Баяндама: Сартай батыр бастаған «Мың бала жорығы»

Oinet.kz 08-09-2020 966

Сартай Байжанұлы — Кіші жүздегі Шекті руының ішіндегі ең ірі тарихи тұлғалардың бірі. Оның 1727 жылы Ұлытауды жоңғарлардан босату үшін болған негізгі шайқаста Кіші жүз сардарларының қатарында мың баланы бастап барып, үлкен ерлік көрсетіп, жауды жеңуге шексіз үлес қосқаны туралы ақын Нұрмағанбет Қосжанұлы «Сартай батыр» туралы дастанын жазып, кейіннен 1927–1953 жылдардағы елдегі тоталитарлық жүйенің салдарынан дастан жерге көміліп тасталады.  Ақынның өзін Ақтөбенің НКВД үштігі халық жауы деп айыптап, 1937 жылдың 29 тамызында ату жазасына кескен. Үкім сол жылы 4 қыркүйекте орындалған [1]. Ақын жазықсыз жаламен бұл дүниеден өтсе де, ол жазып қалдырған «Сартай батыр» дастаны халықтың Сартай батырға деген, жазған ақынға деген сүйіспеншілігінің арқасында осы кезге жетті. Ақын Нұрмағанбет Қосжанұлының дастанын ел арасынан іздестіріп тауып, туған елімен қауыштырған белгілі журналист, профессор Өмірзақ Жолымбетов. Бұл да толық нұсқасы емес, кейіннен жыршы-термешілердің айтуымен жазылған нұсқалары. Дастанды жазба күйінде сақтауға Кеңес үкіметінің сол кездегі саясатынан  қорыққан халық жасырын ауызша таратып, кейінгі ұрпаққа жеткізген. Өмірзақ ағамыз бастырып шығарған нұсқасында жер атаулары өзгертілген.


Осы Н.Қосжанұлының жазып қалдырған «Сартай батыр» туралы дастанының түпнұсқасын Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақшатау елді мекенінің қасындағы Майтөбедегі Махамбет сұпы мешітінің күнбатыс бетіне батырдың ұрпағы Томаұлы Жетпістің айтуымен құрым киізге орап, сыртын былғарымен су өтпейтіндей етіп қаптап көмеді. Томаұлы Жетпіс көзі тірісінде «Сартай батыр» дастанын бір жырлатып тыңдай алмай, бар сырын ішіне бүгіп, 70-ке қараған шағында 1952 жылы қайтыс болады. Өлер алдында Байжан Асан аталығынан туыс інісі Жұбатханға аманаттаған. Кейіннен Жұбатхан қасына жігіттер ертіп, ағасының айтып кеткен жерін қазып іздестіреді, бұл кезде ол маңнан ел көшіп, мешіт үйі құлап қалған еді, — дейді. Өкінішке орай, қанша қазып əрекеттенгендерімен еш нəтиже шығара алмайды [2].


Жұбатхан өмірден өткенмен, баласы Шанжарханның көзі тірі деп, Сартай бабамыздың ұрпақтарының бірі Əйтенова Күлəй дастанның табылмағаны жөнінде «Толқын» газетіне жазған. Осы газетте Сартай бабаның мөрі мен қылышының кейінгі 1980 жылдарға дейін келіп, кейіннен жоғалғаны туралы да айтып, өкініш білдірген [3].


Сонымен, «Сартай батыр» дастанының толық түпнұсқасы Майтөбедегі Махамбет сұпының мешітінің күнбатыс бетінде, алтын қазынадай сақтаулы жатқанын ақшатаулықтар айтып келеді.


Алғаш рет Сартай батыр жəне оның жоңғарларға қарсы ұйымдастырған «Мың бала» жасағы жөнінде ауыл ақсақалы Орынбет арқылы қағазға түсіргенмен, арнайы мақала жазу ниеті болған емес. Дегенмен батыр туралы жинастырылған бірегей құнды мəліметтерді тарихи деректермен салыстыру жұмысы қолға алынды.


Орынбет ақсақал 1930 жылы тамыз-қыркүйек айларында Кеңес үкіметінің күштеп ұжымдастыру саясатымен алым-салық, азық-түлік, мал жинау науқандарына қарсы шыққан, «Асан көтерілісіне» қатысқан [4]. Көтерілісшілер жеңіліс тауып Өзбекстан арқылы Ауған жеріне қашқанда Орынбет ақсақал Ұлытауға қарай қашқан. Сталин қайтыс болғаннан кейін елге оралса керек. Өмірінің соңына дейін Арал ауданының Шөміш станциясында тұрып, жасы 100-ден аса қайтыс болған. Көзі   тірісінде «Мың бала» жасағын басқарған Сартай батырдың жоңғарлармен болған соғыстағы ерліктерін, батырлығымен қоса ел басқарған би болғанын əңгімелеп келген. Ұлытау маңында 24 жыл бойы Сартай батыр соғысқан жерлерге, оның ішінде «Қалмақ қырылғанда» болып, Кіші жүз руларының таңбаларын өз көзімен көріп, елге жеткізген.


Ақын Н.Қосжанұлына «Сартай батыр» дастанын жаздырғанға дейін, қолбасшының ерлігін мадақтаған жекелеген өлең-жырлар, арнаулар болған. Замандас Томаұлы Жетпіспен өзара соғыс болған жер аттары, Сартай батыр туралы жыр-толғауларды ортаға салу дəстүр еді. Ал қазір дастан жөнінде мүлдем айтылмайды. Томаұлы Жетпіс: «Батыр жөнінде кейінгі ұрпаққа жеткізу — парыз, баба бəрімізге ортақ», — деп үнемі айтып отыратын.


