндегі адам образын жасай отырып, өз концепцияларын адамның «табиғи таза қасиеттері, шынайылығы» ұғымынан өрбітті.
Дүниежүзілік əдебиеттен көзіміз жететіндей, сентиментализм ағымының екі түрлі тенденциясы байқалады. Біріншісі — рационализмнен бас тарта отырса да, ағартушылық эстетикадан мүлде қол үзіп кетпеген сентиментализ. Бұған Ж.Ж. Руссо, Д. Дидро, Н. Карамзин, В. Капнист т.б. жазушылардың сентименталды танымға құрылған шығармаларын жатқызуға болады. Екіншісі — кейбір батыс ғалымдары «ілкі романтизм» (предромантизм) деп атап, жеке ағым мəртебесін бере зерттеп жүрген, романтизмнің тууына идеялық-эстетикалық негіз қалаған сентиментализм (Л. Стерн, Голдсмит, Смоллетт, Р. Бейдж, У. Годвин, Р. Бейдж т.б.). Əрине, бұлай жіктеу тым шарттылыққа бастаса да, сентиментализмнің əр түрлі стильдік реңктерде бой көрсеткенін анықтауға септігін тигізеді.
Сентиментализм ағымына тəн əдеби-эстетикалық компоненттердің романтизм элементтерімен араласа қолданысы М. Əуезовтің əңгімелерінен айқынырақ көзге түседі. Енді соған үңіліп көрейік. Сана түкпірінде жатқан туған елге деген сағыныш, азаттық аңсары сияқты сарындар М. Əуезовкеромантизмнің поэтикалық құралдарын сентиментализмге тəн көркемдік компоненттермен қатарласа қолдануына алып келді. Бұған «Қыр суреттері» топтамасындағы «Қысқы түн», «Қысты күнгі дала» новеллаларын талдау барысында көз жеткіземіз. Екі шығармада да жыл мезгілдерінің бірі қыс пейзажы, негізінен, реалистік таныммен қабылданады. «Қыстың ұзақ түні. Үлкен таудың ішінде жел гуілдеп соғып, ақ боран ұйтқып ойнап тұр. Қараңғы, тұманды түннің жанды шошытатын суығы қаһарлы. Ашуы келіп, аласұрған қатты дауыл бетіне қарсы қараған затты жерге қаққандай болып, құлшынып тұр. Ысқырып, бұлқынып, жынданып келе жатқан жолында беті қара жартас, жапырағынан айрылған əлсіз ағаш, қарауытқан кішкене қора көрінсе де екпіндеп келіп, кеудесімен соғып, ақ түтек боранның қиыршықтанған ақ тозаңын шашып, беттерін дамыл алмай көміп тұр... Ақ боран көк пен жерді бір-біріне араластырғандай. Аспандағы ай-жұлдыз, жердегі қара-құрадан ешбір белгі жоқ. Айнала аппақ болып тұтасып алған» («Қысқы күн») [1; 135]. «Қалың қарды жамылған ақ дала. Айналада көз тоқтатарлық бұдыр жоқ. Ақ кебінге оранған дүние ұзақ ұйқыға батқандай, өлім тыныштығындай зор тыныштық басында бағып ұйықтатып тұрғанға ұқсайды. Тіршіліктің бір белгісі білінбейді. Көзге түсетін жан иесі жоқ. Жер жүзін тылсым буғандай; ызғарлы қар, суық аяз тас қылып қатырғандай» («Қысты күнгі дала») [1; 137]. Қаламгер қысты күнгі табиғаттың объективті суреттемесін ұсынады. Жер бетін қымтап алған қарды ақ кебінге теңегенін айтпасақ, жазушы айшықтау мен ажарлау құралдарына сараң қалып танытады. Алғашқы новеллаларда мүлде басқа ассоциациялар туғызатын «ай» мен «жұлдыз» да өзінің астрономиялық мағынасында қолданылады. Сөздердің нақты мағынасында қалуы автордың əрбір детальды қалт жібермейтін реалистік байқағыштығына бір мысқал да нұқсан келтіре алмайды.
