Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Жамбыл Жабаев өмірі мен шығармашылығы
Жамбыл Жабаев (1846-1945жж.)
Жамбыл қазіргі Жамбыл облысында, шу өзенінің бойындағы Жамбыл тауының етегінде 1846 жылы ақпан айында туған. Әкесі Жапа кедей шаруа болған. Жамбыл жоқшылық тұрмыста өседі. Ес білген соң әкесі оны ауыл молдасына оқуға береді. Ол кездегі оқудың үйрететіні – көбіне діни насихат, ұрып-соғу, дүрелеу болатын. Бірақ молданың мұндай қорлығына шыдай алмай, Жамбыл оқуды тастап кетеді. Жаратылысынан пысық, зерек бала оқып білім алмаса да, жастайынан ән мен өлеңге құмар болады, ақындық өнерді сүйеді, ауызекі естіген өлеңдерін жаттап алып жүреді.
Руға, атаға, бай мен кедейге бөлінген ол кездегі ауыл ішінде Жамбыл кейбір ақындардың байларды мақтайтынын, керісінше, бірсыпырасының еңбекші халық мүддесін жақтайтынын көреді. Жас Жамбылдың алғашқы өлеңдері Жетісу бойына атағы жайылған Сүйінбайға қатты ұнайды, ол бала ақынға көп ақыл береді, сөз өнерін сүйе білуге баулиды.
Сүйінбай Аронұлы жас ақынның талантын көріп: «...Балам, өз өлеңіңді шығар, бірақ оның жұрт жаттап алатын, ешкім ұмытпайтын елең болсын, сенің өлеңің жеке адамдардың көңілін көтеріп, солардың сүйініп отыратын өлеңі болмасын, бүкіл халық сүйіп тыңдайтын өлең болсын. Көмекейің емес, жүрегің сөйлейтін болсын. Шындықты айт, әділдікті жырла, көне, тозығы жеткен жолға түспе, жаңа жол, тың жолға, даңғыл жолға түс, төңірегіңде не болып жатыр, соны аңғар, соны біл», - депті.
Ақындық өнерді сән үшін емес, қарапайым халықтың мұңын мұңдап, оғын жоқтау үшін пайдалану қажет екенін түсінген Жамбыл өзінің алғашқы ірілі-уақты өлеңдерінде-ақ байларды мінеп-шенеп отырады. Әсіресе Досмағамбетпен айтысында мұндай әлеуметтік теңсіздік тақырыбын ақын тереңнен қозғауға ұмтылады. Жамбыл өз өлеңдерінде бай мен билердің, төрелердің елге жасаған қиянаттарын әшкерелейді, халық мүддесін өз өлеңдеріне арқау етеді.
Қазақтың ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерінен көп үйренген Жамбыл өзінің өлең шығару шеберлігін де, айтыстағы шеберлігін де арттыра түседі. Жамбыл айтыста Сарбас, Досмағамбет, Құлмамбет сияқты бірсыпыра ақындарды жеңген. Айтыс ақыны болып жүріп мысқылшыл уытты өлеңдерді табанда айтып тастауға машықтанады және жырларында өз заманындағы ақындардың көбінен озық екенін танытады.
Байлардың, патша әкімдерінің ақындық талантты тұншықтырмақ болған әрекеттеріне Жамбыл батыл қарсы шығады. 1913 жылы Алматы уездік әкімдерінің Николай Романов патшаның тұқымын мақтап жырла деген бұйрығын орындаудан бас тартады.
ХІХ ғасырдың 70-80 жылдарында Жамбыл белгілі ақын болады. Бұ кезде ұсақ өлеңдермен қатар, көлемді жырлар да шығарады. Патша династиясының 300 жылдығына арналып Алматыда көрме ұйымдастырылады. Көрмеге қазақ байлары ақ үйлерін тігіп, қымбатты дүниелерін қойып, жасауларын жияды. Қазақ байлары мен әкімдерінің бұл жағымпаздық қылықтарын шенеп, Жамбыл «Өстепкеде» (көрмеде, орыстың «выставка» деген сөзінен алынған) деген өлең шығарады.