Негізгі соғыстар Орта, Ұлы жүз жерлерінде болғандықтан, олар туралы жыр-толғаулар осы өңірде жырланып, кейін əр жүз, əр ру өз батырларын мадақтап, Кіші жүз батырлары туралы жазылған жырлар ел ішінде ұмытыла бастаған. Бірақ халық жадында сақталған бастапқы жырлардың біздерге жеткен үзіндісіне зер салсақ, көптеген жайлардың мəнісін аңғаруға болады. Мысалы, сол кездердегі айтылған төмендегі жыр жолдарын Орынбет ақсақал:


Сартай батыр бастаған,

Кіші жүзден мың бала,

Аттанды ұлы жорыққа.

Қамшысы бар білеулі,

Найзасы бар егеулі,

Саржасы бар кезеулі,

Ұрандап шапқан ұрыста,

Əр біреуі жүз кісіге балаулы, —


деп жырлаған. Бұл жыр жолдарында Сартай батыр бастаған «Мың баланың» елді қорғау мақсатында, ұлы жорыққа аттанғаны баяндалып отыр. Ал келесі үзіндіде жас батырдың жоңғарлармен жекпе-жегі:


Ел үшін болған ұрыста,

Менменсіген жоңғар-ноянға,

Сартай дайын жас қыран

Өңешке қадап сүңгіні,

Ат сауырынан аударып,

Жеңіске жол бастаған... —


деп сипатталған. Бұл жерде Сартай батырдың жастығына қарамастан, өзінен анағұрлым күшті, мінген атына қаруы сай жоңғар ноянымен жекпе-жекке шығып, оның сауытсыз ашық өңешіне сүңгіні лақтырып дəл қадағанын, жауды ат сауырынан аударып, жеңіске жол бастағанын мадақтаған.


Айбынуды білмейтін, жолбарыстай қайратты, көкжалдай тез шешім қабылдайтын жас та болса бас бола білген Сартай батыр бұл əдіс-айласын кейінгі жекпе-жектерінде де пайдаланған. Оған төмендегі жыр жолдары:


Сартай менен Бөлекті,

Көргеннен қалмақ үрікті.

Бас-көзге төпеп аттарын,

Шепті тастап зытыпты.

Ат құлағында ойнаған,

Бөлектің өзге өнері... —


куə. Бұл жыр жолдарында аты аталған Бөлек батыр Кіші жүз қолында болмаған деген ой келеді. Себебі Бөлек батыр Қазыбек бек Тауасар ұлының «Түп түқияннан өзіме шейін» [5] атты кітабында кездеседі. Бөлек батырдың жасы Сартай батырмен қатарлас болғандықтан, өзі ғұрыптас  Сартай батыр бастаған мыңдыққа қосылып, бірге соғысуы мүмкін. Бұл жыр жолдарына қарап отырып Қосжанұлы жазған «Сартай батыр» дастанынан басқаша екеніне, соған қарағанда Орынбет ақсақалдың айтқанында шындық бар екеніне көз жеткізуге болады. Сондай-ақ ел аузында «Сартай батыр мен «Мың бала» туралы керей Қожаберген жырау жырлаған деген айтылады.


Оған нақты дəлел, осы мақаланы жазу кезінде пайдаланылған, ел аузынан жиналған жыр үзінділері жəне Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияннан өзіме шейін» [5] кітабында Қожаберген жыраудың өлеңдерінен келтірілген төмендегі үзінді:


Қатысты Кіші жүзден Тайлақ мерген,

Сұлатты көздегенін атқан жерден.

Бір мерген Саурық атты жараланды,

Ер екен екеуі де Кіші жүзден.

Ағасы Тайлақ мерген — Байрақ, Қайрақ,

Олар да жүрек жұтқан бетті екен, —


дəлел. Бұл жырдағы Тайлақ, Байрақ, Қайрақ батырлардың аталығы Кіші жүз ішінде былай таратылады: Əлім — Жаманақ — Шыңғыс — Бөлек — Айт — Қабақ — Айбек — Бекежан — Тайлак, Байрақ, Қайрақ, Қалнияз ишан. Кіші жүздегі Жаманақ ұрпақтарының ұранына айналған Бақтыбай батыр да, Пұсырман батыр да осы аталықтан. Қабақтан — Ханкелді, Жанкелді, Төлес, Аралбай, Айбек болып бес бала тарайды. Ханкелдіден — Пұсырман батыр, одан — Жарас мерген. Төлестен Бақтыбай батыр тарайды. Осы соғыста Пұсырман, Бекежан батырлар Бақтыбай батырдың қарамағында соғысса, олардың балалары Тайлақ, Байрақ, Қайрақ жəне Жарас мергендер Сартай батыр бастаған мың баланың құрамында болған. Тарбағатай тауындағы «Алшын жалы» үшін болған ұрыста Жарас, Тайлақ, Байрақ, Қайрақ мергендердің ерлігіне тəнті болған ақындардың өлең-жырлары сол кезде көп айтылған болса керек, мысалы:


Батырлар Байрақ, Қайрақ,

Тайлақ Жаудан қайтпаған кіл саңлақ.

Шайқасып, оққа қарсы қасарысып,

Айламен жауды төмен жұмалатпақ.

Сегіз сүйем оқты ер Бүкірек,

Атқанда айырылады жартас қақ-қақ,

Қашады шуылдасып жасырынған қалмақ.

Тартқанда жас мергендер көздеп садақ,

Топырласа құлайды жоңғар-қалмақ.