«Қысқы түннің» пейзажы тек байқағыштық, əр құбылыстың өзгерістерін дəл басатын суреткерлік қырағылықпен ғана кемел емес. Жазушы мұнда «жел гуілдеп соғып, ақ боран ұйтқып ойнап тұрған» тіркестері арқылы дыбыстық детальдарды да қамтиды. Мұндағы табиғат образы суық, қатал, қатыгез жəне құдыретті. Табиғаттың осы құдыреттілігін таныту үшін автор пейзаждың реалистік бастауына күрт өзгерістер енгізіп үдемелі-динамикалық суреттеуге көшеді. Енді табиғат стихиясы дүлей кейпімен, алапат сойқанымен, дүниенің барлығын өзіне бағындырған үстемдік күшімен беріледі. «Биік тауға екпіндеп ойнап шығып, шың басында өнеріне сүйсінгендей ойнақ салып, етекке қарай ысқырып құлап жөнелгенде, долы дауыл сай бойында жын-перінің күйіне билегендей болады. Ағындап құтырып келіп, жартасқа соғып қорқытпақ болып, көрігін басып гуілдейді. Жер тарпып шаңын аспанға шығарып, ақ көбігін атқытып шабынады. Біресе жабысып келіп құшақтап, жарығына кіріп ысқырып, тербетіп, оятпақшы болады.
Кейде одан өтіп, өзектегі қалтырап жаурап тұрған жас тоғайға келіп, жерге шейін басын игізіп, тəжім еткізіп, арасынан суылдап бұраң қағып, ойнап өтеді. Кей-кейде бұның бəрін тастап, ұрысайға тығылып отырған кішкене қораның үстіне келіп, ақ түтек болып ұйтқып, ойнағын салып, жер жүзінен жоғалтпақшы болады» [1; 135, 136]. Пейзаждың реалистік тұрғыдағы кіріспесінде қыстың онсыз да сұсты бейнесіне қанық болған едік. Əрмен қарай табиғат мінезінің қаталдығы кейіптеу тəсілі арқылы шегіне жеткізе үдетіледі. Алғашқы үзіндідегі дəлдік əсіре-динамикалық бейнелеуге ұласады. Жаңа мəнге ие болған тіркестер қысқы түннің райын білдірушіліктен де жоғарылатылады. Адамға тəн əрекеттерді білдіретін «қорқытпақ болып», «біресе жабысып келіп құшақтап», «басын игізіп, тəжім еткізіп», «жер жүзінен жоғалтпақшы болады» деген тіркестердің асқан тегеурінге, бөлекше адуынға ие болуы — бұрын романтикалық поэзияда ғана кездесетін əсірелеулер. Табиғат жаратылысының қаталдығын кестелеуде прозалық əсірелеулерге баруы жазушы шеберлігінің тағы бір айғағы болып қана қоймай, қазақ əдебиетіндегі аталмыш жанрдың жан-жақты дамуына, эстетикалық тұрғыдан кемелденуіне үлкен ықпал жасады. Жазушы реалистік баяндауға икемделгенімен, əуелгі əңгімелерінен желі тартқан романтизмнің айтарлықтай пəрмені реализм принциптерінің толық үстемдік алып кетуіне мұрша бермеген. Əдебиет теорияшыларының: «Поэтикалық бейнелеу құралдары жағынан қарастырар болсақ, романтиктер өздері үшін ғажайып боп көрінгенді де, сұрықсыз көрінгенді де əсерлілік қуатын əлсіретпей жеткізуге себі тиетін көтеріңкі сарындағы сөздерді жасайтын тəсілдердің алуан түрін бірдей пайдаланады», — деген тұжырымына назар аударсақ, аталған пейзаждың көркемдік қасиеттерін ашуға бір табан жақындаған болар едік [2; 149, 150]. Реализм құбылысының ішінде романтизм элементтерінің үйлесе қолданылуы М. Əуезовтің 1920 жылдарда жазған əңгімелерінің стильдік өзгешелігін айғақтап тұрады.