Үйсін, найман саңлағы,
Өстепкеде жиылдың.
Елде жүрген Егейлер
Қалада құр үйілдің.
Ұлық көрсең ұйлығып,
Желді күнгі қамыстай
Жапырылып иілдің
Келтірдіңдер намысты,
Бек қорланып күйіндім.
Жоқшылықтан, қаналудан азып-тозған бейшара кедейлердің аянышты хәлі Жамбылға зор әсер етеді. Ол еңбекші халыққа себім, пайдам тисе екен деп ойлайды, солардың мүддесіне лайық өлең жырлар шығарады.
1916 жылғы көтеріліс кезінде Жамбыл халықпен бірге болып, патшаның майдандағы қара жұмысқа адам алу туралы жарлығына қарсы үгіт айтады. Ел арасындағы толқуды көрген патша әкімдері халықты алдап, үгіт таратады. Бұған қазақ ақындарын да тартпақ болады. Осы мақсатпен патша әкімдері ел ішіндегі бір топ ақынды, ішінде Жамбыл да бар, Алматыға айдап әкеліп, ат қораға қамап қойып қорқытып, патшаның жарлығын қолдап жыр айтыңдар дейді.
Осы оқиға жөнінде Жамбыл:
Үгіт айт, патшаны мақта деді,
Болып жатқан соғысты жақта деді.
Жыр айтсаң, құдай менен пайғамбарды айт,
Онан басқа жырыңды таста деді, -
дейді.
Сөйтіп, әкімдердің бұл бұйрығын Жамбыл бастаған бір топ ақын орындамайды. Бір жеті қамап күштесе де, айтқанын істете алмаған патша әкімдері бұларды босатып жіберуге мәжбүр болады.
Халықтың азаттық көтерілісін патша үкіметінің жазалаушы отрядтары қарулы күшпен аяусыз басты. Көтеріліске қатысқан, оған басшылық еткен адамдарды қолға түсіріп, жазалап, атып-асып отырды. Бұл ауыр күндерді өз көзімен көрген Жамбыл «Зілді бұйрық», «Патша әмірі тарылды» атты өлең-жырларын шығарды.
Бір жағынан, патша әкімдерінің, екінші жағынан, бай мен болыс-билердің қуғынына ұшырап, талан-таражға түскен халық қатты күйзеліске ұшырайды. Бұл кезде жасы 70-ке жетіп қалған Жамбыл өлеңнен қол үзеді.
Революция туралы Жамбыл «Менің бақытым» деген әңгімесінде: «Мен шыңыраудан шығып, тамаша гүлдерді, жұпар иісті шөптерді, қыруар араларды, сымбатты үйлерді көрдім. Мен нағыз күнді көрдім. Таудың асыл тасындай таза ауада дем алдым. Менің жаным да алма ағашындай гүлдеді. Көзім жұлдыздай жайнап, кеудемді шаттық кернеді. Өлеңдерім Іле өзеніндей тасыды. Сен жасардым, 18 жасар жігіттей шығыма келдім», - дейді. Революция әкелген «тәуелсіздік пен бостандық» тек Жамбылдың ғана емес, бүкіл езілген еңбекші халықтың қуанышы болды.
20-жылдары Жамбыл бастаған халық ақындары қазақ аудандарындағы құрылыс жұмыстарына белсене араласып, жаңа бостандық өмірді шаттық сезіммен жырлайды. «Қазақстан тойына» (1924), «Замана ағымы» (1927) атты ұзақ жырларында жамбыл қазақ еңбекшілерінің қол жеткен жеңістерін жырлайды.
1929 жылы Жамбыл колхозға мүше болып, өзі қайтыс болғанға дейін ол Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Жамбыл атындағы колхозда тұрды.
1936 жылы Жамбыл халық өнерпаздарының республикалық слетіне қатынасып, ақындық жарысқа түседі. Осы слетте Жамбыл жыр, толғаулар шығарады.