Дегенмен, арнау-толғауларда жырланған үзінділер ауыздан ауызға тарап, осы уақытқа дейін келіп жетті, кейін ұмыт бола бастағанмен.


Сартай Байжанұлы шамамен 1711 жылы туып, 1785 жылы қайтыс болған деп жазылады.


Орынбет ақсақал Сартай батыр жауға аттанғанда он бес жаста болған. Қазақ қолының жоңғарларға қарсы соғысы 1726 жылы Шұбар теңіз жəне Бұланты мен Білеуті өзендерінің бойында өтіп, «Қалмақ қырылған» [6] соғысында бірінші рет тойтарыс бергені нақтыланды.  Сондықтан Сартай батырды 1711 жылы туды деуге толық негіз бар. Батырдың өлген жылы туралы əркім əр түрлі пікір айтады. Бірақ ел аузындағы аңыз əңгімелерді, жырларды, жазба деректерді жəне мұрағат деректерін салыстырып қарайтын болсақ, көрсеткішті анықтауға болады. Мысалы: біріншіден, ел аузындағы əңгімеге қарағанда, Сартай батыр Ақшатау елді мекенінде 1817 жылдың желтоқсан айында, қақаған қыста қайтыс болған; екіншіден, жергілікті Арал өңірінің тарихшылары Сартай батырды жəне жорықтас серігі Жылқайдар батырды 1785 жылы қайтыс болған деп жазады, бұл қате пікір болуы мүмкін. Себебі, ендігі мəлімет бойынша: Жылқайдар батыр қарақалпақ Тықы батырдың қолынан мерт болып, оны кегін қайтаруға Жанқожа батыр барған. Сол кезде Жанқожа батыр он сегіз жаста болған деп, «Жанқожа батыр» жырында жазылған. Жанқожа батырдың туған, қайтыс болған жылдары тарихта нақтыланбаған. Олай болса, Жанқожа батырдың туған жылына 18 жылды қоссақ, яғни 1774+18=1792 жыл болады, яғни Сартай батырдың жорықтас серігі Жылқайдар 1785 жылы емес, 1792 жылы қайтыс болған. Жылқайдар қайтыс болғанда Сартай батырдың көзі тірі. Жорықтас серігінің кегі қайтқанына риза болған батыр Жанқожа батырға орыс керуенін тонағанда қолға түсірген қаруларының біреуін беріп, келешек ел қамқоры, шекті қолының бас батыры осы болар деп ақыл-кеңесін айтып, бата берген, онда: «Мен болсам қартайдым, артымнан алдым  жақын, ендігі жерде Аллаға мінажат етіп, иман тілеу ғана қалды. Балам, жастық шақ — батырлық жасайтын шақ. Жасымда қол бастап жауға шаптым, ел үшін, жер үшін намысты қолдан бермеуге тырыстым. Батырға бітер асыл қасиет: қылышың шапқанда шалыс кетпесін, найзаң діттеген жеріне тисін. Атқан жебең мен айтқан сөзің тигенде мерт қылатындай оқ болсын. Аңғалдық та батырға тəн қасиет. Аңғалдық бар жерде аярлық бар. Аярдың арбауына түсіп, қандасқа қас болма. Күштімін деп, момынға күш көрсетпе. Əдептен озба, жүзіңнен имандылығың көрініп тұрсын. Туыс та болса азғынның азғырғанына ерме. Батырлығыңды ата жауыңа көрсет. Елдікті, ауызбіршілікті, туған еліңді сақтауға жаныңды пида ет деп, сөзін бітіріп сөз аяғын тақпақтай жөнелтіп:


Ойдан өзбекті өргізсең,

Балағыңнан кіріп, басыңа шығар.

Қырдан кəпірді кіргізсең,

Қыл мойынға тұзақ түсер.

Елді бірлігінен айырсаң —

Қайта бітпес жік түсер... —


деп, бата берген (бата шумақтары толық сақталмаған). Бұған қоса дəлел ретінде: орыс офицері Гарбердің қару-жарақ тиеген керуенінің тоналғаны жайлы хабар Анна патшайымға да жеткен. Бұл жөнінде Ресей патшайымы 1732 жылы жетінші қазанда Əбілқайыр ханға төмендегідей мəтінде хат жазған, онда: «...получены здесь известия, коим образом киргиз-кайсаки, противно своему обещанию и присяге быть в верном подданстве, полк артиллерии нашей Гарбера и отправленной с ним в Хиву и Бухару купеческой караван разграбили и в нем людей и подданных наших до смерти побили» дей келіп ханға: «...все погребленные из каравана сыскать и возвратить, участников того воровства наказать и жить как добрым и верным подданным принадлежить» [7] деп талап қойған.


Жанқожа батырдың Сартай батыр қолынан алған сол қаруы батырдың ұрпақтарында осы күнге дейін сақтаулы. Мəліметтің шыншылдығы жөнінде газеттерде бірнеше рет жазылып, жарық көрді [8]. Мұрағат құжаттарына назар аударсақ, Сартай батыр туралы деректер 1732–1817 жылдарды қамтиды. Соның ішінде Сартай батырдың 1817 жылға дейінгі өмірі: 1817 жылдың 16 тамызда кіші жəне орта орда билерінің патша ағзамға жазған мəлімдеме хатында Шерғазы Айшуақұлын өздеріне хан  етуді  ұсынып,  ол турасында  дəйекті  деректерді алға тартқан  жүзден  астам билер  қол  қойған.


Міне, осы хаттағы тізімде 21-ші болып «мен Сартай Байжанұлы өзімнің мөрімді бастым» [9] деп көрініс тапқан.