Таңдап алынған əрбір жыл мезгілдері суреткердің ой өзегімен терең тамырласып жатыр. Жаз, жазғытұрымдағы жайма шуақ мезгіл шығармалардың көтеріңкі пафосы мен лиризм əсерін арттырса, күзгі мезгілдің сұрқай көріністері сентименталды мұраттармен ұштасады, қыстың қатқылда қайырымсыз мінезі осы шақтағы немесе келер шақтағы трагедиялық ахуалды ишараттайды. Пейзаждың переспективтік қызметінің классикалық үлгілері, əсіресе, жазушының эпикалық тыныстағы шығармаларында мол ұшырасады. Ландшафтық суреттер алдағы оқиғаның, кейіпкерлер əрекеттерінің кіріспесі мен меңзелуі түріндегі мəнге ие болады да реализм талаптарының үдесінен шығуға бастайды. Ал жазушының əңгімелеріндегі пейзаж, негізінен, субъективті көңіл-күйдің, я болмаса жеке тұлғаның жан əлеміндегі өзгерістерін ашуға, сыртқы дүниемен қарым-қатынасын танытуға ыңғайландырылады. «Қысқы түндегі» ысқырып ойнақ салған ақ түтек боранның қаһарлы суреті əбден жүдеген кішкене үйдің ішіндегі тағдырдың азабын тартқан жандардың қасіретіне лайықтанады. Олар — ұл мен келіннен жастай айрылып, «көздерінен улы жастарын ағызған» шал мен кемпір, сүзектен сүлдері ғана қалған, өлім халіндегі бала. Бастарына аса ауыр тауқымет түскен кейіпкерлерінің биографиясына қысқаша шолу жасау жағынан реалистерге тəн бейнелеу сипаттарының белгілері көрініп отырғанмен, олардың ақиқат өмірмен байланысы өте шартты тұрғыда. Олардың трагедиясын туғызған объективті жағдай, əлуметтік-практикалық себептер мүлде айтылмайды. Аласұрып елірген табиғат көрінісінен тіршіліктің əлсіз ғана нышанын беріп тұрған кішкене жүдеу үй готикалық мағына иеленеді. «Жалғыз қабат терезеге екпіндеп келіп соққан қатты дауыл біресе гуілдеп шыдамсызданып, біресе ысқырып əлек салып, біресе дүрсілдетіп ат ойнатқандай болып құтырып, ауру баланы қайта-қайта шошытып оятады» [1; 136]. Алғашында реалистік нақтылыққа құрылған визуалды-панорамалық пейзаж енді символдық мағынаға көшеді. Ендігі жердегі пейзаждың мақсаты кейіпкердің ойы мен рухани дүниесімен сəйкесу-сəйкеспеу ғана емес, адамның əр жағдайдағы эмоциясы мен сезімінің берілу мүмкіндіктерін тану үшін, рухани рефлекцияларға жол ашу үшін дамытылады. Ойнақ салған дауыл, үскірік жел, ақ түтек боран — қорқыныш пен үрейдің, жақындап қалған əлдебір жамандықтың, тіршілік үйлесімін жоқ ететін хаостың символдары. Табиғат көріністерінің эмоционалдық қуаты ішкі «меннің» өзгеше жағдайын, автордың жүрек қалауынан туатын инстинкті ұмтылыстарды айғақтайды. Бұл — сөз жоқ, сентименталистердің эстетикасына тəн белгілер.
Асқан сезімшілдікті тудырудағы табиғаттың экстаттық суреттері Батыс еуропалық əдебиеттегі, əсіресе ХУІІІ ғасыр ағылшын əдебиетіндегі «готикалық романдарда» кеңінен қолданылды. «Готикалық романдардың» кейіпкерлері қаншалықты ұнамды тұлғалар болғанымен, кездейсоқ құпияға, беймəлімдікке толы əлем алдында қорғансыз жəне қауқарсыз. «Готикалық роман» өкілдері — А . Рэдклиф, Ш . Смит, Г . Уолпол, К . Рив, Р. Бейдж, Ч . Мэтьюрин, Э. Инчболд, Т . Холкрофт, У. Годвин т.б. шығармаларында үрей мен қорқыныш сезімін барынша асқындыра отырып, оқырман эмоциясына тікелей əсер етуді көздегені белгілі. Сонысымен олар ағартушылар мен классицистерге қарсы тұрды. Олардың шығармаларында готикалық көріністер сентиментализм элементтерімен қатар өрілді. Мысалы, өлілер мекені — бейіт, тұңғиық тұманға оранған орман, қара түндегі сұрықсыздық сияқты көріністер қайғы-мұңға, уайымға берілу тəрізді меланхолиялық-пессимистік көңіл-күй қалыптастырды.