Сол жылы Мәскеуде қазақ өнерінің онкүндігі өткізілді. Жамбыл осы онкүндікке қатысып, осы сапарда «Халықтың сәлемі», «Дастархан жыры», т.б. жырларын айтып, таратты.
Жамбылдың ақындығы бүкіл жұртшылыққа бірден танылды. Халық поэзиясын өркендетудегі еңбегін айрықша бағалап, кеңес өкіметі осы жолы Жамбылды Еңбек Қызыл Ту орденімен наградтады.
Бұл құрмет, сый, қамқорлық Жамбылдың ақындық шабытын өрлетті. Бұл жылдары көптеген өлең-жырлар шығарды.
1937 жылы грузин халқының ұлы ақыны Шота Руставелидің туғанына 750 жыл толды. Одақтың барлық халықтары бұл мерекені зор құрметпен атап өтті. Грузияда болған салтанатты жиынға Қазақстан делегациясының басы болып Жамбыл қатысты. Қарт ақын бұл сапарында көп жерлерді көріп, туысқан Грузия халқының ақыны Шота Руставели туралы, Отан туралы, «Кавказға», «Ақынға», «Кавказға сәлем», «Өмір жыры» деген өлеңдерін шығарды.
1938 жылы мамыр айында Жамбылдың ақындық қызметінің 75 жылдық мерекесі өткізілді. Бұл күндері Жамбылды Кеңес Одағының барлық халықтары құттықтады. Шетелдердің прогресшіл мәдениет қайраткерлерінен де құттықтау телеграммалар келді. Мереке бір жағынан халқымыздың сан алуан, бай өнерінің, өсіп-өркендеген мәдениетінің зор айғағы болды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Жамбылды Ленин орденімен наградтады.
1938 жылы КСРО Конституциясы негізінде Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш сайлауы өткізілді. Жамбылды осы сайлауда халық Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлады. Жоғарғы Кеңесінің 15-шілдедегі бірінші мәжілісін Жамбыл ашты.
Соғыс қарсаңында Жамбыл Москваға тағы да барып, ондаған оқу, өндіріс, мәдениет орындарымен танысады. Ақынның бұл кездегі бірсыпыра өлеңдері «Правда» газетінде басылады. Бұл өлеңдері туысқан республика халықтарының тілінде және шет тілдерге де аударылады. 1939 жылы үкімет Жамбылды Құрмет Белгісі орденімен наградтады.
Жамбыл өзінің Кеңес Одағының әрбір маңызды оқиға мен әрбір қол жеткен табысқа үнемі ақындық үнін қосып отырады.
«Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты тарихи тақырыпқа арналған поэмаларын ақын асқан шабытпен, жаңа мән, мағына беріп жырлады. Ақын ол екі поэмасын да бүгінгі заманмен, бүгінгі өз сезімі, өз қуанышымен аяқтайды. 1941 жылы үздік шығармалары үшін Жамбылға Мемлекеттік сыйлық берілді.
Соғыс жылдарын Жамбыл жалынды, өткір өлеңдерімен халқымызды бейбіт елімізге тұтқиылдан тиген жаудан кек алуға жігерлендірді.
Өмірінің соңғы жылдарында жиі науқастанған Жамбыл 100 жасқа аяқ басқанда, 1945 жылы 22 маусымда қайтыс болды.
1946 жылы Жамбылдың туғанына жүз жыл толуын республикамыз үлкен мереке етіп өткізді. Жамбыл шығармаларының академиялық жинағы басылды. Кейінгі жылдарда ақын еңбектері бірнеше рет орыс тілінде басылып шықты. Ғалымдар Жамбыл поэзиясының ерекшеліктерін зерттеп, ғылыми еңбектер жазды. Жамбыл үйі мұражайға айналдырылды. Байтақ Отанымыз бен шетелден келген қонақтар осы мұражайға келіп, ақынның өмірімен танысады, шығармаларын оқиды.