Кейін, 1787–1791 жылдары түріктер мұсылмандығын алға тартып, Бұхара хандығын Ресей империясына қарсы көтеру мақсатында хат жолдайды. Ал Бұхара хандығы Ресей Империясымен көршілес жатқан Кіші жүз қазақтарын осы соғысқа араластырмақшы ниетпен басты билерге, батырларға: «Храбрым воинам, биям и старейшинам Сарытай-бию, Сырым-батыру, Шукурали-бию, Садырбеку, Барак-батыру, Даждан-батыру мир и благославение, а потом слово наше. Слава Всевышнему Богу. По милости Его Святой все наши дела текут благополучно. Одна только у нас скорбь: недавно от православного турецкого государя, наместника божия, прибыл к нам посол с грамотою, извещающею, что неверные россияне со всех сторон собирались и, соединясь с семью европейскими державами против турецкого государя, выступили поход. А как вы живете к россиянам ближе, нежели мы, и, следовательно, сражаться с ними умеете лучше нас, то мы предлагаем всем рабам Божиим и последователям Мухаммеда, уповающим на ходатайство Пророка нашего, соединиться с войском турецким делами и духом и отправиться на поражение неверных, за что великую мзду получить можно. Если же кто в том походе упустит нанести неверным возможный удар, тот имеет опасаться от Бога жестокого гнева и на ходатайство Пророка нашего да не уповает. Впрочем, просим словесному объявлению посланного дать веру»; «Слышим мы, что у вас, казахов, собственных мудрецов или ученых людей нет; почему никак не можете исполнить узаконений Пророка нашего. Поелику же господь Бог всем народом повелел знать учение его и, сообразуясь с оным молиться, содержать пост и давать милостыню из имения своего, то познание грамоты для чтения книг принадлежит к богослужению. У нас ныне находится источник мудрости: ибо из всяких народов, а именно из узбеков, таджиков, арабов и туркменцев много есть учащихся в школах наших, а от вас, народа столь многочисленного, не находится ни одного ученика. В Коране Пророк наш предписал, чтобы всякий правоверный, не только муж и жена, но и малые дети учились закону, боялись Бога, и когда в состоянии найдутся, то друг друга увещевали бы, а потому советуем вам прислать сюда из всякого рода по два или по три человека для научения. Ежели увещаний ваших не послушают, то силою возьмите от всякого рода по два или по три человека. Пропитание им будет от нас. Когда же они окончат учение и сделаются сведущими в законе, то возвратятся в дома свои с правилами благочестия, с привычкою к молитве и посту. Если же вы, народ казачий, имея возможность исполнить наше предложение, оставите оное без исполнения, то сделаетесь на сем свете изменниками Богу, а в день Воскресения будете гореть в адском огне. Ежели бы мы сей истины вам не предложили, то сами заслуживали бы в сем свете название неверных, а в будущем подвергли бы себя вечному адскому огню. Впрочем, с нашим почтением пребываем. Лета 1202 от Эгиры (или 1788 от Рожд. Христова)».


К письму сему приложена была чернильная печать бухарского аталыка (первого министра) Шаг- Мурата [10] деп, хат жолдаған. Сартай батыр бұл хатқа: «Шекті елінің Ресей империясына ұзында өші, қысқада кегі жоқ, орыстармен соғысқысы келсе, бұхаралықтар өздері білсін. Бірақ жолда қалың қазақ елі бар, бұхара əскерін өз жерімнен өткізу-өткізбеуді мен шешем» деп үзілді-кесілді қысқа жауап қайырған.


Бұхара хандығынан Кіші жүздің батыр-билеріне хат келгенінен құлақтанған генерал-губернатор О.А.Игельстром шекті еліне, өзбектермен шекаралас жатқан төртқара, шөмекей руларының арасына құпия мəлімет жинау үшін жауапты тапсырмамен Орынбордың муфтиі Мухамеджан Хусайновты бірнеше рет жібереді. Көне ноғай жолымен Арал теңізінің жағалауын бойлап, Сырдария өзенінен Райым бекінісі арқылы өтіп, Қызылқұмдағы төртқара, шөмекей руларын аралаған М.Хусайнов Бұхара, Хиуаға дейін сапар шегеді. Өзбек хандарымен астыртын сөз байласқан М.Хусайнов өзбек хандығын қару-жарақпен жабдықтап қазақтарға айдап салмақ болады. Татар көпесінің баласы М.Хусайновтың өзбек пен екі ортаға сапарының жиілеуінен күдіктенген Сартай  батыр сыр шектілерін көтеріп, 1790 жылы М.Хусайновтың керуенін тонап, өзін Ресейге кері қуады. Бұл оқиға туралы Ералы сұлтан 1794 жылғы 4-ші қаңтарда Екатерина ІІ-ге жазған хатында мəлімдейді [9; 166– 170]. Осыған қатысты, назар аударатын тарихи дерек: 1787 жылы қыркүйек айында Хобда өзенінің бойында Орынбор генерал-губернаторы барон О.А.Игельстромның ұйымдастыруымен Кіші жүз елінің старшындарының жиналысы болады. Бұл жиналыста генерал-губернатор О.А.Игельстромның Кіші жүз елін Қаракесек, Байұлы жəне Жетіру аталықтарына, яғни, үш ордаға бөліп басқару туралы ұсынысы өтіп, шешім қабылданады. Старшындар мен халықтың жалпы жиналысы əрбір «басты орданы» басқаратын старшындарды сайлайды. Қаракесек руына — Сегізбай би, Байұлына — Тормамбет би, Жетіруға Тіленші батыр старшын болып сайланады. Жаңа сайланған старшындарға барлық рудың үстінен қарау міндеті жүктеледі. Осы жиналыстың өтуіне басты  себепкер болған, халық алдында зор беделге ие болып, Нұралы ханға басты қарсылас бола білген Сырым батыр үш орданың да кеңесшісі болып сайланады. Сонымен бірге Көккөз би мен Қаратау би де старшын болып сайланады. Бірақ олардың атқаратын қызметі түсініксіз күйде қалған [11; 189].