Сентиментализмнің күшейіп, ағартушылық сананың күйреуге ұшырауы ілкі романтизмді тудырғаны белгілі. Демек, толыққанды романтизмнің жалпылық сипат алуында сентиментализм маңызды белес, өтпелі кезең еді. Күйзелген, əбден тапталған тағдырлы адам жайындағы концепция романтизмнің сентименталистік алғышарттарын жасады. Мұндай тенденция кейін Стерннің əйгілі «Сентименталды саяхатын» тудырды. «Сезімшілдік, — деп жазады Н.А. Соловьева, — ХҮІІ ғасыр мен ХҮІІІ ғасыр басында үстемдік еткен əлемге деген механикалық көзқарасқа, интеллектуализмге қарсы реакцияның басы болды. Сана мен еріктің бақылауына бағынудың орнына адам енді өзін интуициясы мен сезімталдығына сəйкес ұстауға құқылы болды. «Готикалық романдар» жасандырақ болса да сезімшілдікті бірден жоғары көтеріп жіберді. Бұл орайда олар беймəлім, түсініксіз, кездейсоқ нəрсенің алдындағы қорқынышты ояту сияқты қарапайым құралдарды пайдаланды» [3; 64].
Əрине, «готикалық романдардың» Əуезов шығармашылығына тікелей ықпал жасады деуге нақты дəлелдер жоқ. Алайда адамзаттың көркемдік даму көшіндегі типологиялық құбылыстарды, эстетикалық ортақ заңдылықтарды елемеуге де болмайды. Қорқыныш пен түнек жайлаған əлем, үрей мен өлімнің символы дəрежесіне көтерілген табиғаттың сұсты бейнесінің қорғансыздықпен, панасыздықпен шендестіріле бейнеленуі «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Қысқы түн» əңгімелерінде барынша анық бедерленді. Небəрі екі беттен тұратын «Қысқы түн» əңгімесінде жазушының сентименталистік қыры барынша ашылады деуге болады. Сентиментализмнің тұрақты атрибуты — оқиға өтетін мекеннің сұрықсыз атмосферасын беруде сентименталистік лексиканың орны ескеріледі.«Сары уайымның таңбасы», «қу моладай құлазып қалатын жетімдік, қу бастық», «суық пішін», «суық дауыл» т.б. сияқты тіркестер мен фразалар — кейіпкерлердің эмоционалдық халі мен автор көңіл- күйінің де маңызды айқындауыштары. Шығармадағы белсенді əрекеттері жоқ, қара жамылып, уайым мен торығуға берілетін кейіпкерлер («қураған кемпір мен шал жəне он шақты жасқа келген ауру бала») эпизодтық тұрғыда ғана бейнеленгенімен, олардың ішкі дүниесіндегі күйзелістері шексіз, сезім буырқаныстары аса күшті. Оқырманға эмоционалдық əсер етуді діттейтін қаламгердің кейіпкерлерге қатысты субъективті сезімі де лықсып шығады. Қаһармандармен қатар күйзелу, олармен бірге мұңға бату, болашағына алаңдау шығармадағы сентименталистік мазмұнды айғақтайды. «Ендігі өмір не болар? Келесі күн қандай күйге ұшыратар? Белгісіз... Түсі суық... Жылдай созылған ұзақ түн өтпеді... Суық дауыл, ақ боран ашылған жоқ, бұрынғысындай құтырып, шабынып тұр. Зəрлі түн əлсіз жанды жұтқалы жалана берді. Бұл түнмен ауру баланың өмірі жарыса алған жоқ. Аздан соң демі бітіп үзілді. Түнгі боран басқан жалғыз қурайдай, айдаһарша аласұрған суық табиғаттың арасында баланың əлсіз өмірі де таусылып, жарығы сөнді...» [1; 137].
«Қыр суреттері» циклы «Қысты күнгі дала» новелласымен аяқталады. Мұндағы пейзаж алдыңғы əңгімедегідей дүниенің барлығын апырып-жапырып келе жатқан сондай қорқынышты күйде суреттелмегенімен, ауыр мұңға негізделген элегиялық сарын байқалады. «Жабырқау тартып түнерген сұр бұлттар», «даладағы күңгірт түс», «жауратып, жүдеу тарттырған ызғарлы аяз», «айналадағы жансыздық, өлім ызғары», «жетімсіреген елсіз дала», «күннің жансыз жарығынан қажыған табиғат», бəрі-бəрі — автордың меланхолиялық, мұңды көңіл күйінің белгілері. Туынды күйеуі өліп, қайғығы батқан Рабиға жайында, теперіш көрген келіншектің ауылдан қашуы (əмеңгерлік жолмен ие болмақ болған кəрі шал Жақайдан), қыстың өңменнен өткен суығымен арпалысуы, ақырында Мұқаш інісінің келіп құтқаруы турасында айтылады. Жазушы циклды осындай оптимистік финалмен түйіндеген. Өз тағдырын өз қолына алмақ болған əйелдер тағдыры — əрине, жаңалық емес, төңкеріске дейінгі əдебиеттен бері тұрақты тақырып. Осы таныс тақырыптың айналасынан-ақ Əуезовтің өзіндік концепциясы ашылады. Мұнда жазушы адам мен табиғатты тағы да бетпе-бет қалдырады. «Қыр суреттері» циклында адам болмысына үкім айтушы да, төреші де, адам рухын сынаушы да — табиғат. Табиғатпен бетпе-бет келмей, оның заңдылықтарына бағынбай адам өзін-өзі ашуы мүмкін емес. Міне, табиғат жəне адам сияқты жалпыадамзаттық мəселеге орай оның жаратылыс заңдарымен үйлесімдегі табиғи адам туралы романтикалық идеясы анықталады.
Асылында, сентименталист ақын-жазушылар пейзаждың ішкі мағынасына аса зор көңіл бөлді. Пейзаж арқылы заттар мен құбылыстардың беймəлім сырларына бойлады. Сентименталистерге тəн мұндай ерекшеліктерді «Қыр суреттерін» тұтас қарағанда, жалқы туынды деп бағалағанда, көзіміз жете түседі. Ең бастысы, сентиментализм ағымының негізгі тəсілі болмыс қасиеттерін ашық контраста бейнелеу аталған туындыда барынша анық аңғарылады. Контрастық бейнелеудегі басты рольды атқаратын көркемдік компонент — пейзаж. «Қыр суреттеріндегі» «Кешкі дөң басында» жəне «Түнгі ауыл» деп аталатын алғашқы екі новеллада дала табиғаты өзінің ғажайып əсемдігімен көтеріңкі стильде суреттеледі. Табиғаттың қайталанбас сұлулығы табиғатпен əдемі үйлесім тапқан далалықтардың өмірі арқылы əсерлі беріледі. Ал «Қысқы түн», «Қысты күнгі дала» новеллаларындағы пейзаж мүлде қарама-қарсы сипатта, аса қатыгез, айналасына қайғы мен қасірет зəрін төгіп келе жатқан мылқау күш бейнесінде көрінеді. Мұнда табиғаттың қатал мінезі «Қорғансыздың күніндегідей» оқиғаны дамыту үшін алынып, мотивировкалық қызмет атқармайды. Автор дүлей боранды кейіпкерлер сезімдік қырларын ашу үшін қолданады деуге де негіз жоқ. Қаһармандардың мінез-болмысын жан-жақты ашуды қаламгер мақсат етпеген де. Автор табиғат құбылыстарын əсірелеу барысында ол көріністердің дəлдігінен гөрі əсерлілігін көздейді. Кейінгі туындыларда көрініс беретін бірді-екілі кейіпкерлер шартты тұрғыда алынып, автордың субъективті мақсатына орай кескінделеді. Алғашқы екі шығармадағы туған далаға деген сағыныш пен құштарлықтың, жастық өмірін өткізген өлкеге деген ынтығушылықтың жетегімен жасалған табиғаттың поэтикалық суретінен сентиментализмге тəн пафосты танимыз. Жазушы аса айқын контрастқа өз идеалын айқындау мақсатында барған. Барынша айқын образдар жасамауы, сюжеттің фрагементтік деңгейден аспауы, оқиға мен құбылыстың себеп-салдары мен нақтылығына қатаң түрде мəн бере бермеуі — сентиментализм үшін қалыпты жағдай. Жазушының субъективті ұмтылысы идеалистік таным қырларымен еншілес. Бір сөзбен айтқанда, шартты сюжет, шартты образдар, контрасты пейзаж — барлығы сентименталды идеал төңірегіне жұмылдырылады.