Дегенмен жаңа сайланған старшындар басқару реформасын патша əкімшілігі ойлағандай етіп жүргізе алмайды. Басқару жүйесінің ойдағыдай жүрмеуіне қазақтарға белгілі айтулы билердің сайланбауынан көрген генерал-губернатор О.А.Игельстром өзінің реформасына қосымша пункт енгізуге мəжбүр болады. Барон О.А.Игельстром өзінің патшайым Екатерина ІІ-ге жазған мəлімдемесінде: «...басқаларға қарағанда өздері артықшылық халде боларлықтай қызмет жүктеу қажет» деп, өз ойын білдірген. 1787–1789 жылдар аралығында сайланған тексеру-басқару старшиналығына Əлім əулетінен Сартай би, Қаракөбек би, Мұратбек би тағайындалған. Байұлына — Сырым батыр, Қаратау би, Жетіру əулетіне Тіленші мен Жанболат батырлар сайланады. Бұдан басқа Сырым батырға «тархан» атағы берілген [11; 229, 230].


Бұл жиналысқа патша əкімшілігінің өкілі, сарай кеңесшісі А.Бекчурин мен Орынбор губерниясының бірінші ахуны, муфти Мухаммеджан Хусайнов та қатысады. Осы жиналыстан кейін старшындар өздері басқаратын рудың қожалықтары атынан патша ағзамға, оның өкіметіне адал болуға ант қабылдайды. 1786–1787 жылдардағы орыс-қазақ қатынастары туралы жазылған деректерде, осы жылғы ант беру құжатына басқа билермен қатар шекті руының он мың үйі атынан Сартай бидің де ант бергені туралы жазылған [11; 226]. Бұдан 1787–1789 жылдар аралығында тексеру-басқару старшиналығына сайланған Сартай батырдың əлі де тың екендігі байқалады.


Сартайдың батырлығымен қоса елге билік еткені осы деректерде анық көрінеді. Сартай батырдың билік ету ісіне араласқан ең алғашқы қадамы шектінің батыры Байғараның оққа ұшуынан басталған.


Байғара мен Əбілқайыр ханның баласы Нұралы сұлтанның арасындағы қақтығыс барысында Нұралы сұлтан «жау келіп қалды» деп, бар дауысымен айқайлап, атының басын елшілікке қарай қоя берген. Кешкі апақ-сапақта не болып қалғанын түсінбеген Ресей елшілігінің азаматтары қолдарына қаруларын алып, далаға жүгіріп шығады. Елшілікті қазақтар шапқалы жатыр, елшілерді түгел қырып тастамақшы деген хабарды күнде есітіп, үрей билеген елшілік адамдарының бірі Нұралыны қуып келе жатқан Байғара батырды көздеместен басып салады. Сұлтанның жау келіп қалды деп айқай салғанымен аңдамай атылған оқ қақ жүректен тиіп, батыр аттан құлайды. Қаптап келе жатқан жау жоқ екенін көрген орыс елшісі А.Тевкелев «атпаңдар» деп ақырып бұйрық береді. Осы кезде батырдың ізін ала жеткен серігі, өліп қалған Байғараны көріп, ой бауырымдап үстіне құлайды. Серігі батырдың денесін атқа өңгеріп алып кеткенше, сексиіп-сексиіп əр жерде тұрған елшіліктің адамдары не болып, не қойғанына түсінбей, осыдан кейін екі жақта тым-тырыс үнсіздік басады. Байғара батырдың денесін алып, жолай ауылды қоса көшірген қаралы көш болған оқиғаны хабарлау үшін, елге жаушы шаптырады. Қаралы көшті қарсы алған шекті елі батырдың денесін  арулап, азалап, қазіргі Арал ауданы, Сексеуіл стансасынан 5–6 шақырым жердегі Тебіренбес тауының басына жерлеген. Батырдың ажалы от қарудан болғанын бəрінің көзі көрген. Бірақ кімнің қолынан қаза болғанын көрген адам болмады. Байғараның жанындағы серіктері əуелгі қақтығыс Нұралы сұлтанмен болғанын хабарлайды. Сондықтан шектілер Байғарадай арысының құнын кімнен даулауды анықтау үшін, Сырлыбайдың баласы Жылқайдар батырды, Байжан бидің баласы Сартай батырды қасына екі жүз сарбаз қосып, күннің суықтығына қарамай, атқа мінгізген. Байғара батырдың оққа ұшқан күні, орыс елшісі А.Тевкелевтің күнделігінде 1731 жылы қарашаның 3-ші жұлдызы деп нақты көрсетілген [12; 105].