Теориялық ұғымдармен негіздесек, өткен күндер елесін, далалықтар өміріне елжірей ұмтылушылығы жағынан консервативтік романтизм деп айқындау жөн бе? Алайда консервативтіромантизмде өткен дəуірдің жарқын бейнесі барынша идеалдандырыла келіп, автор мүлде қабылдай алмаған бүгінгі заманның болмысы ашық қарсы қойылады ғой. Жəне де романтизмнің мұндай түрінде əлеуметтік салмақ негізгі роль атқарады. Жазушы болса əлуметтік қатынастарға «Қыр əңгімелері», «Қыр суреттерінде» барынша тереңдеуді көрсетпейді. Мұндағы кейіпкерлер əлеуметтік ортадан тəуелсіз тұрғыда алынады да, шартты суреттеулер доминанттық сипат алады. Ойлана қарасақ, бұл əңгімелерде əр құбылысқа баға бере отыратын рационалистік танымнан гөрі қаламгердің əсершіл сезімінен туындап жатқан көңіл-күй құбылыстары, қуаныш пен мұң сияқты тебіреністерінің алма-кезек ауысулары арқылы элегиялық сарын танылады.
Мұндай белгілер Мағжан поэзиясында да үлкен орын алған-ды. Элегиялық романтизмде символизмнің ғана емес сентиментализмнің де элементтері мол ұшырасып отырады. Оған жоғарыда «Қысқы түн» мен «Қысты күнгі дала» новеллаларын талдау арқылы көз жеткізе түстік деп ойлаймыз.
Қаламгердің субъективті аңсары мен жүрек толқыныстарынан туатын сезімшілдік авторлық «менді» əбден даралауға жағдай жасады. Ішкі сезімді алдыңғы қатарға шығарушылықта суреткердің өзі элегиялық қаһарманға айналуы «Қыр суреттерінің» жанрына байланысты сұрақтар туғызады. Бұл шығармадағы шартты бейнелеулер мен автор тұлғасының көңіл əуендерінің берілуі, пейзаждың əсіре поэтикалық кескінделуінен шығатын ерекшеліктер прозадан гөрі поэзиялық жанрдың талаптарын еске салады. Лирика элементтерінің молынан ұшырасуы «Қыр суреттерін» поэзия формасына жатқыза, өлең жанрына қатысты əдістемелермен де тексеріп көруге болатынын айтқымыз келеді. Өйткені сентиментализм прозаға терең лиризм дарыта алды (Туындының жанрына қатысты кең талдауларға бару осы еңбектің мақсатына кірмегендіктен, ол тараптағы ойларды ғылыми тиянақтау келешек үлесіне қалдырыла тұрады).
Қорыта айтарымыз, қазақ прозасының қалыптасу кезеңінде əлемдік əдебиетте бой көрсетіп, əдебиеттегі ірі ағымдардың біріне айналған сентиментализм поэтикасы да айқын танылды. С. Торайғыров, Ə. Ғалымов, С. Дөнентаев, Ж. Аймауытов, М. Əуезов сынды т.б. қаламгерлер сентиментализмнің əдебиеттегі жеке адамның рухани болмысына ден қоюын, образды психологиялық талдаудағы тəсілдерін, адамгершілік-ұждандық мəселелерді қозғаудағы жетістіктері мен əдеби-эстетикалық құралдарын ұлттық сөз өнерінің заңдылықтарына сай пайдалана алды.
Əдебиеттер тізімі
Əуезов М . Шығармаларының елу томдық толық жинағы. — Т. 2. / М. Əуезов. — Алматы: Ғылым, 1998. — 432 б.
Ахметов К. Əдебиеттану əліппесі / К. Ахметов. — Алматы: Қазақпарат, 2000. — 184 б.
Соловьева Н. А. У истоков романтического метода. (О взаимодействии методов в английском предромантизме) / Н. А. Соловьева // Творческие методы и литературные направления. — М .: Изд-во МГУ, 1987. — С. 52–70.