1732 жылғы наурыздың 6-шы жұлдызында, іңір қараңғысын жамылып, елшілік қосынына ағайынды Қара батыр мен Бəйімбет батыр келеді. Жақайым аталығының көгісінен тарайтын Бəйімбет пен інісі Торжымбайдың немересі Қара батырдың беймезгіл келуінің тегін емес екенін А.Тевкелев түсінген. Жасы да, жолы да үлкен Бəйімбет батыр түнделетіп келген шаруасын айтады. Шектілер Баби би, Бəтжан, Жантума би, Еспембет би, Өтеғұл би, Байжан би, Малыбай би, Өтеп батыр, Ақша батыр, Сартай батыр бастаған қолдың түгелдей атқа қонып, елді дүрліктіріп осында бастап келе жатқанын хабарлайды. Бірақ олардың қандай оймен келе жатқандарын білмейтіндерін, олар елші А.Тевкелевке сақ болу керектігін ескертуге келгендерін жəне де жолай табын Бөкенбай батыр мен тама Есет батырға соғып, осы хабардан құлағдар еткендерін хабарлайды. Бұл хабарды алысымен Бөкенбай мен Есет батырлар да іздеріне нөкерлерін ертіп, ертелетіп елшілік қосынына жетеді. Хабарды жеткізген Бəйімбет батыр мен Қара батырға А.Тевкелев алғысын білдіріп, сый-сияпат көрсеткен [12; 104].


Бөкенбай, Есет, Бəйімбет, Қара батырлар Тевкелевті ертіп, Əбілқайыр ханның ордасына келеді. Негізінен, Бəйімбет батыр мен Қара батырды Сартай батыр алдын ала хабаршы етіп өзі жіберген. Ондағы ойы, Əбілқайыр хан біздің ісімізге араласпасын дегенді ескерту еді. Бұл хабарды батырлар Əбілқайыр ханға ретін тауып жасырын айтады. Хан хабарды естіген бойда өзінің қарауындағы Мойнақ батырды шектілердің ауылына жаңа хабар əкелуге жұмсайды. Баруынан қайтуы тез болған Мойнақ батыр, шектілердің Байғара батырды атқан башқұртты атымызға өңгеріп берсін, болмаса Байғараның құнын төлесін деген талаппен келе жатқанын жеткізген. Мойнақтың хабарын естіген Əбілқайыр өзіне қарасты батырларын ортаға алып, А.Тевкелевке құн төлеуден басқа жол жоқ екенін түсіндіреді. А.Тевкелев те өз айтқанынан қайтпай, қайдағы бір басбұзар қарақшы үшін құн төлейтін жайым жоқ деген. Хан сөзін орыс елшісіне өткізе алмай, екеуі бір тоқтамға келе алмай жатқанда, Баби мен Жантума билер бастаған шекті қолының келіп қалғаны белгілі болған.


1732 жылғы наурыздың 9-шы жұлдызында Баби би мен Жантума би орталарынан екі кісіні А.Тевкелевке жұмсайды. Олар 1731 жылғы қарашаның 3-ші жұлдызында орыс елшілігінің адамдарының қолынан оққа ұшқан Байғара батырды атқан адамды тауып, атымызға өңгеріп бересің, не болмаса ата салтымызбен батырдың құны 100 жылқы, бір қалқан, бір жесір, бір сауыт, бір мылтық, бір түйе құн төлейсің деген талабын қояған. Егер орындамасаң, өз обалың өзіңе, елшіліктен бір де бір адамды тірі қалдырмаймыз деген. Көп ойланып отырмастан А.Тевкелев: «Былтыр күзде орын алған оқиғаға қазақтар өздері кінəлі. Елші қосынына ұрандатып, ат ойнатып шауып келу, беймезгіл уақытта тыныштығын бұзу нағыз бұзақы, қарақшының ісі. Осында келгелі мініс көліктерімізді қуып кету, елшілік адамдарына шабуыл жасау оқиғалары кездесті. Міне, осыдан зəрезап болған елшілік адамдары ат үстінде шауып келе жатырған бұзақыны тоқтатпақ ниетпен оқ атқан. Өкінішке орай, қаңғыған оқ дəл тиіп, қарақшы оққа ұшты. Оған біз кінəліміз деп есептемейміз. Байғара қараңғылық уақытты пайдаланып қарақшылықпен айналысты, заңсыз шабуылдар жасады. Қай замандардан бері бұндай бұзақыларды, ұрыларды, қарақшыларды қорғамайды, қайта оларды осындай жазаға кесетінін айтады, сіздердің елдеріңізде де солай болар деп ойлаймыз деген. А.Тевкелев қайдағы бір ұры-қары үшін өз адамдарын оның өтеуіне беруге үзілді-кесілді бас тартатынын, егер сол күні оның жанындағы серіктері қолға түскенде, оларды да сондай жаза күтіп тұрғанын [12; 105] хабарлаған.


Шектілерден келген екі елші А.Тевкелевтің сөзін тыңдап, тіл қатпастан аттарының басын кері бұрып, өз адамдарына қарай шаба жөнеледі.


Төбе басында шоғырланып қарап тұрған шекті елінің батыр-билері екі елшінің хабарын естіген соң, Баби би мен Жантума би: «Орыс мəмлеге көнбеді, ендігі билік өзіңде» деп, Сартай батырға қараған. Елден шықпас бұрын, егер екі жақ келісімге келе алмай, қақтығыс болатындай болса, қалған билікті Сартайға беретінін, Сартай батырдың айтуымен қимыл жасайтынын келісіп келген.


Көп ойланып тұрмастан, Сартай батыр елшілік қоныс тепкен аумақты айналдыра қоршап, іштен бірде-бір адамды шығармауды, отын, су, азық тағы басқа тірлікке қажеттілердің барлығын сырттан кіргізбеуді жасаққа бұйырған. Қоршауда қалған елшіліктің сыртпен байланысы үзілген. Екі жақ аңдысып, осылай 10 күн тұрған. Бұл жағдай əсіресе сырттан бақылап отырған Əбілқайыр ханға қатты батса керек. Шектілермен де арасын алшақтатып алғысы келмеген, бір жағынан, екі елдің арасында қан төгіліп, ушығып, соғыс өрті тұтанбауын ойлаған хан Сартай батырға табын Бөкенбай батырды жұмсайды. Бірақ Сартай батыр бұл іске ханның араласпауын, Байғараның құнын төлетпей  бұл жерден ешқайда кетпейтіндерін айтқан.


Бұдан кейін Сартай батыр тез арада шешім қабылдап, наурыздың 21-ші жұлдызында қолды екіге бөліп, Ақша мен Құл батырларды башқұрттарды шауып келуге жұмсайды [12; 106].


Бұл башқұрттар қарақалпақ тұтқынынан босап, А.Тевкелевтің өтінішімен қазақтардың арасында бір ауыл болып отырған болатын. Бірде-бір адамын өлтірмеңдер деген тапсырма алған шектілер қолы қатты қарсылыққа тап болады. Айқас таң атқанша созылады, қарсыластардың көбісі жарақаттанады.


Ақша мен Құл батырлардың башқұрттарды шабуға кеткенін естіген Əбілқайыр хан тағат тауып отыра алмай, Бөкенбай батырды нөкерлерімен сонда аттандырады. Бөкенбай батыр кеш жетеді, Бөкенбайдың нөкерлерімен келгенін көрген Құл батыр өзді-өзіміз бір-біріміздің қанымызды қайдағы бір башқұрттар үшін төкпейік деген оймен өз жасағын алып, башқұрттардың жылқыларын алдына салып қуып, бұл жерден кеткен. Бөкенбай батыр да шектілерге қарсы соғысқысы келмей, сол жерде жарақат алған шектінің үш адамын алып, ханға келіп, олардың башқұрттардың 46 жылқысын қуып кеткенін айтып келген. Бұны естіген А.Тевкелевтен маза кеткен. Бір Байғараның құнының үстіне шектінің тағы үш адамын қосып алса, не болмақ. Не болғанда да бұл үшеуі өліп қалмай тұрғанда беріп құтылайын деген ойын Əбілқайыр ханға жеткізген. Хан Бөкенбай батырды Сартай батырға жіберіп, А.Тевкелевтің де көп зиян шеккенін айтып, түсіністікке келуге, бітімгершілікке шақырған.


Құн төлеп құтылмаса, іс насырға шабатынын түсінген орыс елшісі де келіспеске амалы қалмай, осыдан кейін екі жақ бітімге келіп, А.Тевкелев шектілердің талабын қанағаттандырып, Бөкенбай батырдың алып келген үш адамын аман-есен қолдарына тапсырып, құнның көлемін үш жүз қырық жеті сом, елу алты тиынға бағалап, ақшалай есептеседі. Шектілер болса қуып əкеткен 46 жылқының 35 қайтарып, 11 өздерінің жараланған аттарының есебінен ұстап қалған. А.Тевкелев те олардан 11 жылқыны дауламақ түгіл, олармен бітімгершілікке келгеніне қуанып, ризашылықпен тарқасқан. Əбілқайыр хан да шектілердің намысты қолдан бермей, дегендеріне жеткеніне шүкіршілік еткен.


Міне, осы шекті батырының құнын даулауға Баби би мен Жантума бидің қатарында жасы жиырмадан жаңа асқан Сартай батырдың баруы оның бостандық пен еркін өмір салтын берік ұстанған тұлға екенін көрсетеді. Отаршыл орыс елшісін күштеп құн төлетуге көндіруі Сартай батырдың алған бетінен қайтпайтын қайсарлығын, батылдығын, қара қылды қақ жарған əділ би екендігін айқындай түседі.


Ғасырдан ғасырға, ауыздан ауызға тарап жеткен бұл оқиғаның желісі осындай. Бұл оқиға туралы орыс елшісі А.Тевкелевтің сол уақытта жазып қалдырған қызметтік жазба күнделігі сақталған. Одан өзге құжат көзі жоқ. Бірақ осы елдің қариялары бұл оқиғаны (негізгі желісі осы жерде болғандықтан) күні кешеге дейін айтып келген.


Би, батыр Сартай көріпкелділік жəне алдын ала болжау қасиеттерімен де ерекшеленген.


Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла би, ақын, дала данагөйі, пəлсапашы Мөңке би өлерінде «жаназамды Сартай би шығарсын» деген аманатын айтып кеткен көрінеді. Бірақ Мөңке би қайтыс болғанда Сартай батырға хабар тимеген.


Сезімтал Сартай би Алла жазса ақылгөй данамен жүздесіп, келуін сұрауды, о дүниелік болса ақтық сапарға өз қолынан аттандырып, жаназасын шығаруды ойлап, баласына өрісте жүрген ақ желмаяны алдыртып, жазылауды бұйырған. Ақ желмая арғы бабасы Асан Қайғыдан қалған ақ бураның тұқымы, жүрісі жайлы, ұзақ жолға шыдамды болған. Сартай батыр соңғы уақытта ислам дініне ден қойып, Софы Əзиз пірдің бел баласы Қосым қожадан дəріс алып, бақилық болғандардың жаназасын шығарып, батыр, би атағына молдалығы да қосыла бастаған. Ақ желмаяға мінген Сартай би батысты бетке алып, қыр шектісіне жол тартқан. Бірнеше күн жол жүріп, Мөңке бидің ауылына жеткен Сартай би желмаяны шөгеріп, түсіп жатып бұл елдің адамдарының аңтарылып бұған таңдана қарап тұрғанын аңдайды. Сартай би ақылгөй, дана Мөңке бидің үйіне қарай асығыс жүреді. Ел ақсақалдары  бұған  қарсы  жүріп,  амандық-саулықтан  кейін  Мөңке  бидің  о  дүниелік      болғанын естіртіп, көңіл айтады. Көріпкел əулиенің «жаназамды жақайым Сартай би шығарсын» деген аманатын қоса жеткізеді. Мөңке бидің көріпкелділігіне талай куə болып жүрсе де, жиналған ел үшін мынау таң қаларлық оқиға болады. Хабарсыз жеткен Сартай бидің тегін адам емес екенін халық мойындаған.


Осы оқиғадан кейін Сартай би əулиелігімен, қара қылды қақ жарған əділдігімен, хақ жолын берік ұстаған адалдығымен, əрі дана адамгершілігімен ел жұртына кеңінен танылады. Тіпті өзбек, қарақалпақ, қырғыз, түрікпен жұрты оны «көкірегі пəк адам» деп құрметтеген. Себебі Сартай би елге өзі келіп тиген жау болмаса, жау іздеп жорыққа шығуды қолай көрмеген. Барымта, ел араздығын тудыратын, ел бірлігін бұзатын кез келген келеңсіз оқиғалардан аулақ болуды халқына насихаттап, бірлікке шақырып, ислам дінін уағыздаған. Сартай бидің болашақты айнытпай болжайтын ерекше қабілет иесі Мөңке биді өз қолынан ақтық сапарға аттандырғаны туралы аңыз ауыздан ауызға таралып, кейінгі ұрпақтарына жетті.


Сондай-ақ, ел аузында, бірде Қосым қожа, төртқара Дəулет бақсы, жақайым Сартай батыр үшеуі Қызылдың құмында келе жатып, алдарынан шыға келген қоянды көреді. Қоян да бұлардан үрікпей, арқан бойы жерде көрініп тұрған сексеуілдің түбіне жата кетеді. Сонда ат тізгінін тежеген Қосым қожа: «Мен өлгеннен кейінгі бейітім анау қоян жатқан жер, сен Сартай оң жағыма, Дəулет сол жағыма жайғасарсыңдар» деген екен.


Жасы ұлғайып, əбден қартайған Сартай батыр дүниеден озар шағында ағайын-туыстарымен, балаларымен араздасып, қоштасып: «Мені Қызылқұмдағы Қосым қожаның оң жағына жерлеңдер» деген. Қыс мезгілі болса керек, таңдана қараған балаларын түсінген əкесі: «Қорықпаңдар, мені ақ бураға артып басын бос қоя бер, межелі жерге сол жеткізер» дейді. Қайтпас сапарға аттанған баба сүйегін қыстың саршұнақ аязына қарамастан, ақ бура Қызылқұмды бетке алып, қаралы топты бастап желе жортқанда, күн райы бірден сынып, сіреу қар ери жөнелген. Ешқандай қиындықсыз Қосым қожа бейітіне жеткен қаралы топ Сартай денесін жер қойнына тапсырып, қайтуға жиналғанда, қыс қаһары қайтадан күшіне мінген (баба құдіретіне таңданбасқа лажың жоқ. — Ж.К.)


Кезінде Қаздауысты Қазыбек би Сартай батырға аталық мейіріммен сынай қарап: «Үш жүзге аға болғалы тұрған бала екенсің, есімің ақырға дейін барар», — деп разылығын білдірген. Сол айтқандай, үш ғасыр өтсе де Сартай батырдың есімін ұрпақтары ұмытқан жоқ. Бабамыздың ерлігі, айтқан билігі осы күнге дейін жетті. Осындай құдіреттің иесі Сартай батыр қазақ тарихында ең алдымен он бесінде қол бастаған кемеңгер қолбасшы, қаһарман батыр, ел басқарған көсем, ақыл-ойдың алыбы, киелі де қасиетті көріпкел əулие ретінде мəңгі қалмақ.


Əдебиеттер тізімі


Қосжанов Н. Сартай батыр дастаны / Өңд. Ө.Жолымбетов. — Алматы: Қаржы-қаражат, 1997. — 13-б.

Жақып Жұмабай. Сартай батыр дастаны // Сыр бойы. — 2000. — 8 шілде. — 3-б.

Əйтенова К. Сартай батырдың мөрі // Толқын. — 2008. — 27 ақп. — 3-б.

Қазақстан: Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Ə.Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энцикл. бас ред., 1998. — 471-б.

Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп тұқияннан өзіме шейін. — Алматы: Жалын, 1993. — 416 б.

Тынышпаев М. Великие бедствия: Ақтабан шұбырынды. — Алматы: Жалын, 1992. — С.

Казахско-русские отношения в ХVІ–ХVІІІ вв.: Сб. документов и материалов. — Т. 1. — Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1961. — С.

Əбдуов Қ. Жанқожа батырдың мылтығы // Дала мен қала. — 2008. — 14 тамыз. — 24-б.

История Казахской ССР: Науч. изд. — Т. 1. / Ред. кол. М.О.Ауезов. — Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1957. — С.

Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. — Алматы: Санат, 1993. — 655 с.

Вяткин М.П. Батыр Срым. — Алматы: Санат, 1998. — 343 с.

История Казахстана в русских источниках ХVІ–ХХ вв. — Т. 3: Журналы и служебные записки дипломата А.Н.Тевкелева. — Алматы: Дайк-Пресс, 2005. — 482 с.

Реферат: Азамат соғысының кеңестік дəуірдегі тарихнамасы
Мəшһур Иманжүсіптің өмірбаян деректері жəне шығармашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу